Соңғы айдағы халықты алаңдатқан басты мәселе – жер дауы болғанына ешкім шүбә келтірмес. Кей шенеуніктің шалағай шаруасы жер тағдырын бәйгеге тігіп, оның арты жалпы халықтық толқуларға ұласып кете жаздады.
Бұқаралық ақпарат құралдары, саясаткерлер, зиялы қауым мен өнер жұлдыздарының бір бөлігі, жастар қозғалыстары бастаған үлкен күш жерді саудаға салатын заңға енген өзгерістерге өре түрегелді. Атырау бастап, Ақтөбе қостап, бірнеше қалада наразылық митингтері өтті. Онысы орынсыз да емес. Халық Ассамблеясының жиынында Елбасы Н. Назарбаев жер үшін шыр-пыр болған ақ жүрек халқының ақ ниетіне ризашылығын білдіргені есімізде.
«Ағайынға ризамын. Лайым жерге деген көңіл осындай болса, халқымыз қасық қаны қалғанша оны қорғайды деп сенемін», – деген болатын сол кезде Мемлекет басшысы.
Президент Ассамблея сессиясында, Бас прокуратурада өткізген жиында лауазымды тұлғаларға заң нормаларын халыққа жіті түсіндіруді, жердің ешбір шетелдіктің меншігіне өтпейтінін ұқтыруды қадап тұрып тапсырды. Өңірлерге де депутаттардан құралған түсіндіру топтары аттанды. Алайда, сеніміне селкеу түскен халықтың олардың «түсіндірулеріне» илана қоюы да екіталай еді. Соңғы бірер күнде өткен осындай кездесулерден кейін осындай ойға келдік.
«Қамшы» порталы да елді алаңдатқан мәселеден бейтарап қалмады. Әр күн сайын оқырманға жер тақырыбын өзек еткен өткір мақалалар жариялап, салмақты сараптамалар ұсынуға тырысты. Елмен бірге болды. Сондай мақалалардың бірінде осы жер дауының жай-жапсарын айта келіп, толғаулы мәселенің түйінін болжаған болатынбыз.
«Әйтеуір ең басты байлығымыз – тәуелсіз Қазақстан екенін есті қазақ біледі. Ендеше дәл қазіргі жағдайды тыныштандыру үшін қайтпек керек? Жол – үшеу.
- «Жерді желеу» етіп толқыған халық «Америкалық арандатушылардың» кесірінен «Қазақ көктемін» жасап, тәуелсіздігін қолдан береді.
2. «Жер кодексіне» түсіністікпен қарап, барлық жауапкершілікті Елбасына артады. Ертең шекарадан аттаған әрбір қытай мен жер иеленгіш орыс үшін сол кісі жауап береді. Егер мұндай жағдай бола қалса, ертең тәуелсізікті қорғау бүгінгіден де қиындай түседі.
3. Елбасы халықтың шынайы өкілдерін жинап (мейлі ол оппозиция, мейлі ұлтшыл, мейлі арандатушы...), арнайы кеңес өткізіп, «Жер кодексіне» тиісті өзгерістер енгізеді немесе нүкте қояды» деп жазғанымызды қадірлі оқырман қауым ұмыта қоймағанын білеміз.
Елбасы да елінің ойындағысын ұғып, үшінші жолды таңдады. Бүгін Ақордада өткен кеңейтілген Үкімет отырысында жер төңірегіндегі дауға себеп болған бірнеше лауазымды тұлғаға ескерту жасап, бір министрді орынбасарымен бірге қызметінен босатты. Халықпен кеңеспей, елдің пікірін ескермей әзірленген «Жер кодексіндегі» шулы өзгерістерге мараторий жариялады.
«Елге ешқандай ауылшаруашылық жері сатылмайтынын түсіндіру керек еді. Сондықтан мұнда спекуляция болды. Яғни, тиісті топтарға бұл нормалар толық жетпеді. Алайда, заңды қабылдау мен нормалары қоғамда талқылауға түспеді, адамдардың қауіптенуі, дабыл қағуы ақталды. Егер біздің азаматтар мұны түсінбесе, қабылданған шешімдерге сенімсіздік танытса, яғни, бұл дұрыс болмағаны. Біз барлығын адамдар үшін жасап отыр емеспіз бе? Яғни, қоғамда осы мәселеге қатысты заңнамаларға енген өзгерістерге күдік туды», - деді Елбасы осы мәселеге нүкте қойған бүгінгі жиында.
Елді алаңдатқан мәселеде Елбасы әдеттегідей елдің ойындағысын айтып, ұлт көшбасшысына тән даналық танытты. Сөйтіп, ел жерді қорғаса, Елбасы елді қолдады.
Пікір қалдыру