Қазақтың жері жатыр сатылғалы

/uploads/thumbnail/20170709002029229_small.jpg

Қазақтың жері жатыр сатылғалы

Бүгін билік бір істі мақұлдады,

«Қазақ жері жатыпты сатылғалы».

Естімегенді естіп-ақ келеміз ғой,

Әлихан мен Ахмет атылғалы.

 

Бүгін далам тым мұқтаж арыстарға,

Албастыға сес болар Арыстанға.

Алақандай пұшпағын бермеп едік

Екі жүз жыл жоңғармен алысқанда.

 

Ақтабан боп аялсыз шұбырғанда,

Аштықтан ақ сүйек боп қырылғанда

Айырылмаған аршын төс даламызды –

Анамызды сатардай жын ұрған ба?

 

Жері жоқты жетелі ел жетім дейді,

Жері жоқтың жетесі жетілмейді.

Ессіз ұрпақ «Сатамын» десін мейлі,

Қасиетті қара жер кешірмейді.

 

Құйыңа түсірдің ғой шайыр батпақ,

Бәлкім батып өлерміз байып жатсақ.

Себебі, ешбір халық мандымайды,

Өз анасын ақшаға айырбастап...

 

Тәуелсіз ел болған соң таққа міндің,

Алты алаштың торлады аспанын мұң.

Жалғыз шарды ойыншық еткен елге,

Бір жазасы дайын тұр хақ тәңірдің...

 

Айта алмаймын бұл жерді сатпа деп мен,

Ақиқат та жоқ мүлде хақтан өткен.

Бүгін біздің сиқымыз ــ жасыл жерді

Таптап өткен пендені мақтан еткен.

 

Осы ма еді ордалы ел бұзылғаның,

Бәһәдүрлер, қор болды қыз-ұлдарың.

Егей жерді қорғаған есіл бабам,

Сен сатсын деп төкпеген қызыл қанын.

 

Өзек күйер өрт жатыр өлеңімде,

Енді өгейлік көремін өз елімде.

Қайран, қайран қарт қазақ қайдасыңдар?

Жерін қойып сатпаған желегін де.

 

Удай уайым естіні иектеді,

Өзімді емес, ойлаймын шиөкпені.

Жермен бірге сатылып бара жатыр,

Ат көтермес аталар сүйектері.

 

Жаутаң-жаутаң қарайсың жаралы елім,

Қаймықпайсың білемін қара жерім.

Темір тырнақ тіледі қыр арқаңды,

Біз білмейтін біреулер салар егін.

 

Екі мың жыл тұрған жер есен – аман,

Бүгінгінің пиғылы өте жаман.

Сені туған қастерлі жер ــ ананың,

Аппақ сүтін емеді бөтен адам...

 

Бүгін билік бір істі Мақұлдады,

“Қазақ жері жатыпты сатылғалы”.

Естімегенді естіп-ақ келеміз ғой,

Әлихан мен Ахмет атылғалы...

 

Әділет АХМЕТҰЛЫ

Әділет АХМЕТҰЛЫ 1986 Жылы 25 Қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында туған. Бала кезінен әдебиетке аса бір әуеспен келген Әділеттің тырнақ алды туындысы - «Қарғалдақ махаббат» атты өлеңі 2008 жылы Шинжяңдағы «Құмыл алқабы» журналынан жарық көргеннен бері, «Шинжяң газеті», «Алтай газеті», «Іле жастары», «Шұғыла», «Мұра» сынды ел іші-сыртындағы түрлі басылымдарда 50-ге жуық өлеңі, 3 мақаласы, 5 аударма шығармасы жарияланған. 2010 жылы қараша айында Қазақстан Республикасы, Қызылорада облысынан шығатын «Сыр дидары» газетінде «Көш», «Бөлтірігінен бөлінген» сынды өлеңі басылса, «Дала мен қала» газетінде де жас ақынның өлеңдеріне орын берілген болатын.

2012 жылы жаз айында Қазақстан «Жазушы» баспасынан ақын Есенғали РАУШАНҰЛЫ құрастырған «Сан ғасырлық сағыныш» атты жас ақындар жинағына «Дәуір осы», «Қара жолда қарт ана» қатарлы оншақты өлеңі басылған. Ақынның «Көк байрақ», «Ауылға бардым» атты екі өлеңі «baq.kz» ақпараттық порталындағы «Жаһан қазақтары» бөлімінде жарық көрген. «Ақ ала ордам қонған жұрт» атты поэмасы Астананың 15 жылдығына орай «Қазконтент» акционерлiк қоғамы ұйымдастырған жыр мүшайрасының 2 дәрежелі жүлдесін еншілеген. 2014 Жылы атажұртқа оралған.

Қатысты Мақалалар