Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға сапары барысында «Гранд парк» сауда орталығында болып, бизнес нысанының жұмысымен танысқаны белгілі. Сол сауда орталығын салған құрылысшылар бүгін еңбекақыларын даулап наразылық акциясын ұйымдастырды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Tengrinews.kz – ке сілтеме жасап.
Алматыдағы Алтынсарин даңғылы мен Қабдолов көшелерінің қиылысында ашылған сауда орталығын салуға қатысқан субмердігер компаниялардың 60-қа тарта жұмысшысы жалақыларын беруді талап етуде. Олар өткен жылдың қараша айынан бері еңбекақы көрмегендерін айтып отыр.
«Үш ай бойы «Гранд парк» ғимаратын салдық. Нысан құрылысын уақытында бітіру үшін күн-түн демей жұмыс істедік», - дейді құрылысшылардың бірі Қайрат Закереев.
Мердігер компания басшылығы болса, атқарылған жұмыс үшін тапсырыс берушілер толық есептесіп болмағанын айтып, ақталуда.
«Біз осы жердегі «Алтын базар» ғимаратының құрылысында болдық. Бастапқыда субмердігер ретінде жұмыс істедік, кейін бас мердігер ретінде шақырылдық. Барлық жұмыстар сауда орталығын өткізетін уақытқа үлгіру үшін жылдам салынды. Біз жұмысты аяқтауға жақындағанда тапсырыс берушілер тарапынан шағымдар пайда бола бастады. Біз барлық шағымдарды шешіп, нысанды өткіздік. Бірақ, атқарылған жұмыстар туралы актіге әлі қол қоймай отыр», - дейді мердігер компания «СК-Групп НС» ЖШС жетекшісі Нижат Базаков.
Н. Базаков 60 жұмысшының алдындағы қарыз 10 миллион теңге көлемінде екенін айтқан. Сонымен қатар, алынған құрылысқа қажет материалдардың ақысы да төленбеген.
«Гранд парк» әкімшілігі болса, жұмыстың сапасыз әрі уақытынан кешігіп атқарылғанын айтуда.
«СК-Групп НС» пен «Кантри-строй» проблема туғызып отыр. Бүгінге дейін уақытында төлем жасалып келд. Бірақ, қазіргі уақытта атқарылған жұмыстар туралы актілер жабылмады. Орындаушылық құжаттама әлі күнге дейін ұсынылмады. «СК-Групп НС» директоры телефонға мүлдем жауап бермейді. Жұмыс көлемі тапсырылмады. Бұл олардың өз жұмыстарымен ішкі мәселелері. Біз солардың сапасыз жұмысы үшін шығынға баттық. Олар жұмыстарын толық атқармай, нысанды тастады да кетіп қалды. Мұндағы жұмысты басқа адамдар аяқтады. Бізде 100-ден астам мердігер компаниялар бар. Бірақ, солардың бірімен мәселе болмапты», - деп отыр «Гранд парк» сауда орталығының әкімшілігіндегілер.