«Мәжіліс сайлауы» аталатын саяси доданың алғашқы кезеңі – үміткерлерді ұсыну процесі де аяқталып қалды. Еліміздегі ресми тіркелген 7 саяси партияның алтауы бүгінде өз үміткерлерінің тізімін жасап, орталық сайлау комиссиясына тапсырды. Енді 20 ақпан күні саяси үгіт жұмыстары басталмақ.
Үміткерлер арасында саяси үгітті қыздыратын, сайлаушылардың саяси белсенділігін арттыруға оң ықпал ететін саяси әдістің бірі – үміткерлер арасында өткізілетін пікір таластар. Сайлаулар қарсаңында жекелеген үміткерлер мен саяси партия серкелері арасында пікір таластар ұйымдастыру тәжірибесі әлемдік саясатта мықтап орныққан дәстүр. Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тан бастап, Еуропаның дамыған елдері президенттік, парламенттік сайлаулар алдында түрлі тақырыптарда пікіп-сайыстар ұйымдастырып тұрады. Бұл дәстүр біздің ел үшін де жат емес. Президенттік сайлауларда оппозициялық партиялар атынан түскен кандидаттар басты қарсыластарын бірнеше мәрте теледебатқа шақырған еді. Президенттіктен үміткерлер арасындағы пікір таласпен мақтанбасақ та, Мәжіліс сайлауларының алдында Қазақстанда бірнеше рет теледебаттар ұйымдастырылғанын айтып өту керек. Ең алғашқысы, қателеспесек, 2007 жылғы парламент сайлауының қарсаңында «Хабар» арнасынан екі тілде көрсетілді. Бұл дәстүр 2012 жылғы Мәжіліс сайлауында да жалғасын тапты.
Алайда, ол пікір таластардың ұйымдастырылу сапасы, қатысушыларға берілетін мүмкіндіктер, көрсетілім уақыты мен мерзімі сынды мәселелер өз алдына бөлек талдауды қажет етеді. Біздегі теледебаттардың кемшіліксіз емес екенін олардың тікелей эфирде түсіріліп, көрсетілмейтінінен-ақ білуге болады.
Сонымен, биылғы додада да билік саяси теледебат ұйымдастыра қалса, саяси партиялар ол пікір таластарға кімді қосады? Қандай мәселелерді көтереді? Осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітіп көрейік. Сайлау науқаны жариялана салысымен бірінші болып, съезд өткізген, ең көп үміткер ұсынған бас партия «Нұр Отаннан» бастайық. Алдыңғы Мәжіліс сайлауында партиядан төрағаның сол кездегі орынбасары Нұрлан Нығматуллин қатысты. «Ақ жолдан» Азат Перуашев, ЖСДП-дан Жармахан Тұяқбай, «Ауылдан» Ғани Қалиев, ҚХКП-дан Владимир Косарев, «Әділеттен» сол кездегі төраға орынбасары Уәлихан Қайсар, патриоттар атынан ОК мүшесі Гүлдана Нұрпейісова қатысқан еді. Биылғы сайлауға елдегі саяси партиялар біршама өзгеріспен келіп отыр. Патриоттар мен «Ауыл» бірікті, «Әділет» пен «Руханият» партиялары «Бірлік» болып құрылды. Яғни, алдыңғы теледебаттан бұл жолғының қатысушылар құрамында біраз айырмашылық болады деген сөз. «Нұр Отанның» тізгінін ұстаған Асқар Мырзахметов ел арасында салмақты саясаткер. Екі тілде де еркін сөйлей алады. Бірақ, билік партиясы қазақы кейіпке еніп, теледебатқа әнші Бекболат Тілеуханды да қосып жіберуі мүмкін. Алдыңғы теледебаттарға Бекболат жыраудың қатысқанын ескерсек, бұл жорамалды жоққа шығара алмайсыз.
«Ақжолдан» партия жетекшісі Азат Перуашевтің жарыс сөзге шықпай қалуы мүмкін емес. Оның қазақша еркін сөйлей алмайтын олқылығын партия тізіміне қосылған ақын Қазыбек Иса толтыра салады. ЖСДП серкесі Жармахан Тұяқбай екі тілде еркін сөйлейтін саясаткер. Бірақ, қазақ тілінде көсіліп сөйлеуге, эфирге берілген аз уақытты тиімді пайдалану үшін партия үміткерлерінің бірі, журналист Ермұрат Бапи қолайлы болатын сияқты. Тіпті, Жармахан Тұяқбай жолын Уәлихан Қайсарға беріп, теледебатқа Ермұрат Бапи екеуін шығарса, тиімді саяси жүріс болар еді. Біріккен құрамда Мәжіліс сайлауына алғаш қатысқалы отырған «Бірлік» пен «Ауылдан» теледебатқа кім шығып, не айтса да ешкімді елең еткізе қоймайтын сияқты. Себебі, ол партиялардың өзі де, жетекшілері де ел арасында үлкен танымалдыққа ие дей алмаймыз. Бұл партиялардың құрамында зор саяси харизма иелері болмаса да ел анда-санда теледидардан көріп тұратын Ғани Қасымов пен Алтыншаш Жағанова да жоқ қазір. Алайда, спикерлердің қарасын көбейту үшін саяси технологтар басқа да жарапазаншыларды қоса салуы қиын шаруа емес.
Өте қалған жағдайда ол теледебаттардың тақырыбын, пікір таластыру ережелерін билік өзі бекітіп беретіні сөзсіз. Тақырып ауанын да шамамен болжап отырмыз. Ғаламдық дағдарыс, одан шығу жолдары, «Нұрлы жолды» жүзеге асыру, тіпті, имандылық пен әдеп мәселелері де сөз болып кетуі мүмкін. Олай дейтініміз, тікелей саяси өзектілігі болмаса да өткен теледебаттың бір кезеңі «Адам капиталы» деген тақырыпқа арналған еді. Сондықтан, саяси құрал ретінде бұл дебаттан да тақырыптық тұрғыда көп дүние күтудің қажеті жоқ. Тек, сұрақ-қою, жауап беру сәттерінде Ермұрат Бапи, Уәлихан Қайсар сынды «қыңыр-қисық» үміткерлер ойындағысын айтып, сөз жарыста билікке қолайсыз «ойран» салуы мүмкін.
Жомарт Абдоллаұлы
Пікір қалдыру