• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 16:55:51
Алматы
+35°

Ел Конституциясына енгізілгелі жатқан өзгерістер мен толықтырулар бойынша өтетін референдумға тура 10 күн қалды.

Референдум барысында елдегі басты құжаттың 33 бабына жасалатын 56 өзгеріске халықтың пікірі бір ғана сұрақпен анықталмақ. "Қазақстан Респуб­ли­касы заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықты­руларды қабылдайсыз ба?" деген сұраққа "иә" немесе "жоқ" деп қана жауап беруге болады. 56 өзгерістің бірін қолдап, біріне қарсы болсаң да таңдайтын басқа нұсқа жоқ. Мұның салдарынан азаматтар жауап беруге қиналып, олардың пікірін объективті түрде бағалау қиынға соғуы мүмкін. Алайда билікті азаматтардың пікірі қызықтыратыны шамалы сияқты. Өйткені 56 түзетуді жасауға қоғам өкілдері, тәуелсіз сарапшылар қатыстырылмады. Биліктің өз эксперттері әзірлеп, дайын күйінде ұсынды.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова 56 түзетудің әрқайсысын референдумға шығару артық шығынды қажет етеді дейді. Ол 56 өзгерісті 12 тармаққа бөлуге болатынын айтады.

  1. Президенттің лауазымына байланысты шектеулер;
  2. Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық нормаларды алып тастау;
  3. Жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау;
  4. Кейбір адамдардың лауазымда болуына байланысты шектеулер;
  5. Өлім жазасын жою;
  6. Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құру;
  7. Құқық қорғау институттарын күшейту;
  8. Конституциялық сот құру;
  9. Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесін өзгерту;
  10. Заңдарды қабылдау жүйесін өзгерту;
  11. Мәжбүрлі еңбекті қолдану мүмкіндігі;
  12. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту.

Билік осы 12 тармақтан тұратын өзгерістер пакетіне "Жаңа Қазақстанды" құруға бағытталған саяси реформа, президенттің құзыретін шектеп, парламентті күшейтетін қадам деген мазмұнда баға беріп жатыр. Алайда мұндай мәлімдемелерге қарсы уәждерін айтып жатқан сарапшылар аз емес. Тіпті түзету мәтініне қарап-ақ, президент құзыретін шектейтін баптар көп еместігін, басым функциясы өзгеріссіз қалып, тіпті кей тұста күшейетінін аңғаруға болады.

43-баптың 4-тармағындағы "Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ" деген жаңа өзгерісте президент туыстарына байланысты нақты шектеу бар. Сол баптың 3-тармағындағы "Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс" деген өзгеріс те мүдде қайшылығын тудырмас үшін дұрыс сияқты. Алайда Қазақстанда президент сайлауына кандидаттар тек саяси партия немесе ұйым атынан ғана ұсынылатындықтан, президенттің партияда болмауы, өзінің билікке келуіне жағдай жасаған партиядан, топтан толықтай қол үзетінін білдіреді дегенге сену қиын.

Ал 44-баптың 4-тармағы тіпті президенттің құзыретін кеңейте түседі. Оған сай, президент сенат келісімін алып, Конституциялық соттың төрағасын, Ұлттық бан­к, Жоғары сот кеңесінің төрағаларын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің төрағасын тағайындау, орнынан алу құзыретін иеленеді. Аталған тармақтың бұрынғы редакциясында президентте Конституциялық сот (бұрынғы кеңес - ред) пен Жоғары сот кеңесінің төрағасын тағайындау, орнынан алу құзыреті болмаған.

Сондай-ақ президент Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен екі мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның (бұрынғы есеп комитеті) төрағасы мен үш мүшесін тағайындау (44-баптың 7-тармағы), мемлекеттік кеңесшіні тағайындау (44-баптың 19-тармақшасы), облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімін тағайындау (87-баптың 4-тармағы) құзыреттерін сақтап қалғалы отыр.

Референдумдағы анық, айқын, басы ашып мәселе болса, ол – экс-президентке ерекше құзырет берген нормаларды Конституциядан алып тастау. Мәселен, Ата заңның 44-бабы 5-тармағы – "Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды" дегендегі соңғы сөйлем алынып тасталады.

Бұдан бөлек, "Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады" деген 46-баптың 4-тармағы Конституцияның жаңа редакциясында мүлде жоқ.

Алайда президент өз құзыретін толық сақтап тұрғанда Конституциядағы Елбасы туралы нормалардан бас тарту билік айтып жатқан реформаның өзегі – суперпрезиденттік жүйеден, мықты парламент жүйесіне өту үшін жеткіліксіз.

Конституцияны өзгертуге бағытталған 56 өзгерту мен толықтырудың толық нұсқасы төмендегідей:

 

 Коллаж 24.kz сайтынан алынған

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: референдум

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір