Ихуан Муслимин (мұсылман бауырлар) – мұсылман әлеміндегі ірі саяси ұйымның бірі. Ұйымды 1928 жылы мысырлық саяси қайраткер Хасан әл-Банна (1906-1949) құрды. Бұл саяси қозғалыстың реформаторлық көзқарастары мен ұстанымдары ислам елдеріне жылдам тарады. Бейресми деректерге қарағанда бүгінгі таңда Ихуан Муслимин идеологиясынан нәрленген діни-саяси ұйымдардың араб елдерінің аумағынан тыс жетпіске жуық мемлекетте өкілдіктері бар.
Әдепкіде Хасан әл-Банна Ихуан Муслимин партиясын мұсылман әлеміне қозғау салатын халықаралық қозғалыс ретінде құруды жоспарлады. Осы мақсатта ұйым мүшелері сол кезеңдегі ислам елдеріндегі әртүрлі исламдық қозғалыстармен байланыстар орнатты. Сөйтіп, өткен ғасырдың отызыншы жылдары Ихуан Муслимин партиясы Палестина, Сирия, Ливан, Иордания, Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы аумағында белсенді жұмыс істей бастады. Ихуан Муслимин өкілдерінің өңірлерде бел шешіп жұмыс істеуінің нәтижесінде көптеген жаңа қозғалыстар ортаға шықты. Мысалы, Ихуан Муслиминнің өнімі ретінде Палестинадағы «Хамас», Ирактағы «Хамас әл-Ирак» және Ливандағы «Қууат-уль-Фаджр», сондай-ақ, халықаралық «Хизбут Тахрир», «Тәкфир әл-Хижра», «Әл-Кайда», «ИШИМ» сияқты саяси-әскери қозғалыстарды айтсақ болады.
Әсілі, Ихуан Муслимин қозғалысы ислам негіздері мен қағидаттарына негізделген ислам мемлекетін құруды көздеді. Қозғалыстың жан-жақты қарастырылған жоспары бойынша алдымен мұсылман тұлға, сосын мұсылман отбасы, одан кейін мұсылман қоғамы, соңында мұсылман үкіметі қалыптасуы керек болды.
Ихуан Муслиминның діни идеологиясы Хасан әл-Баннаның «Расаиль» (үндеулер) атты кітабында айтылған идеялар мен ұстанымдарға негізделген. «Расаильде» Ихуан Муслимин танымын қалыптастыратын діни-саяси, экономикалық және құрылымдық қағидаттар мен ережелер жазылған. Ихуан Муслимин мүшелері осы ережелерді жаттап, нақты өмірде орындауға міндетті болды.
Хасан әл-Банна ислам құндылықтарын қоғамда үстем ету үшін бірнеше кезең арқылы іске асырылатын мынадай жоспар құрды.
1) жалынды үгіт-насихаттар арқылы жұртшылықты исламға ұйыту;
2) ұйымды қалыптастырып, жақтастардың қатарын көбейтіп, одан ары қарай насихат топтарын құру;
3) қозғалыстың идеяларын шынайы сенім, айқын нақты ұстаным, үздіксіз еңбек арқылы тәжірибе жүзінде іске асыру.
Ихуан Муслиминнің құрылымында діни жамағаттық және саяси партияға тән белгілер бар еді. Осы тұрғыдан алғанда ұйым кейде асқын ұстанымдарға ұрынса, кейде конструктивті түрде алға жылжыды. Дегенмен, Мысыр үкіметі Ихуан Муслиминнің асқын ұстанымдарын сынға алып, 1948 жылы бұл саяси қозғалысты тарату жөнінде шешім шығарды. Себебі, Ихуан Муслимин өкілдеріне Мысыр үкімет басшысына қастандық жасады деген айып тағылды. Іле-шала Хасан әл-Банна 1949 жылы қастандықпен өлтірілді. Одан кейін Ихуан Муслиминның өз ішінде текетірестер өрши түсті. Египеттегі 1952 жылғы көтерілістен кейін ресми үкімет тарапынан Ихуан Муслимин мүшелерін қудалау әрекеттері басталды. Алайда, қапастағы ұйым мүшелерінің ислам мемлекетін құруына шектеу қойғаны үшін үкіметке қарсы түрлі радикалды көзқарастар өрши түсті.
Задында, Ихуан Муслимин ішінен радикалды топ құрған Саид Құтб (1906-1966) болатын. Ол өз еңбектерінде билік пен бағынушы халық арасындағы қатынастарға қатысты тосын пікірлерді ортаға қойды. Зайырлы жүйені күпірге шығарып, мұндай билікке қарсы болмаған қоғамды сын тезіне алды. Ол қоғамды «ислам» және «жахил» (надан, қарабайыр) деп екі топқа бөлді. Ихуан Муслимин ішінен Саид Құтбтың осы идеяларынан нәрленген радикалды ағымдар бүр жарып шықты. Мысалы, «Тәкфир әл-Хижра» тікелей Сайд Құтбтың идеясының негізінде пайда болды. Бұл топтар «қантөгіспен ғана ислам мемлекетін құруға болады» деген идеяны ұстана бастады.
Соңғы уақыттары мұсылман әлемінде орын алған «Араб көктемі» төңкерісі кезінде Ихуан Муслимин партиясы белсенділік танытып, Мысырда 2011 жылы билік басына келді. Алайда, Ихуан Муслимин партиясының өкілі Мохаммед Мурси президент болып сайланғанымен, елдің зайырлы жүйесіне қайшы реформалар жасаймын деп қателікке ұрынды. Мысыр қорғаныс министрі Абдул-Фаттах ал-Сиси бастаған топ қайта төңкеріс жасап, М.Мурси бастаған Ихуан Муслимин мүшелерін абақтыға жапты. Қазір, Мысыр мемлекетінде Ихуан Муслимин партиясы экстремистік деп танылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 15.03.2005 ж. шешіміне сәйкес елімізде «Мұсылман бауырлар» ұйымына тыйым салынған. Қазақстанда «Мұсылман бауырлар» ұйымының идеологиясын жақтаушы адамдар тобы кездеспегенімен, Мысыр, Ливан елдерінен білім алып келген қазақстандықтардың аз еместігі белгілі. Сондықтан, алдын алу шаралары ретінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу қажеттілігі күн тәртібінен түспейді.
Мұхан Исахан
Автор туралы: Мұхан Исахан – заңгер, шариғат бойынша маман, 1978 жылдың 8 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысынының Ордабасы ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін тәмамдады. 2002 жылы осы университеттің магистратурасын, ал 2006 жылы аспирантурасын табысты аяқтап шықты. Қазіргі таңда «Нұр» Қазақ-Египет ислам университетінде «Дінтану» мамандығы бойынша докторантурада оқып жатыр. Бірнеше жылдар бойы ғылыми қызметкерлікпен, аудармашылықпен, «Қазақстан-Заман» газетінің дін істері бөлімін басқарумен айналысқан. 30 шақты ғылыми, 60 шақты публицистикалық мақалалардың және «Ислам және калам мазхабтары» атты монографиялық еңбектің авторы. 15 жылдан астам уақыттан бері «Мемлекет пен діннің қарым-қатынасын құқықтық реттеу» атты тақырып бойынша зерттеулер жүргізіп келеді. М.Исахан «ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң жобасына ондаған ұсыныстарын енгізген. «Саяси мазхабтардың тарихы» атты монографиялық еңбегі баспадан шығаруға дайындалуда.