АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл жасап, Трамп «үлкен әскери операциялар» жүріп жатқанын мәлімдеді.
АҚШ пен Израиль Иранға бірлескен әскери шабуыл жүргізді. АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің әлеуметтік желісінде жариялаған бейнежазбасында «үлкен әскери операциялар» басталғанын растады.
Израиль Қорғаныс министрі бұл шабуылды Тегеранға «алдын ала соққы» деп сипаттады. Иран да ұшқышсыз аппараттар мен зымырандар арқылы жауап қайтарып жатқаны хабарланды.
Шабуылдар Иранның бірнеше қаласында — Тегеран, Исфахан, Қом, Карамшах және Каражда — байқалды. Тегеран қаласының үстінде түтін қалқып тұрған видеолар таралды.
Бұған қоса, Иранның кейбір мемлекеттік сайттары мен ақпарат агенттіктері кибершабуылдарға ұшырап, интернет қызметтері істен шыққан.
Трамп Иранның зымыран бағдарламасын дамытуға тырысқанын, оның Еуропа мен АҚШ әскери базаларына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты. Ол Иран ядролық қаруға ие болмауы керегін, ал АҚШ бұл елді «радикалды диктатурадан қорғану үшін» қуатты операцияға кіріскенін айтты.
Израиль премьер-министрі халыққа үндеу жасап, Иран режимінің ядролық қарумен жабдықталмауы тиіс екенін мәлімдеді. Ол Израиль мен АҚШ әрекетінің ирандық халыққа өз тағдырын қолға алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Бұған дейін Иран мен Израиль арасындағы соңғы әскери қақтығыс бір жылға жетпей, 12 күндік соғыс ретінде есте қалған еді. Сол соғыста Иранның әуе қорғанысы әлсіреген және негізгі ядролық нысандары зақымданған.
Қазіргі шабуыл АҚШ пен Израиль тарапынан ядролық келіссөздерге қысым көрсету мақсатында жасалған деп бағаланып отыр. Иран болса шабуылға жауап қайтаратынын айтып, әскери дайындықты күшейтті.