Адам баласы ата-анасын, бауырын, туыс-туғанын қалай жақсы көрсе, өз ұлтын, Отанын, туған жерін дәл солай жақсы көруі керек. «Әке балаға қарыз, бала далаға қарыз» дегендей. Алайда қазіргі уақытта осы бір рухты сөздердің мән-мағынасы әлсіреп бара жатқандай көрінеді. Бұған не ықпал етіп жатыр? Отанын сүйетіндер кімдер? Неге, ортақ Отанымызда болып жатқан келеңсіз оқиғаларды шешуге тырыспаймыз? Бұл заманның соңы неге апарып соғады? Сансыз сауалдар.
Мәселені «Мастер Донерден» бастап көрейік. Бұл сөз біздің халыққа тура қазы-қартадай таныс болып алды. Қаланың әр көшесінде кемінде екі-үшеуден орын тепкен түрік ағайындарымыз өз шаруаларын дөңгелетіп отыр. Жөн сұрап бара қалсаң ақша санаудан қолы босамайды. Ал ішіне кіре қалсаңыз «не қалайсыз?» деп жүгіріп жүрген студент қыздар. Аттары да таныс: Әйгерім, Назгүл, Толғанай, Жанар сынды жанарлары жәудіреген қазақ қыздары. Өзбектің дәмханасын тіпті айтпасақ та белгілі. Одан әрі не көркейіп, не өртеніп бітпеген әйгілі барахолка базарына барайық. «Дос, дос, кел көрші деп кіргеннен асты-үстіңе түсіп, қалтаңдағы соңғы ақшаңа қытайдың шоқайын іліп жіберетін шешен ағайындар мен ұйғыр ағайындар. Маркетингтің ең озық үлгісін көрсететіні сонша алмасаң көздері жәудіреп қалады. Базар соңы үйіңізге қайтып бара жатсаңыз әлгі көзі жәудіреген саудагер соңғы үлгідегі көлігімен шаң жұттырып кетеді. Қойшы не керек, бүйтіп шаң жұтып алған киімнен де, паң жүріп алатын сауда орталығына барайын дейсіз. Онда барсаңыз «здрастемен» қарсы алатын орыс ағайындар. Орысша сөздерін түсінгіңіз ақ келеді бірақ, ананы көрейін, мынау қанша деп сұрағың келеді ғой, ал тіл құрғұр бұралып келмегесін, нет, нет размер маленки немесе щась-щась деп шығып кетесің. Ал түн ортасы үйге қайту керек, үй деймін ау «жалдамалы пәтерге» қайту керек. Ол пәтерді жалға беретін Зухра, Фатима, Ахмед деген кісілерді де танып аласың. Ех, сонымен не керек қазақтың күні осылай жалғасып жатыр. Бұлардың бәрін жылы жауып, кінәні өзімізден іздеп көз жұма қарауға да болатын шығар.
Соңғы күндері «Кімдер?» деген сұрақ көкейге орнығып алды. Шынымен бір сәт айналаңызға қарап кімдер деген сұраққа өзіңізден жауап алып көріңізші? Қарапайым қаламыздағы жолдардың жиегін сырлайтын, жуып тазалайтын адамдардың кімдер екенін білесіз бе? Базарды жағалай отырып шемішке сататындар ше? Көлік жуатын жерлерде, екі аяғынан сыз өтіп жүргендер кімдер? Ала қоржынын арқалап жол бойында күн ұзаққа отыратын жалдамалы жұмысшының кім екенін білесіз бе? Ал кеш бата сала сол жерде жартылай жалаңаш жүретін кімдер? Жетімбұрыштың айналасында құжынап жүрген кімдер екенін білесіз ба? Көліктерді күзетіп күннің астында тұратын кімдер екенін ше? Сіз бен біз тамақтанып, қарын тойдырып жүрген асханалардың ыдысын жуатын кімдер екенін ойладыңыз ба? Түнімен кірпік қақпай сол дәмхананы күзететін кімдер екенін сіз жақсы білесіз. Білмесеңіз айтайын олар - «Қазақтар». Иә, иә қателескен жоқсыз. Кезінде атын атаса жауы қашқан сол қазақтар. Кең байтақ жері, дархан даласы, асқар таудай намысы бар қазақтар. Қызын арына балаған қазақтар.
Мәселенің неде екенін әркім әртүрлі бағалайтын шығар. Бірақ қазіргі біздің қоғамдағы ащы шындық осы. Алтын көрсең белшесінен қаз деген ұғымды ұстанған өзге ұлтқа кімнің қожайын екенін, кімнің жерінде жүргенін көрсететін уақыт келген сыңайлы. Өз жерімізде тұрып өзгеге билікті беру, бұл толеранттылық емес, бұл көнбістік. Тізерлеп жүріп өмір сүргенше, қасқайып өлгенді қалаған қазағым менің. Қаныңда тектілік барын ұмытпағайсың. Білекке сенер уақытта ешкімге есе бермедік. Ал, енді білімге сенер уақытта қапы қалмасақ екен.
Сайлаухан Абылай