САЙЛАУҒА БОЙКОТ ЖАРИЯЛАЙТЫНДАЙ ТҰЯҚБАЙДЫ НЕ ТҮРТТІ?

/uploads/thumbnail/20170708224526746_small.JPG

Бүгін бірқатар ақпарат құралдары өздерін елдегі «жалғыз оппозициялық партия» санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сайлау додасынан шығу және саяси шараға бойкот жариялау мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.

Аталған ақпаратты партия жетекшісі Жармахан Тұяқбай да растаған. Ол informburo.kz сайтына қазір осы мәселені талқылап жатқандарын, әзірге нақты шешімге келмегенін айтқан.

Партияның Алматы филиалының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай да сайлауға байкот жариялау туралы бастаманың бар екенін жоққа шығармаған.

«Қазір бойкот жариялау мүмкіндігін талқылаудамыз. Бұған дейін біздің сайтта билік тарапынан сайлаудың әділ де жария өтуіне мүмкіндік бермейтін әділетсіз қадамдар жасалып отырғаны жарияланған болатын. Партияның кейбір мүшелері сайлау алды додадан шығуды, бойкот жариялап, сол бағытта үгіт жүргізуді ұсынуда. Яғни, әлі талқылау үстіндеміз. Біз съезд кезінде-ақ, бойкот жариялау мүмкіндігімізді айтқан болатынбыз. Сол сәт келген сияқты. Қазір конференция өткізу туралы бастама көтерілді. Бүгін-ертең өңірлердегі өкілдер, тағы басқа өкілдермен осы мәселені талқылаймыз», - дейді ол informburo.kz сайтына берген жауабында.

Осы ретте «Социал-демократтардың сайлауға қатысу туралы бастапқы шешімнен айнуына не себеп болды?» деген сауалға жауап іздеп көрсек. Партия электорат қолдауынан күдер үзді деудің қисыны келмейтін сияқты. Сайлау алды үгіт-насихат науқаны бастала салысымен теледидардың төрін бермесе де, ЖСДП-лықтар белсенділігі күрт артқанын мойындау керек. Әсіресе, әлеуметтік желіде партияның насихат жұмыстары белсенді жүруде. Оны ЖСДП жетекшілері де айтып жүр. Осы сайлаудағы үгіт-насихат жұмыстарында ақпарат құралдарынан гөрі, әлеуметтік желілерге басымдық беретіндерін әубаста-ақ мәлімдеді. Астана, Алматы, түрлі облыстардағы партия белсенділері кең қолданыстағы барлық әлеуметтік желілерден арнайы аккаунттар ашып, насихат жұмыстарына қызу кірісті.

Партия депутаттыққа ұсынған үміткерлер тізімін де осал деп айта алмайсыз. Кезіндегі қарқын, жарқын тұлғалар болмағанмен, түрлі саланың өкілдері ЖСДП тізімінен табылды. Саясат сахнасында беделді, халық арасындағы харизмасы жоғары бір ғана Зәуреш Батталованың өзі неге тұрады? Осы науқанда ЖСДП-ға бірқатар қоғамдық ұйымдардың қолдау білдіруін де З. Батталованың партиялық тізімде болуымен байланыстырып жүр біраз жұрт.

Оның үстіне, сайлау қарсаңында ЖСДП жетекшісі Ж. Тұяқбай билік жүргізіп отырған ұлттық саясатқа қатысты мәлімдеме жасап, ұйымның ұлттық мәселелерге бей-жай қарамайтынын білдірді. Соның әсері ме, өздерін ұлтшылмыз деп атайтын бірқатар белсенді ЖСДП-ны қолдап шықты.

Олай болса, партия жетекшілері сайлауға санаулы күн қалғанда неге құбылып шыға келді? «Қырқына шыдағанда, қырық біріне шыдауға» болмас па еді? Әлде, «ЖСДП да Ақорданың саяси жобасы. Биліктің тапсырмасымен құрылды. Биліктің айтқанынан тыс аттап баспайды» деген әңгіменің рас болғаны ма? Олай дейін десеңіз, Ақорда да, бас партия «Нұр Отан» да қазіргі таңда социал-демократтарды қауіпті қарсылас көріп отырғаны шамалы. Осы сауалдарды партияның жауапты тұлғаларына қоймақ болуға әрекеттендік. Партия сайтында және әлеуметтік желілерде көрсетілген телефон нөмірлеріне шалған қоңырауларымыз жауапсыз қалды. ЖСДП Алматы филиалының жетекшісі Тазабек Сәмбетбайды да табу мүмкін болмады. Партияның Фейсбуктегі "Астана ОСДП", "ОСДП Астана" аккаунттары мен парақтары да кері байланысқа шықпады.

Ал, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның негізін қалаушылардың бірі, партия төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, қазақстандық оппозицияның белді мүшесі, тәуелсіз саясаткер Әміржан Қосанов бойкот мәселесіне орай мынадай пікір білдірді:

«Әрине, бойкот жариялау не жарияламау – партияның өз таңдауы, өз қалауы. Өкінішке орай, мен қазір ол процестен тыс қалдым. Сайлау науқаны соншалықты сүреңсіз әрі селқос өтіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Бір жағынан, теледидарды қарасақ, барлық партияға тиісті жағдай жасалып, іс-шараларын, сайлаушылармен кездесулерін көрсетіп жатыр (кезінде біз сайлауға түскенде ондай мүмкіндіктер жасалмап еді). Яғни, формальды тұрғыдан алғанда, сайлау легитимді болатын секілді.

ЖСДП тарапынан сайлау науқаны да ешбір қызықсыз, жанды әрі елді соңынан ертер амалсыз өтуде. Креатив пен кезінде «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы мен бірегей ЖСДП «Азат» партиясы тұсындағы қызу қимыл-әрекет байқалмайды. Қоғамға танымал, беделді әрі оппозициялық қайраткер ретінде сындардан өткен талай тұлға осы күндері ЖСДП-ны қолдап жатқан жоқ. Бәрі сол - «тұяқбай-тұрсымбаевшыл» шағын топ. Бірлік идеясын көпе-көрінеу сатқан олардың барлық оппозиция атынан сөйлеуге моральдық құқы жоқ екені де түсінікті. Бәлкім, ЖСДП біз әдетте «Қазақстан демократиялық күштері» деп атап жүрген ұйымдар мен тұлғалар тарапынан өзіне қатысты бойкот бар екенін сезіп қалған шығар. Сол себепті олардан тиісті қолдау көрмей, өзінің билік тарапынан ешбір кедергісіз де жеңілетінін, тиісті 7 пайызға қол жеткізбейтінін түсінген болар», - дейді Әміржан Қосанов мырза.

ЖСДП-ның бұрынғы жетекшісі партияның мұндай қадамға баруын ел алдындағы, демократиялық күштер тарапынан әлдеқашан бойкотқа ұшырап кетуімен түсіндіреді.

Жоғарыда айтылған жәйттерде саралай келе, ЖСДП-ның сайлау жақындағанда мұнша құбылуын билік басындағылардың араласуымен болып жатқан үлкен саяси ойын емес дей алмайсыз. Өйткені, «ЖСДП ұлтшылдармен қосылады, партияның Мұхтар Шахановтың өзі қолдайды екен» деген дақпырт сайлауға қатысты съезд өткен күні-ақ су сепкендей басылды. Шаханов ЖСДП жиынына барғанмен, қолдау білдірмей кетіп қалды. Енді өткен аптада «Ойбай, ЖСДП ресейшіл П. Своикті қатарынан шығарғалы жатыр екен» деген тағы бір шу шықты. Ол шуға қатысты партия жетекшісі Ж. Тұяқбайдың өзі «Қазір не до Своика и не до России» деп, сайлау алдында аса қарбалас екендіктерін айтқан еді. Сондағы «не до Своика» дегізген қарбаластық осы ма?

Бұл бастама бүгін-ертең өтетін партия конференциясында түбегейлі шешілетінін айттық. Қазақстандық саясаттың қыр-сырынан хабардар жанға мұндай конференция, съездер мен түрлі жиындардың тек формальды дүниелер екені жасырын емес. Бұл конференция да аталған бастаманы қуаттап, қолдап шығатынына күмән жоқ. Дейтұрғанмен, мұны аталған бас қосуда, одан тыс та, әркім әрқалай бағалай жатар. Бастысы - Жармахан Тұяқбай бастаған партия жетекшілерінің маңызды саяси науқанда табансыздық танытуына нақты не себеп болғаны. Әзірге, мұны партия басшылығының сайлауға санаулы күн қалғанда өздерін қолдаған, жетекшілерінің саяси ерік-жігеріне сенген қаншама мың адамның сенімін аяқ асты етуі демеске шара жоқ. 

Дархан Мұқантегі

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар