Владимир Путин ортақ валютаға қатысты ойын айтты

/uploads/thumbnail/20170708234927665_small.jpg

Ресей президенті Владимир Путин бүгін «Россия-24» телеарнасында халық сұрақтарына тікелей эфирде жауап берді. Президентке қойылған сұрақтардың ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасының болашағы туралы сұрақ та болды.

«ЕАЭО ортақ валютасын енгізу – үлкен мәселе. Бірақ, болашақта, ұйым мүшелері экономикасының даму деңгейі теңелгенде біз оған келеміз. Бізге Еуропалық одақтың қателігін қайталауға болмайды. Олар мүше елдердің экономикалары бір-бірінен алшақтығына қарамастан ортақ валюта енгізді. Сондықтан оларда Грекияға қатысты қиындықтар тууда. Сондықтан, біз өз одағымызда осы мәселелерді ескеріп, кезең-кезеңмен қозғалуымыз қажет. Бұл – ерікті мәселе. Бұл жерде бізде консенсус болуы қажет, ортақ валютаға көшу үшін оны барлығымыз бірдей қалауымыз керек», - деді В. Путин.

Путиннің бұл мәлімдемесі ресейлік саясаткерлердің бұған дейін айтып келгендерінен едәуір алшақтау болды, әрине. Олай дейтініміз, өткен жылы ресейлік экономистер ортақ валютаға көшу қаржылық дағдарыстан шығудың бірден-бір жолы деп жар салған. Тіпті, енгізілетін ол ортақ валютаға «Алтын» деп ат қойып, айдар таққан да еді ресейлік экономист Александр Разуваев.

Ал, ЕАЭО Еуразиялық экономикалық комиссиясының төрағасы Виктор Христенко өткен жылы қазан айында ортақ валюта енгізу 2025 жылдан кейін енгізілуі мүмкін екенін айтқан еді.

Ортақ валютаға, тіпті, рубльге көшу туралы бастама қазақстандық экономистер тарапынан да айтылғанын есте ұстау керек. Қазақстан кәсіпкерлерінің тәуелсіз қауымдастығы ұйымының Талғат Акуов былтыр желтоқсан айында ЕАЭО-ға мүше елдер қаржы нарығындағы қиындықтардан құтылу үшін бірауыздан рубльге көшуі керек деп бір-ақ қайырған.

Ал, күні кеше Қырғызстан вице-премьері Аалы Қарашев ЕАЭО-ның біріңғай валютасына көшу мәселесін жеделдетуге шақырған еді.

«Бізге өте шұғыл түрде валюталық реттеу мәселелерін қарастыру қажет. Атап айтқанда, ұйым ішіндегі бірлескен сауда мен кедендік реттеулерді жүзеге асыру үшін ЕАЭО-ның ортақ валютасын енгізу туралы мәселені қарауымыз керек», - деген болатын А. Қарашев.

Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусия, Қырғызстан мүше болып отырған экономикалық одақта ортақ валютаға қатысты ортақ шешім айтылды дей алмаймыз. Ресми Астана бұл тақырыпты айналып өтуге тырысатын сияқты.

Біріңғай валюта туралы сөз болғанда ең көп айтылатыны оның ең алдымен Ресейге ғана тиімді екендігі. Олай болса, РФ басшысының ортақ валюта енгізуге асығыстық танытпау керек дегенге саятын бұл айтқандарын не деп жоримыз? Әлде, түрлі саяси тетіктерді пайдалану арқылы ортақ ақшаны насихаттау міндетін Кремль одаққа мүше басқа елдердің біріне жүктеп отыр ма?

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар