ЖЕР КОМИССИЯСЫНДА ЖАНДОСОВ НЕГЕ ЖАҚ АШПАЙ ЖҮР?

/uploads/thumbnail/20170709020929595_small.jpg

14 маусым күні алғашқы отырысын өткізген Жер реформасы жөніндегі комиссия бастапқыда көпшіліктің жер мәселесіне деген күдігін қойылтқанымен уақыт өте келе біршама қалыпты жұмыс режиміне көшкендей. Осыған дейін үш отырыс өткізген комиссия мүшелері ертең Көкшетау қаласында бас қоспақ, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Ә дегенде құрамына 75 азамат өткен комиссияның алғашқы отырысынан соң-ақ, экс-сенатор, саясаткер Зәуреш Батталова бастаған біраз азаматтар оның жұмысына енді қатыспайтындарын айтып кетіп қалды. Дегенмен де комиссияда әлі де жерді шетелге жалға беруге, ел азаматтарына жеке меншікке сатуға ашық қарсылық білдіріп, ол ойларын барынша дәйектермен негіздеп жүрген азаматтар баршылық. Бұрын былайғы жұрт «жағымпаз, жарамсақ» деп ат қойып, айдар таққан біраз азаматтар да комиссия отырыстарында саяси «ақидаларынан» ауытқып, жерге жанашыр болып сөйлеген болуда. Қалың ел Азаттық тарататын комиссия отырысының онлайн-көрсетілімінен басқаны емес, ең алдымен Айдос Сарым, Жанұзақ Әкім, Мұхтар Тайжан, Мұхтар Шаханов не айтар екен деп елеңдеп отыратын болды. Соңғы отырыстағы бұрынғы ауылшаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтің сөздері де көптің көңілінен шыққандай.

Әр отырыс сайын уақыт өткізіп, жердің қадір-қасиеті туралы лекция оқуды әдетке айналдырған әнебір академиктерге тоқталмай-ақ, мына мәселеге назар аудартқанды жөн көріп отырмыз. Комиссия құрамындағы білім-біліктілігі мойындалған, саяси қайраткерлігін ел білетін, оппозициядағы «стажы» да біразға баратын қаржыгер Ораз Жандосовтың үні неге естілмейді?

Осы күні Ораздың қазақшаға шорқақтығына, қазақы ортаға етене еместігіне көп адам мән бермейді. Мән бергізбейтін де себептер көп. 2001 жылы бір топ саясаткер «құзырлы күйеу бала» Рахат Әлиевтің былығын әшкерелеп, Үкіметтегі қызметтерінен өз еріктерімен отскавкаға кеткенде олардың ішінде осы Ораз да болған. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған ол жігіттердің біршамасы 2002 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы деген жаңа саяси құрылымның туын көтеріп шықты. Партияның бес бірдей тең төрағасы жұмылса жұдырық болып, ел мұңын, билік былығын әшкерелейтін, құр сынап қана қоймай, экономиканы тіктеп, ел әлеуетін арттыратын балама жобалар ұсынуымен ерекшеленді. Әлихан Бәйменовтің қазақилығы, ұлт руханиятына жанашырлығы, зиялы қауыммен сыйластыққа негізделген байланыста болуы, Болат Әбіловтің батыл мәлімдемелері, бизнестегі тәжірибесі, Людмила Жуланованың мемлекеттік қызметтегі жолы, әлеуметтік қорғау саласындағы біліктілігі партия беделділігінің сөзсіз кепілі болды. Кейін қосылған Алтынбек Сәрсенбайұлының да тұлғалық қасиеттері бұл ұйымға мол мүмкіндіктер берді. Бұлардан басқа қаржы, экономика тақырыбында әңгіме болса, дау туса жұрт қарт қаржыгер Дәулет Сембаев пен Ораз Жандосовты іздеп тұратын. «Ақжолдың» қаржы-экономика саласындағы барлық ұсыныс, жобаларын жұртшылық осы Жандосовпен байланыстыратын.

2004 жылдары партия ішінде ырың-жырың басталып, ондағы саясаткерлердің «нағыз», «нағыз емес» деп бөлінген тайталастары сағызша созылып кетсе де, осы Ораздың абыройы бөлінгендердің біразға дейін беделдерін сақтауына сеп болғаны сөзсіз. Кейін жария саясаттан шеттеп, зерттеу жұмыстарына ойысса да Ораз мемлекет өміріндегі маңызды оқиғаларға қатысты ұдайы пікірін білдіріп жүрді.

Жер дауы шыққанда бір ауыз сөз айтуға жарамай, бұғып қалған, сөз айтса да билікті жақтап, жағымпаздығымен ғана ерекшеленгендердің комиссия мүшесі атанғанын естігенде біраз адамның жабырқап қалғаны да жасырын емес. Бірақ, ұлтшылдығымен, демократияшылдығымен танымал азаматтарға да кеңестен орын берілгені көңілге медеу болды. Ел үміт артқан ол аз азаматтардың ішінде Ораз да бар. Ал, ол – үнсіз...

Комиссияның екінші отырысында нақты жұмыстармен айналысатын жұмыс топтары құрылып, оған жетекшілер сайланғанда Ораздың аты аталды. Өзін комиссия мүшелері экономикалық бағыттағы жұмыс тобының жетекшілігіне ұсынғанда ол ат-тонын ала қашып, топ жетекшілігінен бас тартты.

«Мені не үшін бұл топқа ұсынғанын білмеймін. Мен өз кандидатурамды алдыртқым келеді. Менің мамандануым экономика ішінде басқаша бағытта. Комиссия құрамында жер мен ауыл шаруашылығы мәселелеріне жақын адамдар көп», - деді Ораз Жандосов.

Одан бері де комиссияның бір рет жалпы отырысы өтті, жұмыс топтары да бір-бір мәрте бас қосты. Ораз комиссия құрамынан шығып кетпесе де, нақты ұсыныс, кәсіби пікір білдірер түрі жоқ. Ораздың экономикадағы «мамандануы басқаша» болса, Бекболат Тілеухан мен Мырзатай Жолдасбеков ол комиссиядан алты шақырым аулақ жүруі керек еді ғой. Жұртқа К. Сағадиевтің «қазақ жер баптай алмайды» деген «ақылын», Бақытбек Смағұлдың «түсініксіз сөздер жиынтығын» тыңдағаннан Ораздың бір ауыз пікірі қымбат емес пе еді? Жер заңнамасына түрлі механизмдерді ұсынып жатқан М. Шибұтов пен О. Құдайбергеновтен Жандосовтың несі кем?

Комиссия құрамындағы кей адамдар «өртеніп жатқан үйден бас үйтіп алайын» деген сияқты шулы мәселеде пікір білдіріп бедел жинай алмай жүрсе, Орекең осылай оңаша қалғысы келеді. Жоқ әлде өзге әріптестерінен саяси тәжірибесі мол, ой-өрісі өзгеше экономист сөзін босқа шығындаудан тартынып, нақты нәтиже беретін ұрымтал сәтті күтіп отыр ма екен?

Дархан Мұқантегі

Қатысты Мақалалар