Екінші Дүниежүзілік соғыс куәгерлерінің естеліктерін өз аузынан естудің әсері тіпті ерекше. Қостанайда мемлекеттік мұрағатында ардагерлермен жүздесу өтті. Мұрағат қызметкерлері майданнан жазылған хаттардың жинастырылып жатқанын, жақын күндері мұрағатта шаң басып жатпай жарыққа шығатынын айтады,- деп хабарлайды Qamshy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінгі кездесудің басты кейіпкерінің бірі – Иван Бодяев. Ол 1942 жылы 18 жасында Меңдіқара ауданынан майданға аттанды. Үш ай даярлықтан өтіп, Мәскеу түбінде сұрмергендер сапында соғысқа кірді. Ленинград шайқасына қатысты. «Бетпе-бет соғыста бес фашистің көзін жойдым», -дейді ардагер. Ол жеңісті Кавказ жерінде жүріп, қарсы алды. 1949 жылы әскерден босап елге келіп, көлік жүргізуші болып еңбекке араласты. «Сұм соғыс қайтып келмесін, бейбіт күнді бағалаңдар!», -дейді қарт майдангер.
Иван Бодяев, Ұлы Отан соғысының ардагері:
- Біздің елімізде тыныштық, алауыздық жоқ. Одан асқан бақыт бар ма?! Соғыстың зардабын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан мамыражай заманды қадірлеңдер! Еліміз ардагерлерге бар жағдайды жасап отыр, одан артық не керек?! Бізге ыстық ықыластарың да жеткілікті.
Кездесуге келген қос майдангер – ауыр жараланып, ажалдың аузынан аман қалған ақжолтай жандар. Тапсырманы тыңғылықты орындап, жанқиярлықтың ерен үлгісін көрсеткен кешегі жауынгерлердің естеліктері жастарды ерекше әсерге бөледі.
Бағдәулет Қасымбек, студент:
- Ардагер кісілердің өз аузынан болған жағдайларды есту – мен үшін бір бақыт. Салыстырып қарасақ, біздің жасымызда олар көптеген қиыншылық, көптеген соғысты көрді. Құдай бізге ондай бермесін! Бейбіт өмір сүріп жатқандығымыз – сол кісілердің маңдай терінің арқасы.
1941-1945 жылдары Қостанай облысынан 73 мыңнан астам сарбаз майданға аттанды. Солардың жартысынан көбі жат топырақ жастанды, елге оралмады. Облыстық мұрағат мекемесі жыл сайын жерлес майдангерлерге қатысты барлық жәдігерлерді жинап, топтастыру үстінде.
Ажар Балтаева, мұрағат қызметкері:
- Мұрағатшылардың арқасында көптеген құжат жинақталды. Яғни үй-үйге кіріп, майданнан келген хаттарды жинады. Сол хаттарға қарап отырып, естеліктерін оқи отырып, ардагерлердің соғыста болған жерлері, сезімдері, үйлеріне, туған-туыстарына деген сағыныштары, жалпы Отанына, еліне деген сүйіспеншілігін байқаймыз.
Жиналған деректер шаң басқан мұрағаттарда жатып қалмайды. Оларды жарыққа шығару, жариялау ісі де жолға қойылған. Мұның бәрі ерлікті дәріптеп, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу жолында атқарылып жатырған жұмыстар екені даусыз.