Қоғамда күрделі мәселелер жетерлік. Мемлекет болған соң, күн сайын құбылып жатқан қоғамдық-саяси ахуал ел алдына да, мемлекет басшылығына да жаңа қиындықтар мен толғаулы мәселелерді қойып отырады. Бұл – табиғат заңы. Бұрын да солай болған. Бүгін де солай, болашақта да адамзат баласы қиындықсыз өмір сүреді дей алмаймыз.
Соңғы бір айға жуық уақытта қазақ қоғамын дүр сілкіндірмесе де, біраз адамның күнделікті әңгімесіне арқау, билікті бықпырт тигендей етіп сынауға себеп болған бір тақырып бар. Ол – жер дауы. Министр лауазымындағы бір шенеунік жердің біршама бөлігі жеке меншікке сатылады деген мәлімдеме жасап еді, компьютердің ар жағында отырып алып аттандағандардан көз сүрінетін болды. Халықтың жанды жері, ешкімнің бейжай қалдырмайтын мәселе болғандықтан «аттаншылдар» қылыштарын оңды-солды сілтеуде. Ол аттандарға мәселенің байыбына бармай еріп жатқандар да аз емес, өкінішке орай.
Билік жақтағылар да ақымақ емес, аттаншыларға дер кезінде жауап қатты. «Жер қараусыз жатпауы керек. Иелік ететін біреу болса, күтімін жасап, сол жерде шаруасын дөңгелетсін. Бұл – сол мақсатта жасалып жатқан шара» деп, реформаның оңды жақтарын түсіндіріп беріп еді, әлгі ұраншылдар «Жер шетелдіктерге сатылмасын!» деген әуенге басты. Бұл да – уақытша. Олай дейтініміз, осыдан он жыл бұрын қабылданып қойған жер кодексінде бұл мәселе тайға таңба басқандай етіп жазылған. Жер шетел азаматтарына да, шетелдік компанияларға да сатылмайды. Ауылшаруашылық мақсаттағы учаскелерді шетелдіктерге жалға беруге ғана рұқсат етілген. Алайда, оған мән берген ешкім жоқ. «Даулы мәселеде айқайға қиқу қосып, атымды шығарайын» дегендер қоятын емес. Бірді-екілі басылымдар мен интернет сайттарды, әлеуметтік желіні пайдаланып, халыққа үгіт парақшаларын, үндеулерін таратуда.
Кез-келген мәселені шешудің заңда көрсетілген жолдары, тетіктері бар. Барлық елде солай. Біздегі мына жер тақырыбындағы мәселелерге наразы азаматтар болса, олар да өз ойларын, ұсыныстарын тиісті органдарға жеткізіп, қажет болса бұрын қабылданған қаулы-қарарларды өзгертуге де күш сала алады. Үкіметке хат жаз, үндеу жолда, петиция ұйымдастыр, мақала жаз. Әйтеуір жолы көп. Бірақ, қаржылық дағдарыс құрсауынан елді қалай шығарамыз деп басы қатқан мемлекет басшылығын орынды-орынсыз түйреп отыруды күнделікті жұмысына айналдырғандар бұл әдіс, тәсілдермен шектелмек емес. Ашық хат ұйымдастырып, оған қол жинап болмай жатып, кей азаматтар елді ереуілге шақырып, заңсыз әрекеттерге итермелеуде. Бұл да халықтың жанды жерінен ұстап, өз мүдделеріне пайдаланудың бір жолы емес пе? Олай дейтініміз, «ереуіл» деп еліргендердің көбі халыққа осы мәселеге қатысты заңдарды, барлық құжаттарды толық түсіндіріп отырған жоқ. Тек өз мүдделеріне келетін, «аттан» қағидасына сай тұстарын ғана пайдалануда.

Халықты зыңсыз әрекетке итермелеу туралы да бекер айтылып отырған жоқ. Барлық елдердегідей бізде де заң бар. Ол заңдар бейбіт шерулер, осындай ереуілдер ұйымдастыруды да реттейді. Сол «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Заңға сай, ондай шерулер мен жиындар өткізу үшін сол жердегі жергілікті басшылықтың, яғни, әкімдіктің рұқсаты керек. Жерге қатысты мәселені шешудің басқа да оңтайлы тетіктері толық пайдаланылмай жатып, елдің ереуілге шығуына, жөнсіз аттанға еруіне мемлекет органдары да жол бере қоймас. Басшылар алдымен келісімге, бір стол басына жиналып, мән-жайды талқылауға шақырар. Бірақ, оған алаңға асыққандар көне ме? Көнсе жақсы, көнбей, жер тағдырына алаң халықты көшеге алып шықса не болады? Нәтижесі белгілі. Ақ көңіл азаматтар аздаған топтың арбауына түсіп, заң бұзған болады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 488-бабы бойынша мұндай рұқсат етілмеген бейбіт жиналыстарды, митингілер мен шерулерді, пикерттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізу, оған қатысу жауапкершілік жүктейді. Заң талабын бұзғандарға ескертумен қатар 20 айлық есептік көрсеткіш (42420 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал, тәртіп бұзушы лауазымды тұлға болса, 50 АЕК-мен қатар, он тәулікке дейін қамалуы да ғажап емес. Аталған кодекс осындай рұқсат етілмеген жиын өткізуге орын ұсынған, ғимарат бергендерді, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз еткердерді де жауапқа тартуды көздейді. Ал, митинг жасаймыз деп қоғамдық орында қылмысқа жол берілсе, одан да қатал жаза бар.

Ереуіл ұйымдастырамыз деп ұрандап жүргендер өз әрекеттерінің салдары қалай болатынын ойлады ма екен? «Ел бастау оңай – қонатын жерден көл табылады, қол бастау оңай – шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көрген жоқпын», - деп Бұқар жырау айтқандай, әлгі ұрандап жүргендер елді алаңға алып шығып, оларға есті сөз айта ала ма? Бұқараны басқарып, айтқанына көндіре ала ма? Арандатуға, алдау-арбауға ұшыратпай ма? Бұл мәселе оларды қатты алаңдатып отырмаған сыңайлы. Алаңдатса, арзан абырой жинауға әрекеттенбей, елдікті, ел ішінің тыныштығын, ауызбірлікті ойлаған болар еді.
Хамит Шағырбай