• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қараша, 07:51:10
Алматы
+12°

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бизнес өкілдерімен 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасын талқылау бойынша кездесу өткізді.

Іс-шараға қала кәсіпкерлері, оның ішінде түрлі қызмет салалары бойынша ірі, орта және шағын бизнес өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен Алматы кәсіпкерлер палатасының басшылары қатысты.

Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Кездесуді ашқан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бизнес-сала өкілдерінің стратегиялық құжатты талқылауға қатысуының маңыздылығын атап өтіп, қаланың бизнес ахуалын жақсарту мақсатында одан әрі табысты ынтымақтастыққа үміт білдірді.

– Биылғы жылдың 21 қаңтарында мемлекет басшысы бизнес-қауымдастықпен кездесіп, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындады. Президент Қ.Тоқаевтың ШОБ қолдау және дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес біз кәсіпкерлік қоғамдастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін пікірталас алаңдарын құрып жатырмыз, – деді Б. Сағынтаев.

Іс-шара барысында Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мұрат Ахметов 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасын таныстырды.

– Тұжырымдаманың маңызды басымдықтарының бірі адал бизнесті дамыту болып табылады. Тұжырымдама жобасында бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуге ынталандыру көзделеді. Корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға ерекше назар аудару қажет, – деп атап өтті Мұрат Ахметов.

Кездесу соңында қатысушылар пікірлерімен бөлісіп, парасатты бизнесті ынталандыру бойынша ұсынылған нұсқаларды талқылады, Тұжырымдама жобасына ұсыныстар енгізді. Бизнес-қоғамдастықтың барлық идеялары мен ұсыныстары ескерілетін болады.

Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Кездесуді қорытындылай келе, Алматы әкімі Б.Сағынтаев Тұжырымдама жобасын қалалық газеттерде жариялауды және «Almaty» ТА алаңында пікірталас алаңын құруды тапсырды. Мемлекеттік органдардың, азаматтық сектордың және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері әзірленіп жатқан құжатты кеңінен талқылауға және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мақсатында оның қағидаларын кейін іске асыруға тартылатын болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір