(бүгін Хасан Оралтайдың өмірден қайтқан күні)
Қалибек Райымбекұлы, Оспан батыр Сіләмұлы есімдеріне бала күнімізден қанық едік. Ес білген шақта елмен бірге (әрине, ұрлап) «Азаттық» радиосын тыңдай бастадық. Азаттық үшін Алаш рухын асқақтатар қоңыр үн сол күндерден бастап «құлақтан кіріп, бойды алды».
Бәріміздің төркініміз аңызға толы Алтай өңірі болғандықтан, Хасан Оралтай есімін еш жатырқамай жылы қабылдадық. Түп-төркіні туралы емес, түбінен қотара айтатын Алашшылдығы барша қазақты баураған еді. «Шіркін, сол еркіндікке, жиі айтыла бастаған қазақ даласына жетер күн болар ма екен!». Бұл біздің «Азаттық» үнімен оянған асау жүрегіміздің атамекен топырағын аңсаған алғашқы арманы болатын. Ақыры тәуелсіздіктің ақ таңы атқанын да сол «Азаттықтан» естідік. Хасан ағамыздың үні жақсылық періштесінің күбіріндей тіпті те ыстық естілді. Көзімізге жас алдық.
«Хасан Оралтай! Алла сол аяулы жанды көрер күнді жазар ма екен, шіркін!» – бұл екінші арман болатын. Ақ тілектің Алла қабылдамайтыны болмайтын шығар. Қазақстанға келгеннен кейін теледидардан көру мүмкіндігіне ие болып жүрген сол ағамызға 2007 жылы 14 сәуiрде ғана әзер қол жетті.
Ағамыз осы сапарында Алматы қаласына арнайы шақырылып, 11 сәуiрде Қазақстан Журналистика академиясының БАҚ саласындағы ең мәртебелi жалпы ұлттық сыйлықтарын табыс ету жиналысына қатысып, академия президентi Сағымбай Қозыбаев мырзаның қолынан «Алтын самұрық» ерекше сыйлығын алған екен.
14 сәуiр күнi ол кісіні Абай атындағы Алматы мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiнде студенттермен кездесу өткiзiп жатқан жерінен іздеп таптым.
Ағамыздың мені сырттай білетіндігіне қуанып қалдым. Кездесуден шыққаннан кейін Досан Баймолдаұлы екеуміз ол кісімен арнайы сұхбат құрдық. Суретке түстік. Бір көруге ынтық болған ағамызбен ежелден таныс жандардай шүйіркелесіп кеттім. Десе де, кейде: «Қытайлар маған әдейі жіберген жоқ па» деп әзілдеп те отырды. Онысы бір жағы қалжың болғанмен, бір жағы шын. Тағдыр тауқыметіне мейлінше ұшырап, жат жұртта көп жүрген адамның айналасына күдікпен, сақтықпен қарайтын әдеті Хасан ағамызда да бар еді. Бірақ онысын зілсіз әзілмен білдіре салғанды жақсы көреді екен. Алғашқы кездесуде әңгімеміз жарасып, осыдан кейін ол кісімен үнемі интернет арқылы хат алысып тұрдым.
2008 жылы маусымда сапар сәтi түсiп, Түркияның Стамбул, Анкара, Измир қалаларында болып қайтқан едiм. Осы орайда 8 маусым күні Измирдiң Өздере деген жерiнде жаздық демалыста жатқан Хасан Оралтай ағамызға арнайы сәлемдесе бардым. Жергiлiктi салт бойынша Егей теңiзiне шомылуға ұсыныс еткен ағамыз әңгiме-дүкенiн қыздырып, көп сырларға қандырды. Менің бір ғана күн болып аттанатынымды білгенде ағамыз едәуір көңілсізденіп қалды: «Мұндай аз уақытқа келгенше келмей-ақ қойғаның жөн еді ғой» деген өкпе-назын да жасырмады. Уақытымыз аз болғанмен, аузымыз әңгімеден босамады. Сонау Алтайдан Анодолыға, одан Қазақстанға дейін бір шарлап қайттық-ау деймін.
