Ұлттық болмыс өне бойынан көрініп тұратын тұлғалар бары қуантады. Хасан Оралтай есімі аталғанда «Тәуелсіздік» ұғымын айтпау мүмкін емес. Шындығында Хасан Оралтай есімін Тәуелсіздік толығымен толықтырады. Ол қазаққа қатысты кез келген мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарайтын және оны жүзеге асыруға тырысатын. Өмірінің соңғы кезеңіне дейін әрі өзі жазған, әрі өзі ұйымдастырған еңбектердің барлығының көздеген мақсаты Қазаққа пайдалы, Қазаққа қатысты, Қазақтың өткені мен келешегі үшін өзекті мәселелерге арналды. Тәуелсіздік, еркіндік мәселесі еш уақытта жадынан бір сәт те тыс қалмаған, мәңгі ұстанымы болды.
Хасан Оралтай – «Азаттық» радиосы қазақ бөлімшесінің бұрынғы басшысы, белгілі жазушы, журналист, тарихшы, аудармашы, редактор, шеттегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, бүгінгі түрік әлеміне танымал қоғам қайраткері, он бес кітаптың, жүздеген мақалалардың авторы. Хасан Оралтай қазақ тілінің құдіретін терең ұғатын, қасиетін білетін, қанша қиыншылық көрсе де мұқалмайтын, қазағының жарқын болашағының толық дербестігі мен шынайы тәуелсіздігі жолындағы аянбай күрескен ұлы тұлға.
1933 жылы Қытай Халық Республикасы, Тарбағатай аймағы, Майлыжайырда дүниеге келген. Балалық бал дәуренi сонау Алтай тауының бөктерiнде қалып, өзi озбыр, өктем саясаттың шеңгелiнен құтылу үшiн үдере, ауа көшкен елiмен Гималайдың күн сүйген жоталарын қиялап, Памир тауларын басып, Такламакан шөлiн аса қиындықпен кезiп, Үндiстан, Пәкiстанды паналай жүрiп, Түрiк елiне келiп жеткен қазақтың бiрi.
Хасан Оралтай саналы түрде жалпытүрiктiк идеясын жүзеге асыруды мақсат еттi. «Биiк Түркелi» қоғамын ұйымдастырып, Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейханұлының жолын ұстанды. Бүкiл Қазақстанда идеясын жаңғырту былай тұрсын, атын айтуға қаймығатын бiртұтас «Алаш» идеясын басты ту етiп алды. Бұл идея, бұл мақсат Хасан Оралтайға жайдан-жай келе салған жоқ. Әкенің берген ұлттық рухты тәрбиесі, басқа елге келіп, өз тегімізді ұмытпайық, тек құлқынның қамын ойлап жүре береміз бе деп, сол Түркияға келген 1954 жылдан бастап-ақ жан-жақты байланыстар орнатып, өздерінің қазақ екендіктерін ұмытпауға тырысып бақты. Соның нәтижесінде аз уақыт ішінде, араға үш жыл салып, 1957 жылдың 9-қыркүйегінде Измирде шығатын «Ege Ekspress» газетінде Измирлік журналист Өздемір Аталан екеуі «Гималай дастаны» атты 40 күнге созылған тізбекті мақалалары шығады. Бұл мақала – Хасан Оралтайдың алғашқы мақаласы болатын. Аталған мақаланың бір бөлігі Қазақстанда белгілі түрколог Фадли Әлидің аударуымен 1994 жылы «Парасат» журналында шықты. Бұл мақалада коммунистерге құл болғанша, соғысып жүріп, қасқайып өлейік. Бодан болғанша, ұрпағымызды еркін, азат етейік деген мәселелерге кеңінен тоқталған. Сонымен бірге босқан елдің көрген түрлі ауыртпалықтарын түсіндіре жазады.
«Ұлы түрікшіл ақын – Мағжан Жұмабай» атты шынайы толғаныс пен намыс отынан туындаған кітабы 1965 жылы Измир қаласында жарық көрген. Мұнда Мағжан өлеңдеріне талдау жасаған, баспадан кеткен қателерге, кемшіліктерге назар аударып, нақты фактілермен дәлелдеген. Ақынның шығармаларын саралай келе, өзінің мағжантанушы, қазақ әдебиетін зерттеуші екендігін көрсеткен.
«Абылай» дастаны – Түркістан аймағы басылымдары арасында 1944 жыл Берлинде шыққан кітап. «Қобызшы Қорқыт» деген бүркеншік атпен жарияланған бұл дастанның авторы – Мәжит Айтбай. Танымы да, тағылымы да мол терең тарихымызды толғайтын осы шығарманың кітапханада сақталып қалған жалғыз нұсқасын тауып, кіріспе сөзін жазып, 1971 жылы Мюнхен қаласында Хасан Оралтай қайта бастырған.
