Қолданбалы саясаттану және халықаралық зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әміребаев «Капитал» іскерлік ақпарат орталығының сайтына осындай тақырыппен мақала жариялады. Ресей саясаты мен онымен одақтас елдердің экономикалық ахуалы бүгінде өзекті тақырыптардың бірі екенін ескеріп, сол мақаланы қазақ тілінде назарларыңызға ұсынамыз.
Жекелеген әлемдік орталықтардың энергия көздері бағасын құлдырату және кейбір «ойыншыларды» әлемдік экономикалық аренадан ысыру салдарынан туған экономикалық дағдарыс Қазақстанға да әсер етпей қоймады және ел алдына ішкі, ыртқы экономикалық саясатын қайта қарастыру мәселесін қойып отыр. Ендігі уақытта біздің ел экстенсивті, көп бағытты және көп жағдайда түсініксіз бағытта дами алмайды. Бұрынғы көпвекторлы және көптарапты дипломатия елдің өзекті басымдылықтары мен экономиканың дамуын қамтамасыз ететін жекелеген жобаларға қарай икемделуі тиіс. Ел басшылығы осы қиын жағдайда даму жолдарын қарастыруда. Осы жағдайда біз еларалық байланыстар мен мемлекеттің түрлі халықаралық ұйымдар мен бастамалар құрамында болу жүйелеріне объективті, тіпті, сындарлы ұстанымда болуымыз қажет.

Бұған мысал ретінде біздің Еуразиялық интеграцияға қатысуымыз бен Қазақстанның өңірлік еңбек бөлісі мен қазіргі заманғы экономикадағы жай ғана қатысушылықтан да ауқымды талпыныстарын айтуға болады. Батыстың санкциялық қыспағында қалған «Ресейді аяғынан тұрғызудың путиндік сынақтары» жағдайында біздің алдымызға солтүстік көршімізбен дәстүрлі достық қатынастарымызға жаңа міндеттер жүктелуде.
Осы ретте ресейлік саяси-экономикалық доктринаны өзіміздікіндей қабылдап, әлемдік ықпалы күн санап кеміп бара жатқан Ресеймен аяғына дейін бірге бару қажет пе деген сауал өзінен-өзі туып отыр. Қарапайым өзін-өзі сақтау инстинкті бізді сыртқы экономикалық стратегияларымызды әртараптандыру туралы ойландыруы тиіс. Мұны көршілеріміз бен ескі достарымыз дұрыс түсінеді.
«Суға батқан адамды құтқару – сол батып бара жатқан адамның өз жұмысы!». Оның үстіне осы уақытқа дейін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) алаңында қалыптасқан экономикалық жағдайдан шығудың еларалық үйлестірілген стратегиясы ұсынылмады. Бұл бірлестіктің сауда саяатындағы ұлттық мүдделердің ескерілуін айтпағанда, санкцияларға қатысты саясатты үйлестіру мәселелеріне де, көрші елдер мен мұнай өндірушілердің мұнай бағасының құлдырауы, ұлттық валюталардың девальвациясы жағдайындағы саясатқа да қатысты.
Өкінішке орай, біресе шығысқа бұрылған болатын, біресе, антибатыстық коалиция құрмаққа талпынатын Ресей өзінің экономикалық субъектілеріне де, адал одақтастарына да нақты геостратегиялық және экономикалық бағыт ұсынбай отыр.
Аталған жағдайда посткеңестік экономикалық тағдыр біріктірген «Ресей достарының» өз бетінше күн көруге, қалыптасқан геосаяси тығырықтан және күрделі экономикалық қиындықтан шығуға талпынып жатқаны анық көрінеді. Қазақстан да мұндай әрекеттерге баруда. Ел басшылығы «Нұрлы жол» антикризистік стратегиясын жасады. Бұл құжат декларативті сипатқа ие және орындалуы күмәнді Кремль мен Пекин арасында өткен жылдың мамырында жасалған ЕАЭО мен Жібек жолы экономикалық белдеуін жақындастыру туралы келісімге қарағанда барынша шынайылыққа ие. Өйткеіні, Қазақстанның ұлттық көліктік-логистикалық стратегиясына сай барлық көліктік құрылымдары Оңтүстік-Шығыс азиядан Еуропалық одақ елдеріне үздіксіз дәліз қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, көптеген бағыттар Ресейді айналып өтетініне назар аудару керек. Себебі, солтүстік көршіміз өзінің шығыстағы да батыстағы да көршілерімен кең ауқымда әріптестік орнатуға дайын емес. Бұған қазіргі уақытта тек Ресей тарапынан тоқтатылып отырған Батыс Қытай-Батыс Еуропа автомобиль дәлізі жобасын мысал ретінде айтуға болады. Алайда, Қазақстан бұл жобаны өз аумағында аяғына жеткізуге ниетті. Әрине, қазіргі заманғы деңгейдегі аталған автомобиль жолы ұлттық автомобиль жолдарының жағдайын жақсартуға, ішкі тауар айналымы мен Қытайдан Еуропаға тиімді дәліз жасауға ықпал етуде. Алайда, бұл жоба әубастағы жоспарға сай жетілген жоқ. Сондықтан, әу дегенде Қытайдың Ляньгюань портынан Еуропалық одақ (ЕО) шекарасына дейінгі жалпы ұзындығы 8445 шақырымды (оның 2787 шақырымы Қазақстан аумағын басып өтеді) құрауы тиіс аталған дәліз іс жүзінде батыс Қытай мен батыс Қазақстанды ғана жалғастырып отыр.
