Ермұрат арғы беттен Алматыға алғаш аттанарда ата-анасы да тірі еді, баласына батасын беріп, ақ жол тілеп жолға салған. Өзі ұлықтаған осы бір өнердің жолында ол, сәтке болсада басындағы бар бақытын қайырып қойып, «Қазақстан қайдасың» деп тартты да кетті. Болмаса ыңгалап енді ғана өмір есігін аттаған, әуелдесеңіз, қырқынан да шықпаған жөргектегі қызыл шақа «қабанбайын» көтеріп, ержеткізем деп құлжада жүретін еді ғой. «адамның басы-алланың добы» дейтін, осы бір қарапайым қазақтың философиясына кейде мың мәркстің да құрығы жетпейді. Тек мұнда тон-шалбар киген бабаларымыздың бар жазығы - біткен өмір құбылыстарын «алланың алақанына» салып қана бере салғаны. Кім білсін сол да дұрыс шығар?! Сонымен Ерекең сол кеткеннен мол кетті. Елі-жұртын көрмегеніне жеті жыл болды. Осы барыста арғы беттегі ата-анасы да дүние салып, сол кісілерге өз қолынан да топырақ сала алмады. Жеті жасқа келген Қабанбайы анасының етегінен ұстап, әкесін іздеп Алматыға келгені а-не-у күні ғана. Қосағы Тұран болса жеті жыл көріспеген жарының Қазақстандағы қал-жайынан бейхабар, Алматыға ұлын жетектеп жолаушыдай болып қана келе салған. Бұл кездері шынында да марқұмның баспанасының бұрышынан жетім қыздың жүгіндей ғана шошайған көрпе-жастықты көруші едік. !?.
Ерекең бір кезде төсектің басындағы керегеге сүйелген қара домбыраға қол созды. Қайырмасы: .
_ ана, түс көрдім жаңа,
Түсімде мені тербетіп отырсың, ана,-деп келетін аналарға бағышталған бір әнді тосыннан бастап ала жөнелді. Аталмыш әнді марқұмның аузынан тұңғыш естуім. Оның үстіне өзім көріп жүрген әншілердің ішінде өзін ұмытып, шын ділімен осылайша орындайтын әктер-әншіні шынымды айтсам бұрын-соңды кезіктірмеппін. Сол сағаттарда Ауыт екеуіміздің де шыйқанымыз жарылып кете жаздап, пысылдап, пышылдап отырдық.
- Ереке,-дедім бір кезде бозадай бұзылып отырған көңілдерді басқа бір жаққа бұрғым келіп, - менің анам кім, сіздің анаңыз кім, түбін қусаң бір атаның, бір ауылдың қыздары емес пе?! Сіздің бүгінгі сыныңыз да орынды, аналарымыздың адал еңбегін сыйлағаныңызға әсерленіп отырмын. Енді менің сиымды қабыл алсаңыз; осы сырмақты анаңыздың көзіндей көріп жүріңіз, сіздің төріңізге апарып салайын,-дедім. Бұл ойымды Ауыт та алақанын аямай соғып қуаттап әкетті. Сонымен сол күні түнде Ауыт екеуіміз сырмақты ерекеңнің төріне апарып салып, өзімізше салтын өткізіп дегендей таң атырып тарастық. Сол күнгі жатақханада айтылған әннің әсері көпке дейін менің көңілімнен көтерілмей қойды. Айтулы әсерлі шақтың менің бар таназарымды тартып әкеткенінен болса керек көп ұзамай, осы әнді өзіне оттық еткен «әнді сүйген адам» атты Ерекеңе арналған өлеңім жазылды:
Күй тербетіп, әлдилеген ән бізді,
Бабалардан бір қасиет қалды ізгі.
Арғы беттен алып ұшып ән сені,
Бергі бетке ұялатып қалғызды.
Хан Тәңірдың танып мынау марқасын,
Алатау да тосты саған арқасын.
Арғы бетті сағынғанда ән салып,
Шыңбұлаққа аунап-қунап қайтасың.
Алматы да кетті саған көктем боп,
Аз жарадың, аз жусадың көп терлеп.
Сұлулар да өкпелі емес ереке,
Сұлуларға өзіңнің де өкпең жоқ.
Жыласаң да, қуансаң да, күлсең де,
Ән деген бір асыл арман жүр сенде.
Әндей сүйген жоқ шығарсың әй, досым,
Қанша қызды алқындырып сүйсең де.
Ауылың да ән, бауырың да ән, анаң да ән,
Ән қашама, әнді сүйген адамнан.
