Ratel.KZ сайтында жақында қазақстандық мұнай өндіру, экспорттау және өңдеу саласындағы бірқатар құйтырқылықтарды әшкерелеген мақала жарияланды. Онда елімізде өндірілетін мұнайдың бір бөлігі ресми саудадан тысқары қалып, «қара базар» айналымына түсетіні айтылады. Жасырын саудаға шығып, бюджетке түсетін салықтарды айналып өтетін ол өнімдер көлемі жүздеп, мыңдап емес, миллион тонналап саналатын көрінеді. Осы жерде соның барлығын рет-ретімен айтып өтсек.
Басылым ресми статистикалық мәліметтерге жүгіне отырып елімізде 2014 жылы 80,8 млн тонна мұнай өнідіріліп, оның 62,4 млн тоннасы экспортталғанын, ал, 16,38 млн тоннасы ел ішінде өңделгенін айтады. Ал, қалған 2,02 миллион тонна мұнайдың қайда кеткені белгісіз. Ratel.KZ мұнша мұнайды 120 тонналық теміржол цистернасына құйса 17 мың цистерна шығатынын айтады.
2015 жылғы көрсеткіштерден де осындай құйтырқылық анықталған. Өткен жылы 79,5 млн тонна мұнай өндірілсе, оның 61,3 млн тоннасы экспортталып, ел ішінде 14,6 млн өңдеуге жіберілген. Мұнда да 3,6 млн тонна айырма шығып отыр. Бұл да жоғарыдағыдай өлшеммен санасақ 30 мың цистернаға жүк боларлық өнім.
Осы ретте өндірілетін және экспортқа шығарылатын мұнай көлемі жыл сайын кемігенімен, әлгі қайда кетіп жатқаны белгісіз «қалдық» мұнай көлемі бір кемитін емес, қайта өсе түсуде.
Осы мәселені індете зерттеген басылым Қазақстан мұнай өнімдері нарығындағы тағы бір көлеңкелі саланы анықтаған. Жоғарыда аталатын жоғалған мұнайдың бір ұшығы авиациялық отын саудасынан шығатын секілді.
2011 жылы мұнай нарығындағы заңсыз айналымды тыю мақсатында «Мұнай өнімдері мен мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін өндіру, өңдеуді мемлекеттік реттеу туралы» заң қабылданған. Осы заңға сәйкес, сатылатын барлық мұнай өнімдері қатаң есепке алынып, салық органдарының қадағалауында болады. Сатылатын, жөнелтілетін әрбір мұнай партиясына ПИН-кодтар беріліп, мұнай өнімдерінің жүк құжаттары (МЖҚ) жасалады және ол құжаттар сауда-саттық жасалған күні жүкпен бірге жүреді. Заң осыны талап етеді. Міне, қазақстандық әуе компанияларына авиациялық отын жеткізуде осы МЖҚ құжаттарын ұсынбау оқиғалары тіркелген. Атап айтқанда, қазақстандық BEK AIR компаниясы өздеріне жеткізілетін авиа отынның 30 пайыздайына ғана МЖҚ берілгенін айтып, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроға шағым жазған. Онда әуе компаниясы өзінің Алматы, Астана, Ақтөбе, Орал қалаларындағы әуежайларда алған жанармайға аталған құжаттардың тіркелмегенін айтады. Компания тұтынатын отын көлемі де аз емес. 2014-2015 жылдары бір ғана BEK AIR компаниясы 5 мың тонна отын тұтынған.

Егер, осындай заң бұзушылықтар басқа да әуе компанияларына жеткізілетін мұнай өнімдеріне де қатысты болатын болса, есепке алынбаған мұнай өнімдерінің ауқымы мақала басында айтылған 30 мың цистернаға барып қалуы ғажап емес. Өйткені, BEK AIR-дан басқа AIR ASTANA, SCAT, QAZAQ AIR, ірілі-ұсақты басқа да әуе компаниялары, әскери, арнайы авиация мекемелері де жылына бәленбай тонна авиа отын тұтынады.

Ratel.KZ әуе тасымалдаушы компанияларға өнім жеткізуші мердігерді де атап отыр. Ол – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрылымдық бөлімшесі «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ-ның еншілес компаниясы «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС. Басылым өткен жылдың қазан айында Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жазылған шағымның әлі күнге нақты бір шешім таппағанын айтады. Керісінше, BEK AIR компаниясының басына қара бұлт үйіріліп, олар Азаматтық авиация комитетінің шабуылына ұшырады. Мемлекеттік орган компанияны IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығынан аудит өтуге мәжбүрлемекке әрекеттенген еді. Қоғам тарапынан қатты қарсылыққа ұшыраған бұл бастама кейін аяқсыз қалды. Бірақ, бұл BEK AIR мәселесі біржола шешілді дегенді білдірмесе керек. Компания алған бетінен қайтпаса, мемлекеттік органдар тарапынан тағы да қыспаққа алынуы мүмкін. Яғни, қара базарда мұнай саудалап, ресми есеп-қисапты айналып өтушілердің қаншалықты ықпалды екенін осыдан-ақ бағамдай беруге болады...
Жомарт Абдоллаұлы