Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында Жер реформасы жөнiндегi комиссияның алғашқы көшпелi отырысы басталды, - деп хабарлайды Qamshy.kz BNews.kz – ке сілтеме жасап.
Өткен аптадағы үшiншi отырыстың қорытындысы бойынша Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелерi өңірлерге шығып, халықтың пікірін тыңдап, тұрғындармен тілдесуді ұйғарған едi. Барлық пікірлер мен ұсыныстар сарапталып, жан-жақты таразыланғаннан кейін ғана комиссия шешім шығарып, Парламентке енгізеді. Комиссияның алғашқы көшпелi отырысы Көкшетауда өтiп жатыр.
Ақмола облысының халқын тыңдауға Жер реформасы жөнiндегi комиссияның 30-ға жуық мүшесi келдi. Бүгiн олар тұрғындардың барлық түйiткiлдi сұрақтарына жауап берiп, пiкiрлерi мен ұсыныстарын қабылдаймыз деп отыр.
Айта кетсек, Жер реформасы жөніндегі комиссияның бұған дейiнгi отырыстарында Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерiн жекеменшiкке сату және шетелдiктерге жердi 25 жылға жалға беру мәселелерi талқыланды.
Жер реформасы жөнiндегi комиссия Президенттiң тапсырмасы бойынша құрылған болатын. Жалпы, бастапқыда комиссия құрамына 75 адам кірген едi, олардың iшiнде Мұхтар Шаханов, Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбенов, Айдос Сарым, Бекболат Тілеухан, Кенжеғали Сағадиев секілді көпшілікке белгілі тұлғалар бар.
Президент Жер кодексiнiң қоғамдық резонанс тудырған бiрқатар нормаларына быил жылдың соңына дейін мораторий жариялады. Нұрсұлтан Назарбаев кең көлемді түсіндіру шараларын жүргізіп, бұл жұмысқа бүкіл партиялар мен қоғамдық ұйымдарды тартып, жер мәселесі бойынша өз позициясын білдірген барлық азаматтарды диалогқа шақыруды тапсырған болатын.