Алматыда арендалық тұрғын үйлер салуда заңсыздықтар орын алған

/uploads/thumbnail/20170708220047233_small.jpg

«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Қоғамдық кеңес Алматыда жалдамалы тұрғын үй құрылысы барысында бірқатар заң бұзушылық әрекеттердің орын алғандығын анықтады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Онда күн тәртібіне Ұлттық қор тарапынан «Жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының жұмсалуын тексеру мәселесі қойылды. 

Кеңес мүшесі Борис Жапаров өткен жылдың соңында өткізілген отырыстардың бірінде Жұмыс тобының «Жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражаттың жұмсалу тиімділігін тексеру бойынша қорытынды есебі тыңдалғандығын еске салды.  Сонда бірқатар құрылыс компаниялары Жұмыс тобының тұжырымымен келіспеген екен. 

«Шағымданушылардың талабы бойынша келесі күні Мәслихат депутаттары мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге, жаңадан салынып жатқан «Жас Қанат» ықшам ауданының аумағына барды.

Сонда құжаттарына қол қойылып, пайдалануға беруге дайын үйлерді қайта тексеру барысында құрылыс-құрастыру және әрлеу жұмыстары барысында одан да көп бассыздық әрекеттердің болғандығы әшкереленді. Одан басқа, құрылыста заңсыз жұмысшылардың істеп жүргендігі және қауіпсіздік техникасының сақтала бермейтіндігі анықталды», - деді Б. Жапаров. 

Ол сондай-ақ, салушы компаниялардың салынып жатқан тұрғын үйлердің сметалық құнының төмен екендігін айтып шағымданғанын да айтты.

«Оларды тендерге қатысуға ешкім мәжбүрлеген жоқ. Бұл халықтың ақшасы ғой. Сондықтан, қабырғалары қисық, сылағы жарылып кеткен пәтерлерді қабылдауға болмайды», - деді ол.

Алматы қалалық құрылыс басқармасының өкілі Азамат Рахимов өткен жылы Алматыда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 15 тұрғын үйдің пайдалануға берілгендігін және биыл тағы 13 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланғандығын айтты. Ал аталған кемшіліктердің көктемге қарай түзетілетіндігіне уәде берді. 

«Маған құрылыс басқармасының ұстанымы түсініксіз. Неге дер кезінде шара қолданылмады? Мұндай үйлерді қалай қабылдауға болады? Қоғамдық кеңестің мүшелері құрылыс компанияларын таңдау шарасына өте жауапкершілікпен қараулары тиіс. Бұдан былай да Кеңес мүшелері құрылыс жұмыстары барысын қатаң бақылауға алып, осы бағытта билікпен тығыз жұмыс атқаратын болады», - деді Қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов. 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар