Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Біріңғай зейнетақы жинақтаушы қорына шоғырланған зейнетақы салымдарын экономиканы сауықтыруға бағытталған шараларға жұмсауға, тұралап қалған банктерді қолдауға бағыттау туралы тапсырма бергелі ел ішінде алаңдаушылық пайда болды. Қарапайым салымшылар да, білікті экономистер де зейнетақы жинақтарын Үкіметтің бұлай оңды-солды жұмсауының ақыры ауыр зардаптарға әкеп соғады деп дабыл қақса, Үкімет айналасындағылар мұны бұрын-оңды болмаған көреген шешім деп ақтауда.
БЗЖҚ-дан бизнес пен банктер үшін бөлінгелі отырған 200 миллиард теңгенің ендігі тағдыры туралы Halyk Finance компаниясының басқарма мүшесі Мұрат Темірханов «Капитал» іскер ақпарат орталығына пікірін білдіріпті. М. Темірханов зейнетақы жинақтарын бизнес пен банктерге бағыттау олар үшін біршама тиімді шешім болғанымен, салымшылардың өзіне тиімсіз болады деп отыр. «Қамшы» порталының оқырмандары үшін сарапшының айтқандарын қазақ тіліне аударып ұсынып отырмыз.
- Мұрат, Ұлттық банктің баспасөз қызметі жақында БЗЖҚ жинақтарын басқару Ұлттық қор активтерін басқару тетігіне балама түрінде жүзеге асатынын айтқан еді. Сіздің ойыңызша, қор жұмысын басқаруда қандай өзгерістер орын алмақ?
Негізгі өзгеріс ретінде ендігі уақытта БЗЖҚ жинақтарын инвестиуиялаумен Ұлттық банк емес, Ұлттық қорды басқару жөніндегі Кеңес айналысатынын айтуға болады. Осыған орай 2015 жылдың қарашасында Елбасының тиісті жарлығы шықты және осы жылдың басынан бастап зейнетақы қоры салымдары бойынша шешімдерді осы кеңес қабылдайтын болады.
Алайда, бұл зейнетақы қорының активтері Ұлттық қордікіндей инвестицияланады дегенді білдірмейді. Бұл тұрғыда ештеңе өзгере қойған жоқ.
Ұлттық қор мен БЗЖҚ инвестициялау қағидалары әр түрлі. Қарапайым тілмен түсіндерер болсақ, Ұлттық қор жүмысының маңызы мынада. Мұнай бағасы жоғары болып тұрған кезеңде қорға түскен артық қаражат экономикадан шығарылып, шетелдік валюталық активтерде сақталады. Сосын сыртқы факторлар салдарынан елде дағдарыс жағдайы орнағанда әлгі ақша экономикаға көмек ретінде қайта әкелінеді. Ұлттық қор қаражаттарының сенімді қаржы құралдарына салынуына байланысты мұндай активтердің пайыздық және дивидендтік кірісі төмен болады. Мәселен, бір жылдан артық мерзімге салынған АҚШ мемлекеттік құнды қағаздарының кірісі 1 пайыз шамасын құрайды.
Енді зейнетақы жинақтарын инвестициялау туралы айтсақ. БЗЖҚ активтері тек салымшылардың мүддесіне сай инвестициялық кіріске қол жеткізу үшін қаржылық құралдармен сауда жасау арқылы жүргізіледі.
Бұл жерде мен «тек салымшылардың мүддесі үшін» дегенді баса айтып отырмын. Яғни, ақшаның қайда салынатыны маңызды емес, маңыздысы оның сақталуы және барабар инвестициялық кірістің болуы. Біздің жағдайда «барабар» сөзі мұндай кірістің зейнетақы жинақтары тұтынушылық мүмкіндіктерін жоғалтып алмайтындай инфляция деңгейінен жоғары болуын білдіреді.
-Ақпан айында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Ұлттық қор банктердің 200 млрд теңге болатын шартты облигацияларын орналастыру мүмкіндіктерін қарастыратынын айтты. 100 млрд теңге экономкианың басым бағыттарына, қалғаны әзірге белгісіз басқа салаларға бағытталатынын айтты. Сондай-ақ, БЗЖҚ салымдарымен қарыздарды қайта қаржыландыру және айналымдағы қаражатты толықтыру жоспарлануда. Сіздің ойыңызша бұл схема қаншалықты тиімді?
Үкіметтің БЗЖҚ банктердің облигацияларын сатып алады және осы қор қаржысынан шағын және орта бизнесті несиелендіреді деген шешімі қордың инвестициялық стратегиясының мақсаттарына сай келмейді. Қор салымшылары үшін банктердің алған ақшаны қалай жұмсайтыны мааңызды емес. Оларға мыналар маңызды. Біріншіден, зейнетақы қоры активтерінің қанша үлесі банктік облигацияларды сатып алуға жұмсалады (яғни, БЗЖҚ портфелі қаншалықты диверсификацияланған)? Екіншіден, бұл банктер қаншалықты сенімді? Үшіншіден, облигациялар бойынша мөлшерлемелер нарыққа қаншалықты сай келеді? Соңғы пункт бойынша салымшылар үшін тәуекелдерге берілетін өтемақының маңыздылығын атап өту керек. Яғни, банктің несиелік рейтингі қаншалықты төмен болса (сәйкесінше тәуекел де жоғары), мұндай банктердің облигациялары бойынша кіріс те жоғары болуы керек.
-Ерболат Досаев кәсіперлердің БЗЖҚ-дан ақшаны алу тәртібі туралы да айтқан болатын. Оның айтуынша, банктер зейнетақы қоры ақшасына нарықтық мөлшерлеме бойынша араласатын болса, мемлекет мұндай мөлшерлемелерді кәсіпкерлер үшін субсидиялайтынын, тенгелік ресурстар кәсіпкерлер үшін 9-10 пайыз мөлшерінде болады. Осы бастаманы түсіндіріп берсеңіз.
Министр мұны айтқанда, мынаны ескерген. Егер банктер кәсіпкерлерге нарықтық бағамен несие берсе, оның бір бөлігін мемлекет субсидиялайды, яғни, несие мөлшерлемесі шағын және орта бизнес үшін 10 пайыздан аспауы тиіс. Мемлекет субсидияны тікелей банкке емес, кәсіпкерге бағыттап отырады.
Бұл схемада Үкімет пен зейнетақы қоры салымшылары арасында түсінбеушілік туады. Облигациялар бойынша пайыздық мөлшерлеме жоғары болған сайын салымшылар үшін тиімді. Ал, Үкімет жоғары мөлшерлемені субсидиялау үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлуге мұқтаж болады.
Яғни, БЗЖҚ қаржысын үкімет қайда жұмсайтынын өзі шешетін жағдайда салымшылар үшін тиімсіз шарттар жүзеге асады.
Қазіргі жағдайда біз салымшылар инвестициялық тәуекелдер үшін өтемақы ала алмайтынын көріп отырмыз. Ал, зейнетақы қорын басқару Ұлттық банктен Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске көшкені қор инвестицияларындағы жағымсыз жағдайды оңалта қоймады. Жағдайды түбегейлі өзгертетін жол – зейнетақы жинақтарын басқаруды бірнеше жеке инвестициялық компанияларға беру. Мемлекет басшысы бұл туралы тапсырма берген болатын тек оның әлі күнге жүзеге аспай отырғаны қынжылтады.
Жеке инвестициялық компаниялар мемлекеттік бюджет дефицитіне алаңдамайды, өндірісті, шағын және орта бизнесті қаржыландырамыз ба, әлде, құрылысқа ақша құямыз ба деп бас қатырмайды. Олар үшін ең бастысы инвестициялар тәуекелі мен олардың кірістілігінің тепе-теңдігін іздеу. Сол арқылы зейнетақы қорларының салымшылары жинақтарын жоғалтпайтын жағдай жасау, инвестициялық кіріске қол жеткізу.
Дайындаған: Дархан Мұқантегі
Пікір қалдыру