САТЫЛЫМҒА ШЫҒАРЫЛҒАН «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫНА» НЕГЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНАН 200 МЛРД БӨЛІНУІ КЕРЕК?

/uploads/thumbnail/20170708215648449_small.jpg

Қазақстан қор биржасының сайтында 8 ақпан күні жарияланған «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның (ҚТЖ) ресми хатында Ұлттық банктің бірінші облигациялық бағдарламаларының шығарғанын тіркегені айтылады. Құжатта облигациялық бағдарлама құны 200 миллиард теңгені құрағаны хабарланған. Forbes.kz ұлттық компания облигацияларының шығарылуы туралы сарапшылардың пікірін біліп, оны кім сатып алуы мүмкін екендігін сұраған.

Бақыт Ниязов, Real Invest Group директорлар кеңесінің төрағасы:

«Ұлттық компанияның қаржылық жағдайы өте қиын. ҚТЖ-ның қарыздарының көлемі өте үлкен, ал, тасымалдау көлемі азайып отыр. бұған қоса олар тарифтерді өсірген жоқ. Мемлекет осыған орай компанияға Біріңғай зейнетақы жинақтау қоры есебінен көмектескісі келеді», - дейді. Б. Ниязов қарызға белшеден батқан компанияны құтқарудың БЗЖҚ-дан басқа жолы жоқтығын айтады.

«Эковатт» ЖШС қаржылық директоры Саян Қомбаров ҚТЖ облигацияларын БЗЖҚ-дан басқа банктер мен сақтандыру компанияларының сатып алуы мүмкін деп санайды. Сондай-ақ, сарапшы компанияны құтқару үшін Ұлттық қор қаражаты да жұмсалуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.

«ҚТЖ-ның 200 млрд теңге көлеміндегі облигациялары қазақстандық жинақтаушылар мен кредиторлардың тарапынан қаржыландыру тартуға бағытталған. ҚТЖ-ның 2015 жылғы 30 маусымдағы аудитталмаған қаржылық есебіне сүйенсек, ұлттық компания ның Еуропа даму және қайта құру банкі (ЕДҚБ), Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) алдында айтарлықтай міндеттемелері және еурооблигациялары бар. Мысалы, 401,4 млрд теңгеге тең ол облигациялар 185 теңгелік бағаммен есептегеннің өзінде 2,2 млрд АҚШ долларына тең.  Осы есепте сонымен қатар, ҚТЖ мен ЕДҚБ арасында 2015 жылдың шілде айында қол қойылған 300 млн доллар көлеміндегі қарыз алу келісім шарты бары айтылады. Ол қарызды жабу мерзімі 2016 жылы аяқталады. Сондықтан облигациялық заем компанияға ұзақ мерзімді валюталық қарыздарды қайта қаржыландыруға, ағымдағы қажеттіліктерді қанағаттандыр үшін керек», - дейді Саян Қомбаров.

Ал, «BRB INVEST» ЖШС бас директоры Ғалым Құсайынов отандық коммерциялық банктер мен сақтандыру компаниялары ҚТЖ-ның облигацияларын сатып алуы екіталай екенін айтады. Яғни, ұлттық компания облигацияларын сатып алушы не мемлекет, не квазимемлекеттік сектор немесе БЗЖҚ болады.

«Қазір жеке секторда ірі көлемдегі қаражаттың болмауына байланысты жалғыз нұсқа Ұлттық қор немесе БЗЖҚ қалады», - дейді ол.

Оның айтуынша, облигацияларды сатылымға шығарудың негізгі мақсаты компанияның касалық алшақтықтарын қаржыландыру болып табылады. Ол ҚТЖ-ның 2015 жылғы 9 айдағы ағымдағы міндеттемелері 350 млрд теңгені құрайтынын, сондай-ақ, бұл ақша айналымы инвестициялық құрамды есепке алғанда 75 млрд-қа кем болғанын, шығыны 242 млрд-ты құрағанын айтады.

Forbes.kz жүргізген ҚТЖ-ның жылдық қаржылық есебінде компанияның 2014 жылы 1,4 трлн теңге көлемінде міндеттемелері болғаны айтылады. Оның 397,8 млрд теңгесі – несие түріндегі міндеттемелер екен. Бұдан басқа компанияның доллар және швейцариялық франк түрінде шығарылған 444,6 млрд теңге көлеміндегі еурооблигациялар бойынша да міндеттемелері бары айтылады.

Компанияның соңғы жарияланған (аудиттелмеген) қаржылық есебі 2015 жылғы 30 қыркүйекте жасалған. Ол кездегі доллар бағамы 270,4 теңге еді. Ұлттық валюта бағамының осынша құлдырауы компанияның валюталық міндеттемелерінің қысымына қатты әсер еткен. 2015 жылдың 9 айында ҚТЖ-ның өз капиталы 49,8 пайыздан 42,4 пайызға төмендеген. Осы уақыт ішінде компанияның банктердегі қарызы 20,6 пайызға артып, 480 млрд теңгені құраған. ал, еурооблигациялары 660,7 млрд теңгеге (48,6 пайыз) өскен. Компания жариялаған ресми хатта 2014 жылдың аталған кезеңінде 242,2 млрд шығын мен 15 млрд теңге пайда көргендігі айтылған.

 Яғни, теңгенің құлдырауы компанияның сыртқы міндеттемелерін одан әрі күрделендіре беретіні сөзсіз. Ал, жекешелендіру бағдарламасы бойынша сатылымға шығарылған, басқару менеджменті тиімсіз ұлттық компанияның басына төнген қатерден құтылудың жолын ел үкіметі тек ұлттық қор мен зейнетақы жинақтарынан ғана көретін секілді.  

Жомарт Абдоллаұлы

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар