Ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігі жалға алу құқығымен пайдаланылуда

/uploads/thumbnail/20170709021159957_small.jpg

Жалға алынған жерлерді пайдаланбайтын шаруаларға 10 есеге дейін ұлғайтылған жер салығы салынады. Бұл туралы Көкшетауда өтiп жатқан Жер реформасы жөнiндегi комиссияның алғашқы көшпелi отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz BNews.kz – ке сілтеме жасап.

«Бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігі жалға алу құқығымен пайдаланылып жатыр. Шаруа қожалықтарында 57 млн 500 мың гектар, аграқұрылымдарда 40 млн 200 мың гектар жер бар. Шетелдіктер мен біріккен кәсіпорындарға жалға берілген жер көлемі 61 мың 10 гектарды құрайды. Оның 44 мың 900 гектары  біріккен кәсіпорындарға берілген. 29 мың 700 гектары қазақстандықтарға толық өткен», - деді вице-министр.

Ерлан Нысанбаев шетелдіктерге қойылған талаптарды да атап өтті.

«Біріншіден, шетелдіктерге жерді жекеменшікке беруге тыйым салынған. Екіншіден, шетелдіктерге нотариаттар арқылы жекеменшікке рәсімдеуге тыйым салынған. Үшіншіден, шетелдіктерге жерді шекара маңынан жалға беруге тыйым салынған. Төртіншіден, шетелдіктерге жерді жалға берудің шекті көлемі белгіленген», - деп атап өтті ол.

«Жерді тиімді пайдаланбағандарға қатаң шара қолданылады. Жер кодексінің 92,93,94 баптарына сәйкес жерді тиімді пайдаланбаған жағдайда мәжбүрлі түрде қайтару нормасы қарастырылған. Пайдаланылмай жатқан жерлерге 10 есеге дейін ұлғайтылған жер салығы салынады», - деп түйіндеді АШМ вице-министрі.

Қатысты Мақалалар