– Біз арқаны кеңге салмай, барлық салада темірдей тәртіпті сақтауымыз керек. Елге қатер төнсе, кез-келген сәтте тойтарыс беруге дайын болуымыз қажет. Туған жердің шебін күзетіп, тұтастықты сақтау – әр азаматтың міндеті. Мұны жете түсінуге тиіспіз. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті борыш, жоғары жауапкершілік. Сіздер осы жауапкершілікті терең сезініп, елдігіміздің тұғырын нығайтуға зор үлес қосып жүрсіздер. Отанымызды қорғау үшін күндіз-түні қызмет етіп келесіздер. Жас сарбаздар, ең алдымен, сіздерге қарап бой түзейді, үлгі-өнеге тұтады. Сондықтан, генерал деген айбынды атқа дақ түсірмей, офицердің ар-намысын биік ұстау аса маңызды, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел тәуелсіздігін, бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін елдің қорғаныс әлеуетін дәйекті түрде нығайтып, бүкіл күштік құрылымдардың қызметін жетілдір бағытында жұмыс жалғасатынын айтты.
– Ұлттық мүддеміз бен қоғамдағы тұрақтылықты қорғайтын барлық азаматты әлеуметтік тұрғыда кешенді қолдау қашан да мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Күштік құрылымдардың тиімділігі, ең алдымен, басшылықтың, яғни, генералдардың кәсібилігіне негізделген. Адамдардың өмірі мен тағдыры, қоғамдық тәртіп, елдің игілігі мен тұрақты дамуы сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге байланысты, – деді ол.
Пікір қалдыру