«Алаш – Түркістан түріктерінің ұлт-азаттық ұраны» атты еңбегі 1973 жылы Ыстамбулда жарық көрген. Оның түп негізі 1961 жылы «Қазақ түріктері» деген атпен жарияланған.
«Бостандық үшін күрестегі Шығыс Түркістан қазақ түркілері» атты еңбегі 1961 жылы Измирде, 1976 жылы Ыстамбулда баспа бетін көрген.
Қ. Жұмаділдің «Соңғы көш» атты кітабын түрік тіліне аударып, көптеген толықтырулар мен түсініктемелерімен 1980 жылы Ыстамбулда жариялаған.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің негізінде аударылып жазылған «Қазақша-түрікше сөздігі» латын әліпбиімен 1984 жылы Ыстамбул қаласында баспаға дайындап, жарыққа шығарған.
«1986 ж. 17-18 желтоқсандағы Қазақстан оқиғалары» атты еңбегі 1988 жылы Ыстамбулда жарық көрген. Автор желтоқсанға қатысты мәліметтерді бір арнаға топтастырып беруді көздеген. Хасан Оралтай қазақ халқының орыс отаршылдығына қарсы жүргізіп келе жатқан азаттық-тәуелсіздік жолындағы ғасырлардан бергі күресінің тарихи көріністеріне тоқталады. Бұл орайда көптеген құнды мәліметтер келтіреді. Сөйтіп, Желтоқсан оқиғасының шығу себептерін әріден түсіндіруге тырысады. Бұл бағытта Ыстамбулда шығатын «Түркі әлемі бойынша зерттеулер» журналының 1987 жылғы сәуірдегі 47-санында Х.Оралтайдың «Қазақстан қазақтардікі» атты көлемді мақаласы жарық көрген. Сонымен бірге Америка, Франция, Жапония, Германия, Англия т.б. да бүкіл әлем елдеріндегі саясаткерлер мен демократияшылдардың Қазақстанда болған жағдайға байланысты ой-пікір, көзқарастарын жинақтап 4 томдық кітап етіп жинастырып, оны көбейтіп, бүкіл дүниежүзіндегі ғылыми орталықтарға, баспасөз орталықтарына басшылық ете отырып таратқан. Кезінде М.Шахановқа осы жинақталған 4 томдық кітаптың бір нұсқасын берген. Және бүкіл дүниеге Қазақ елінің Тәуелсіздігін «Азаттық» радиосынан алғаш болып өз дауысымен жариялаған да Хасан Оралтай еді. Осындай еңбектерін көзі тірісінде Қазақ елі бағалап, Қазақстан Журналистика академиясының ең мәртебелі жалпыұлттық «Алтын Самұрық» сыйлығының иегері атанып еді.
Отаншылдық, Түрікшілдік, Алашшылдық идеяларына түрлі қарсылық, қиыншылықтарға қарамастан Хасан Оралтай өзінің ұлтына деген қызметін бір сәт те тоқтатқан емес. Шет елдерде «Қазақ түріктері» деген тақырыпта түрлі мақалалар, кітаптар шығарып, алғаш қалам тербеген азамат. 1973 жылға дейін Батыста «Алаш» туралы мәлімет жоқтың қасы болатын. Бұл тақырыпта Ахмет Зәки Уәлиди Тоғанның кітаптары мен Мұстафа Шоқайдың кейбір мақалаларында қысқаша сөз болды. Ал, Қазақстаннан мәлімет алу мүмкін емес жағдайда ерлік көрсетіп, «Алаш», «Алашорда» туралы сөз айту, кітап шығару қыруар еңбекті талап етті. Соған қарамастан Хасан Оралтай 1973 жылы Ыстамбұл қаласында «Алаш – Түркістан түріктерінің ұлт-азаттық ұраны» атты кітабын шығарды. Аталған кітапта «Алаш» деген атаудың тарихы мен мағынасын, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі туралы мәлімет берді.
Бар ғұмырын қазақтың азаттығына арнаған, өмірі «Елім-айлап өткен» Хасан Оралтай ағамыздың өмірден қайтқанына да 6 жылдың жүзі болды. 2016 жыл сәуір айының 14-жұлдызында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында марқұмға арнап ас беріліп, конференция ұйымдастырылады және арнаулы бір көшеге есімі беріледі.
Әбілбашар Ілиясұлы