Енді ойласам, соның бәрі түс сияқты. Біздің соңғы рет көсіле әңгімелескенімізді есіме алсам, ағамыздың «көп күн неге болмадың?» дейтін реніші бекер айтылмаған екен. Дидарын бір көруге зар болған Хасандай ірі тұлғамен онан кейін ұзақ сырласудың реті болмады. Соңғы рет Қалибек Хакімнің 100 жылдығына орай Алматыда болған сәттерінде қалың қарбаластықтың арасында қысқаша әңгімеден аса алмадық. Соңғы көруім де сол болды. Әңгімесіне құмарым қанбай, «әттең, тағы бір сырлассам-ау» деп жүргенде тағдырдың орналастыруы басқаша болды.
Әттең, уақыт қайырылмайды. Ағамыздың қоңыр үні, Алаш үшін ақтарылатын әңгімесін енді тек қана жазбалардан іздейміз. Қазақ руханиятындағы «Хасан әліппесін» ақтарамыз.
Қазақ диаспорасы аталатын әлем туралы айтқанда соның аспанындағы жарық жұлдыздардың бірі Хасан Оралтай еді. Артына жолақты ізін қалдырып, ағып түсті. Шетте жатқан бес миллион қазақ қана емес, күллі Алаш жұрты қара жамылды. Шығыс Түркістанда туып, Такламаканды кесіп, Гималайды асқан, Үндістан-Пәкістанды басып, Түркияға тұрақтаған аяулы жанның соңғы демі Германияның Мюнхен қаласында үзілді.
Хасан ағаның қазасы хақындағы суық хабарды маған қарындасы Мәриям Хакім жеткізіп еді. Сонда ойыма «Сен маған қаралысың, қайран сәуір» деген өлең жолдары оралған:
Сен маған қаралысың қайран сәуір
Санамда сағыныш күн
Сайран дәуір,
Басыма қайдағы ойлар айланды ауыр.
Талай-талай боздағым боздап өткен,
Сен маған қаралысың қайран сәуір.
Басталған «31»-дің сәуірінде,
Сескене қарады елім дауыл – үнге.
Қазақтың сүйегінен сарай салған,
Сталин-Голощекин дәуірінде.
Аталған «сары өзек шақ» жұты бар мың,
Сонан бері сәуірдің бұлты қалың.
талайды опат қылып,
Боздағы өліп, бораны құтырар күн.
Бермекке Гитлердей сотқарға айып,
Ажалын жатқан шақта оқтар жайып.
Суарып сәуір гүлін қазақ қаны,
Берлинге ту қадаған Қошқарбаев.
Ұраны – «жаудан қайтпа, тастан тайма!»
Қол созған азаттық деп аспанда айға.
Сәуірдің көк мырышы түйреп өткен,
Алаштың алдаспаны Оспан қайда?!
Сезінген туған жердің ұлтанын бақ,
асқар тауым, нұр таңым ақ.
Сәуірде қалғып кетті мәңгілікке,
Алтайдың топырағын қымтанып ап.
Тұманмен тұмшаланып қашанда айым,
Сәуірде неге, неге басар уайым.
«Азатттықта» « Алаш» деп ұрандаған,
Көз жұмды қайран ағам Хасандайын.
Түсіріп шымылдығын қаралы күн,
Әйтеуір сәуір сайын жаралымын!
Көктемде өлсе көкпен бір көктей ме деп,
Күтемін –
Қызғалдағын аралымның,
Жабатын жердің бетін дала гүлін!
16.04.2010 Алматы
(Ескерту: 4-сәуір әкем Шәкен Мұқайұлы қайтыс болса,
16 сәуір әжем Жәмила Нәсіқызы, немере ағам Бақытбек Қызырұлы қайтқан күн. Олардың рухына Алладан шапағат тілеймін!).
Міне, содан бері де жер бетінде аттай желіп 6 жыл өте шығыпты. Қазақтың Хасанынсыз өткен 6 жыл. Осы алты жылда әр уақ Хасан аға еске түскен сайын, көз алдымда ол кісінің тұлғасы биіктей береді. Биіктей береді де соншама қақтығыс-қайшылықтың ортасында, шет жұртта жүрсе де түсірмеген өр рухына, қайтпас, қажымас жігеріне, ұлттық ар-намысына қайтадан таңданамын. Таңданамын да рухына, өрлігіне бас иемін!
«Қазақтың арда ұлі Сіз өлмейсіз, өлген жоқсыз!» деп күбірлеймін ішімнен.
Жәди Шәкенұлы,