Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаңтар оқиғасына байланысты тергеу жұмыстарының барысы туралы хабарлады.
Оның сөзінше, тәртіпсіздіктерге 12 ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысқаны анықталған.
– Олардың ішінде ішінде ең белсенділері – "Дикий Арманның" тобы, "Қазақстандықтар" және "Айшуақ-Жантүгел" топтары. Ұйымдасқан қылмыстық топтың 23 мүшесі қамауға алынды. Олардың ішінде 4 қылмыс авторитеті бар. Бұл қылмыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушыларды анықтау және жауапқа тарту үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Бүгінгі таңда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және қатысу бойынша 547 адам күдікті ретінде танылып, олардың 269-ы қамауға, – деді Елдос Қилымжанов.
Ол қаңтар оқиғасы кезіндегі әуежайға, полиция департаментіне, "Қазаэронавигация" ғимаратына жасалған шабуыл, Алматы қаласы әкімдігінің алдында ұйымдастырылған тәртіпсіздіктер секілді жекелеген оқиғаларға байланысты баяндама жасады.
Сондай-ақ Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстары Ұлттық қауіпсіздік комитеті және полиция департаменттерін, Алматы әуежайының ғимаратын тастап кету фактілері бойынша тергеу жалғасып жатқанын жеткізді.
Пікір қалдыру