Онсыз да қиын ахуалды Ресейдің Түркиямен қарым-қатынасы одан әрі күрделендіріп отыр. Ресейлік әріптестер жақында Қазақстан мен Түркия тауарларының Ресей арқылы тасымалдануын шектеуге әрекет жасағанын білеміз. Осының салдарынан біздің ел ол жүктерді Ресейді айналып өтетін жолдармен тасымалдауға мәжбүр болып, уақыт пен қаражат тұрғысынан шығын шекті. Алайда, Ресейдің бұл қылығы ЕАЭО келісімдеріне, атап айтқанда, ЕАЭО мүшелерінің еркін тауар транзиті туралы құқықтарына қайшы келеді.
Қазақстанның ЕО елдері, Украинамен сауда-экономикалық қарым-қатынастары да осындай шектеулер мен бюрократиялық қиындықтарға ұшырауда. Ресейдің біржақты қабылданған шешімдерінің салдарынан одаққа мүше елдер өз елдеріне батыстан тауар әкелуде тығырыққа тірелді.
Осы сияқты бірнеше жағдайларға байланысты ЕАЭО форматы қазіргі таңда біздің ел үшін перспективалық даму мүмкіндігінен гөрі, біздің Еуроодақ елдерімен, Украинамен, Түркиямен сауда-экономикалық қарым-қатынастарымызға жасанды шектеу болып отыр және Қытаймен сауда-саттықты кеңейтуге кері ықпал етуде.
Қытай туралы да осы тұста арнайы тоқталып өткен жөн. Кедендік одақ келісімі күшінде болған уақытта қытайлық тауарлар елімізге Қырғызстан арқылы еркін жеткізіліп келді. Енді, Қырғызстанның ЕАЭО-ға мүше болуы бұл мүмкіндікті де шектеп отыр. Енді біз тиісті көліктік дәліздеріміз, шекарада «Қорғас-Шығыс қақпасы» сынды еркін сауда аймағы бола тұра, ЕАЭО кесірінен Қытай халық республикасымен тауар айналымының кемігенін көріп отырмыз. ЕАЭО-ның Ресей деңгейіне бейімделген кеден салығы біздің еліміздің халықаралық сауда-саттықты жандандыруына айтарлықтай кедергі келтіруде. Осылайша, посткеңестік еуразиялық кеңістік, Ресей мен Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше екендігіне қарамастан маңызды халықаралық сауда-саттық саласынан тысқары қалуда.
Бұл жағдай біздің экономикадағы дағдарыс құбылыстарын одан сайын күрделендіруде. Отандық экономиканы шикізаттық емес сектор есебінен дамыту экономикалық құрылымды әртараптандыруды, трансшекаралық сауда-саттық жолындағы барлық кедергілерді жоюды көздейді. Бұл – біздің экономикамызды сауықтырудың негізгі шарты. Сондықтан, Қазақстанның геосаяси нақтылықтар жағдайында біздің дербес экономикалық дамуымызды шектейтін жобаларға қатысуын тоқтата тұру мәселесі ақылға қонымды болар еді. Әңгіме ең алдымен, ЕАЭО-ға мүшелікті кем дегенде Ресейдің Батыспен және біздің стратегиялық әріптесіміз Түркиямен қарым-қатынасы тұрақталғанға дейін тоқтата тұру туралы болып отыр.
Еуразиялық одаққа мүшелік тоқтатылса, Қазақстан экономикасының екінші тынысы ашылар еді. 2013 жылдың қыркүйегінде Астанаға келген сапарында қытай басшысы мәлімдеген Жібек жолы белдеуін дамыту бүгінде әлемдік қыспаққа ұшыраған ресейлік бағыттарға баламаға зәру. Мысалы, Ираннан экономикалық санкциялардың алынып тасталуына байланысты Қазақстан үшін «Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Парсы шығанағы» теміржол дәлізі жаңа мүмкіндік болмақ. Оның үстіне жақында ғана Иран, Түркімения мен Қазақстан басшылары тиісті теміржол бағытын іске қосқан болатын.
Сонымен қатар, Батысқа тауар шығаруға мүдделі Қытай үшін «ЕО-Украина-Грузия-Әзірбайжан-Қазақстан-Қытай» көлік дәлізін жүзеге асыру да тиімді болар еді. Мұны Қазақстанның одақтасы Ресейден сырт беруі деп емес, дағдарыс кезеңіндегі халықаралық бәсекелестік талаптарына сай экономиканы қорғаудың жаңа мүмкіндіктер іздеуі деп түсіну керек. Яғни, «жеке бақталастық жоқ, тек қана бизнес» деген қағидаға сүйену қажет.
Бүгінде біздің ел тап болып отырған объективті әрі күрделі шындық осылар...
Орысшадан аударған Дархан Мұқан.