Бүгін Қарағандыда жемқорлық қылмыстарға қатысы бар делінген бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов және 11 адамның апелляциялық шағымын қарау бойынша сот отырысы өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Сотталғандардың қорғаушылары жасаған мәлімдемелер тыңдалған соң, прокурорлар қорытынды әзірлеуге қосымша уақыт сұрап, судья ертеңгі сағат 15.00-ге дейін үзіліс жариялаған.
Бүгін таңертең басталған сот отырысына Серік Ахметов те, бас бостандығынан айыру жазасы кесілген басқа тұлғалар да қатыспады. Апелляциялық сот оытырысына қорғаушылар мен бас бостандығынан шартты түрде айрылғандар ғана қатысты.
Серік Ахметовтың қорғаушысы Николай Лесник экс-премьердің өзіне тағылған айыптармен еш келіспейтінін, алайда, Қарағанды облысының әкімі, премьер-министр лауазымында жүргенде бірқатар лауазымды тұлғалардың бюджет қаржысына қол салғанын қадағалай алмағандығын мойындайтынын айтты.
«Менің қорғауымдағы С. Ахметов Елбасының артқан сенімін ақтамаймын деп еш ойламаған. Сондықтан, ол болған жағдайға байланысты жауапкершіліктен қашпайды және болған жағдайға байланысты кінәсі барын мойындайды, оған шын қынжылады», - деді Н. Лесник.
«Біздің қорғауымыздағы С. Ахметов Қарағанды облысының әкімі, сондай-ақ, премьер-министр лауазымын атқарған кезде жекелеген тұлғалардың Қарағанды облысы аумағында жасалған заңсыз әрекеттері салдарынан мемлекет мүддесіне материалдық шығын келгенін толық бақылай алмағанын және соған жол бергенін мойындайды», - деді ол.
Ал, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің қорғаушысының сот залына Б. Әбдішевті алдырту туралы өтінішін сот қанағаттандырмай тастады.
3 жыл мерзімге сотталған тағы бір шенеунік, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болған Ғабит Мұхамбетовтың қорғаушысы судьядан Ғ. Мұхамбетовтың кәмлеттік жасқа толмаған бес баласы барын, әйелі алтыншысына тағы жүкті екенін ескеруді сұрады.
Кеше бірқатар ақпарат құралдарында С. Ахметовтың достары мен туыстары мемлекетке келтірілген шығын деп бағаланған 2,2 млрд теңгені қазынаға аударғаны туралы жазған болатын.
Пікір қалдыру