Бүгін Үкімет 2016 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын қайта қарады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Онда әлемдік нарықтағы жағдай, мұнай бағасының көтерілмеуі сынды бірнеше себептерге байланысты Үкіметтің біраз жоспарларына өзгерістер енгізу жайы қарастырылып, ағымдағы жылға арналған жаңа болжам бекітілді.
Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев биылғы жылы жоспарланып отырған ішкі жалпы өнім көлемінің 0,5 пайызға кемитінін айтты.
«Біз 2016 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа болжамдарын бекіттік. Соған сай, мұнайдың бағасы барреліне 40 доллар кезінде ІЖӨ өсімі 2,1 пайыз деп жоспарланса, мұнай бағасының 30 долларлық сценарийіне қарап отырып, ол 0,5 пайыз болады деп ойлаймыз. Соған қарамастан біздің жағдайымыз жаман болмайды», - деді Үкімет жиынынан соң журналистерге сұхбат берген Е. Досаев.
Министр сондай-ақ, Ұлттық банк болжамдары бойынга инфляция деңгейі де бұрынғыша сақталатынын айтады.
«Бұл шамамен 6-8 пайыз айналасында болады. Өнеркәсіп саласында, әрине, тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемінің шамамен 5 пайызға төмендеуі болады. Өңдеуші өнеркәсіпте де шамамен 1,4 пайыз, ауыл шаруашылығында 3,5 пайыз өндіріс көлемінің қысқаруы байқалатын болады. Осы айтылғандар жаңа жоспарларға өзек болды. Енді 2016 жылға арналған республикалық бюджетке енгізіледі», - дейді ұлттық экономика министрі.
Үкімет ағымдағы жылдың бюджетіне доллар бағамының да болжамын өзгертіп отыр. Соған сай, былтыр қараша айында бюджетке 300 теңге болады делінген доллар бағамы 360 теңгеге өзгертілді. Сондай-ақ, барреліне 40 доллар болады деп жоспарланған мұнай бағасы да 30 долларға төмендетілді.
Пікір қалдыру