Мектеп формасы туралы әңгіме бір бүгін қозғалып отырған жоқ. Біріңғай мектеп киімінің үлгісін бекіту, мектеп оқушыларының басына орамал тағуы сынды пікір-таластар бұған дейін де болды. Әлі де талай дау болатын сияқты.
Негізі мектеп формасын таңдау ата-аналардың еркінде. Әр мектепте ата-аналар жиынында бекітіледі ортақ киім үлгісі. Демек, бұл мәселедегі келеңсіздітерге байланысты мемлекетті, заңнамаларды кінәлаудың жөні жоқ. Мәселе өзіміздің кеңестік ойлау жүйесінен алыстай алмай отырған санамызда.

Міне, бірнеше күн бұрын мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Мыңдаған түлек мектепті тәмамдап, үлкен өмірге аяқ басты. Енді сол мектеп бітірушілердің соңғы қоңырау шарасына киген киімдерін қараңызшы. Кеңестік ақ фартук, қысқа юбка, тағысын тағылар. Кеңес одағының құлағанына 25 жыл өтсе де, сол киімді мамыр айының соңында аласұрып іздеп кетеміз. Базардан таппасақ, арнайы тіктіреміз. Тіпті, ондай киім кимесең соңғы қоңырауға келмейсің деген ресми талап болмаса да, өзімізді өзіміз әурелейміз.
Тәуелсіз мемлекет ретінде кеңестік білім жүйесінің қалдықтарынан арылу жайы өз алдына, ол киімдердің тәрбиелік, этикалық қырларына да назар аудару керек. Фейсбук желісінде Аида Жексен есімді қолданушы осындай ой тастап отыр.
«КСРО келмеске кеткелі ширек ғасыр өтті. Ал, кеңестік шерулік киім үлгісі әлі тірі. Не масқара? Сол бантик, гольфи мен қысқа көйлекте қандай сән бар? Кеуде тұсы толысқан үлкен қыздардың ондай көйлек киюі қалай болады? Ондай қыздарды педофилдің арманы дерсің!», - деген ол Тәуелсіз Қазақстанның кеңестік үлгіден арылу керектігін, «Қазақстанның КСРО да, Ресей де еместігін» айтады.
Аиданың бұл айтқандарын әлеуметтік желіде қолдағандар да, «тарихты бұрмаламайық» деген желеумен қарсы шыққандар да көп. Қалай болғанда да 17-18 жастағы қыздарды мектеп табалдырығынан осындай ашық-шашық киімен шығарып салғанымыз дұрыс емес сияқты. Сондықтан да, ата-аналардың осы мәселеде ұлттық ұстанымдардан алшақтамағаны дұрыс.