Талғат Ермегияевке қатысты сот үкімі 10 маусымда шығады

/uploads/thumbnail/20170709021311849_small.jpg

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевке қатысты сот үкімі 10 маусымда шығады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Ермегияевтің ісі бойынша үкім келесі аптаның жұмасында, 10 маусым күні сағат 16.30-да жарияланады. Бұл туралы бүгін Талғат Ермегияевтің ісі бойынша сот отырысы барысында мәлім болды.

Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласының  қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев пен тағы 22 адамның бюджет қаражаттарын аса ірі көлемде жымқыру ісі бойынша  тыңдау жалғасып жатыр. «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевке қатысты қылмыстық іс биылғы жылдың  10 наурызында Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына тапсырылған болатын.

4 сәуірде өткен алғашқы сот отырысында 14 сотталушы өз кінәлерін мойындап, істеген істері үшін өкінетіндіктерін мәлімдеген. Олар Талғат Ермегияевке  пара берілгенін мойындап,  бірқатар жалған актілер жасалғаны, заңсыз ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру жүйесі туралы айтып берген еді.

Жалпы алғанда аты шулы іс бойынша бас айыпталушыға 4,2 миллиард теңгені қалтасына басты деген айып тағылып отыр. Айыптаушы тараптың уәжі бойынша, ол қызмет бабын пайдаланып ақша ұрлаған.

Сотта сөйлеген соңғы сөзінде Т. Ермегияев өзіне тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспейтінін, өзін темір тордың арғы жағынан көргісі келетін мүдделі топтардың бар екенін мәлімдеді. 

Барлығы аталған іс жұмыс жүргізу барысында қолдау үшін мердігер компаниялардан пара алуға байланысты ірі бес эпизодқа бөлінген.

Қатысты Мақалалар