Қазақ жігітін әлемдік компания жұмысқа шақырды

/uploads/thumbnail/20170708222302692_small.jpg

Қазақстандық программист жігіт Әлібек Датбаевты әлемдік Booking.com. компаниясы өзінің бас кеңсесіне жұмысқа шақырып отыр, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Әлібек қонақүйлерді брондау бойынша әлемдегі ең ірі сайт саналатын Booking.com-ға жұмысқа орналасу мүмкіндігіне қалай ие болғаны туралы айтып берді. Айтуынша, Әлібек жұмысқа тұрар алдында үш рет сұхбаттасу кезеңінен өткен.

Ал, жалпы бұл компанияға қазақ-түрік лицейінің түлегі 2015 жылдың қарашасында техникалық қызметкерлер үшін ұйымдастырылған ғаламдық жарысқа қатысқан кезде тап болған.

«Hackerrank.com деген алаң бар. Booking.com сол жерде байқау ұйымдастырды. Қатысушыларға қиындық деңгейі әр түрлі тапсырмаларды шешуге белгілі бір уақыт берілді. Оған әлемнің әр елінен 500 шақты үміткер қатысты. Мен де солармен бірге берілген тапсырмаларды сәтті орындадым. Үш күннен кейін маған Booking.com компаниясына жұмысқа орналасу үшін Skype арқылы әңгімелесуге шақырған хат келді. Маған төрт бөліктен тұратын үй тапсырмасын және оны шешуше 75 минут берді. Ол тапсырманы ойдағыдай орындаған соң, мені Амстердамдағы Booking.com-ның кеңсесінде өтетін бес сағаттық қорытынды әңгімелесуге шақырды», - дейді Әлібек Датбаев.

Төрт күнге барған Әлібектің жол жүру, жатын орны мен тамағының шығынын компания көтерген. Қорытынды әңгімелесуден де сәтті өткен бағдарламашы жігітке компания жұмыс ұсынған. Алғашқы айдағы пәтерақысын да Booking.com есебінен төлеген. Бұған дейін Әлібек интернет жобалармен көп әуре-сарсаңға түскенін айтады. Қазір компаниядан келіншегіне де жұмыс қарастырып жатқан көрінеді.

«Мені Амстердам таң қалдырды. Мұнда бірінші болуым. Кеңселері керемет және мұнда жұмыс кестесіне қадалып отырған ешкім жоқ. Саған тапсырма қояды, сол тапсырманы берілген уақытта орындауың керек. Бұл компанияда әлемнің әр түкпрінен 800 бағдарламашы жұмыс істейді. Бірнеше қазақстандық та бар екен», - дейді Әлібек Датбаев.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар