Әлем тарихындағы ең қатыгез соғыс ретінде тарихта қалған Екінші дүниежүзілік соғыстың «Ұлы Отан соғысы» деп аталатын елеулі бөлігі бұрынғы КСРО құрамындағы елдер үшін де маңызды тарихи оқиға.
Қазақстан тарихында да аталған соғыс қасыретті жылдар болып қала береді. 1941-1945 жылдары майданға елімізден 1 366 мың адам аттанса, олардың 700 мыңға жуығы майдан даласында көз жұмды. Сол кездегі халық санына шаққанда соғысқа аттанған азаматтар саны Қазақ КСР-і жалпы халқының 20 пайызын құрады. Майдан даласынан тыс тағы 670 мың адам түрлі өнеркәсіпке жұмылдырылды. Соғыс жылдары елімізге 1,5 миллионнан астам жер аударылғандар мен жау қолында қалған аумақ тұрғындары қоныстандырылды.
Сондай-ақ, Қазақстанға соғыстың алғашқы күндерінен бастап 220 зауыт пен фарика көшірілді. Одақта өндірілген қорғасынның 85, мыстың 35, молибденнің 60, висмуттың 65, полиметалды руданың 79 пайызы қазақ жерінде өндірілді. Астық алқаптарында Шығанақ Берсиев, Ыбырай Жақаев сынды диқандар рекорд жаңартты. Ж. Мұқашев, Ш. Шұғайыпова сынды көптеген малшылардың есімі одаққа танылды.
Қаншама жанның тағдырын тоз-тоз еткен соғыс қасіреті әлі де ұмытылған жоқ. Сонымен бірге, бұл соғыс тарихының ұзақ жылдар бойы бұрмаланып келген жалған деректері де жыл өткен сайын жарыққа шығуда. Мәскеу түбіндегі шайқаста ерекше ерлік көрсеткен қазақстандық 316-атқыштар (кейін 8-гвардиялық панфиловшылар дивизиясы болып қайта құрылған) дивизиясының Бауыржан Момышұлы бастаған даңқты батырларына әлі де лайықты құрмет көрсетілмеуде. Есесіне, КСРО ыдырап, құрамындағы елдер әлдеқашан егемендігін алса да кеңестік идеология туғызған «жалған батырлар» алдыңғы кезекті бермей келеді.
Бірқатар ақпарат құралдары "Әскери идеологтар мен КСРО басшылығы 1941 жылы қараша айында Мәскеу түбінде болған ұрыста із-түссіз жоғалып кеткен, кейін жау қолына өтіп, неміс полициясына қызмет еткені белгілі болған жауынгерлер туралы деректі жасырып, олардан кеңес әскері мен тылдағы халыққа үлгі болатын батыр жасады. «Жауға аяусыз соққы беріп, өздері де көз жұмған 28 панфиловшы» туралы аңыз жер-жаһанға тарап кетті. Газет беттері мен радиодан насихатталған ол батырлар туралы аңыз халық санасына мықтап сіңді", - деп жазуда. Өкінішке орай, осы айтылғандарға әлі де сенетіндер бар.
КСРО ыдыраған соң, Польша, Латвия, Литва, Украина бастаған бірқатар елдер өзін Кеңес Одағының басты мұрагері санайтын Ресейден іргелерін аулаққа сала бастады. Ұзақ жыл шовинистік негіздегі кеңестік идеологияның бұрмалауына ұшыраған төл тарихтарын қайта қарап, Мәскеуге жақпағандықтан жасырылып келген қаншама деректі жарыққа шығаруда. Сөйтіп, өз халқының тарихи санасын қоқыстан тазартып, көмескіленген ұлт батырларының бейнесін жарыққа шығаруда. Өткен тарихқа кеңестік идеология талабы тұрғысынан емес, ұлттың көзімен баға беруде.
Төменде назарларыңызға ұсынылатын деректі фильм де сол тарихи сананы тазартуға деген талпыныстың тағы бір көрінісі. Украинаның НТН телеарнасы өткен жылы «Легенди Карного Розшуку» («Легенды уголовного розыска») атты деректі фильмдер циклын түсірді. Онда 1940 жылдан 1970 жылға дейін орын алған оқиғалар тізбегі арқау болып, соғыс тарихындағы кейбір күмәнді жәйттерге бейтарап баға беріледі. Деректі фильмдер циклының бір бөлігі Қазақстан мен Қырғызстанда жасақталып, майданға аттанған панфиловшылар дивизиясына, кеңестік идеология мен әскери тілшінің шалағайлығынан «батыр» атанып кеткен Иван Добробабинге арналады.