Жұмыр жердің бетіндегі тіршілік,
Бір сен үшін ән болуға жаралған.
Мынау әннің шер ғой тұрған нотасы,
Тыңдағанның шымырлайды-ау жотасы.
Арғы бетте боздап жатса бозінген,
Бергі бетте бебеулейді ботасы.
Бозінгеннің бұл дағы бір күйі ме,
Не боп кетті, ойхой, мынау дүние!
Ән боп шыға келеді екен әуендер,
Жолыққанда сенің көңіл күйіңе.
Жалғыздарға жаратқаным жар босын,
Қонысына қонар келіп нар көшің.
Арғы бетті сағындық қой, сағындық,
Тағы бір ән салып жібер ал, досым («ақсақ бөрі», 2004-жыл, астана, «елөрда» баспасы, 103-бет) .
Міне осындай жалғыз әнге ғана емес жалпақ қазақ өнеріне өзінің кісілік бар ғұмыры мен алдында тұрған адамдық бар бақытын байлаған, осы жолда «мың бір түндегі» Мәжүнінің күйін кешіп күн кешірген, қайран біздің қабылан болмысты Ерекең елімен ерте қоштасты. Артында айтылып таусылмайтын, күндер өткен сайын көбейіп маялана беретін мәңгі аңыз қалды. Ермұраттай ер тұлғаның басындағы кейбір құпия да жұмбақ халды халыққа орайы келгенде тек қана тарих түсіндіріп беретін болар?! Мұндағы «орай» деген сөздің өзі де меніңше оңып тұрған жоқ, арғы жағы көп жағдайда мүлде шешілмейтін түпсіз түйіншекке айналып, тарихтың тылсым беттеріне көшіп кетуі де бек мүмкін. Өйткені, ұлылардың өмірінің өзі көбінде осылай таңғажайып құпиялардан тұрады. !?.
Марқұм дүние салғанда жаназасына қатынаса алмадым. Қисыны келіп қырқына үлгеріп, ағамыздың Алматыдағы шаңырағына бас сұққанымда, самалдықтың еденінде жатқан баяғы сол сырмақ көзіме оттай басылды...
*****
2005 жылдың күз айларының бірінде жолым түсіп, Қазақстанның ел ордасы - Астанаға бардым. Белгілі ақын, әдебиет танушы Бекқожа Жылқыбекұлы ағамыздың үйінде отыр едік, телефон қоңырауы шалынды. Трупканы құлағына көтерген Бекең, «болады, болады» деген қысқа қайырымды мақұлдықпен тұтқаны орнына қондырып жатып: .
- ел ордадан сөйлеп тұрған Ермұрат! Ұлы отан соғысы жеңіске жеткенінің 60 жылға толу байланысымен өнер ұжымдары ертең кангресхолда үлкен концерт береді екен. «келіп көрем деушілерге есік ашық, билетсіз ойын көріңдер» деп бізді шақырып жатыр,-деді баяғы жымия күліп, жұмсақ сөйлейтін әдемі әдетімен. Тегін тамашадан кім қашады, бәріміз де баруға пейілділігімізді білдіріп бәрекелді дестік. Ертесі жаға-жеңімізді түзеп Бекқожа ағамыз бастап, белгілі дыбыс әктері Әсемғазы Қапанұлы үшеуіміз үйден шықтық. Ойын басталар уақыттан жарым сағат бұрын жетсек те, орталық сарайдың алды қаптаған қалың адамдар легімен толып кетіпті. Жеңіс күні болғасын ба, кім білсін?! Кеудесі орденге толған Кеңестер одағы кезіндегі әскери формаларын киген қарттар да жүр. Әсіресе, алаңның төрт құбыласында сапқа тұрған қарулы салдаттар, бүгінгі бұл концерттің айбатын тіптен де асыра түскендей. Сөйтсек, бүгінгі бұл жеңіс тойына Қазақстанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп қатынасады екен. Үлкен кісі келді деген сөз, біткен минстирлік атқа мінді деген сөз. Сонымен солдаттардың нұсқауымен сәулетті сарайдың ең артқы қатарындағы орындықтарының біріне келіп тізе бүктік. Президент кірді, бүкіл ел орнынан тұрып құрмет көрсетті. Көнцерт шымылдығы түрілді, сахнадан бірінші болып баяғы біздің Ермұратымыз көрінді. Бүгінгі бұл концерттің асабасы да Ерекең екен. Кезегі келгенде баритон дауысымен келістіріп отырып өзінің «көк тудың желбірегені» әнін асқақтата шырқады. Сарайдың іші бөлек салтанатқа бөленіп, алақанымыз шымырлап ашып кеткенше қол соқтық. Өйткені, ол кез бұл әнның бүгінгідей көпке кең таралып кете қоймаған кезі еді. Менің байқауымша осы өнер коллективінің ішіндегі ең мықты жеке орындаушы да марқұм Ерекең секілді. Десе де жасырып керегі не бір нәрсеге көңілім толмай, жаным ашып, кеңсірігім кермек татып отырды. Неге десеңіз марқұм сол күні бастан ақыр сахна төріне етек-жеңі мен балағы түжіркеленген мешпет-сым, аяғына шақай, басына қасқансыз қарапайым шәкпі киіп шығып отырды. Әдетте аспаз бен шошқа бағатын өндіріс әскерлері ғана осылай киінсе керек еді. Ал, ұжымдағы өнер иелерінің Ермұраттан басқасы, қылаяғы әркестірдің қолына шылдырмақ ұстап шығатын қатардағы қарапайым мүшесіне дейін, несін айтасың ер-әйел демей омыраулары сап-сарала, иық-жеңдеріне қадалған әскери белгілері жарықпен жарысып жұлдыздай жарқырайды, бас киімдері құз басындағы арқардың мүйізіндей тіптен айбаттанып кеткен. «бұнысы несі?» деймін іштей өз-өзімнен қорланып! Ары ойланып, бері ойланып ойымның ең соңғы тиянағы баяғы сол «оралман» деген атауға тірелді де тынды. Концерт те бітті. Алдымен солдаттар алдыңғы қатарда отырған ел басына жол ашты, қалған көрермендер соның артынан шүйкедей шұбалып сарай есігіне бет алды. Алдымыздағы елдің қатары сетінеп, сусып адымымыз енді ашыла бергенде, Бекең: .
- жігіттер асықпаңдар, сахнаға барып Ерекеңді құттықтайық,-деп тағы да ағалық ақылын көрсетіп, алдымызды орап кетті. Біздің де сол ортадағы мұндай қоғамдық салтқа көңіл үйрете бастаған кезіміз, Бекеңе еріп сахна жаққа беттедік. Зәулім сахнаның бір бұрышындағы торғын шымылдықтың жақпарынан Ерекең, біздің келе жатқанымызды көріп күзетіп тұрыпты. Кезекпен келіп бәрімізді құшағына алды. Білген мақтау мен мадағымызды жаудырып жатырмыз. Марқұмның көңілінде керемет толқу бар екен: .
- өмірімде үлкен бұрылыс болатын болды, бауырларым...,-деп қайталап келіп үшеуімізді тағы да құшақтады. Тағы біздер ол қуаныштың не екенін қазірше біліп кетпесек те, «құтты болсын» айтып, ақ тілегімізді жамыраттық.
- министрдің өзі осы қазір менің әскери шенімді өсіретін болды,-деді Ерекең дауысы тарғылданып. Бекең бастаған біздер де ес қалмады. Кезек-кезек Ерекеңді жерден көтеріп алып, төсіміз қайқайып төбемізге көтерген боламыз. Өзі де етті-женді шойындай жігіт, қыңар емес. Бізге салса оны осы қазірдің өзінде желкемізге отырғызып алғымыз бар. Бақыттан басымыз айналып тұрғанда көктен түсті ме, жерден шықты ма білмейміз?! Сахнадағы алаңда 3-4 әскери адам пайда бола кетті. Үйірменің үбір-шүбір болысып жүрген солдат мүшелері қаққан шегедей қаздия қалды. Әсіресе, ортадағы біреуінің кеудесіндегі төс белгісі тіптен бөлек. Минстрің Осы кісі болса керек деп топшыладым. Үйірме жетекшісі Ерекеңді фамиласымен қосып атап қастарына шақырды. Оң қолын әнтек шекесіне апара берген минстр (ұмытпасам сол кездегі Қазақстанның қорғаныс минстрі Мұқтар Алтынбаев) : .
- капитан шеніңмен құттықтайым, бауырым,-деп Ерекеңе қолын ұсынды. Бойын түзеп, қазықтай қадала қалған Ермұрат бас қолбасшысына осы сәт қолын шекесіне қадап тұрып әскери сәлем берді. Сонымен келін түскендей керемет болатын шығар деп топшылаған біздің жаңалығымыз, қас пен көздың арасында ақырласып, Ерекең кішкене жарғақ қалтаға қорапталған уыстай нәрсені маңдайына тигізіп қала берді. Шен берген минстр тек әскери форманың жаға-жеңіне, маңдай-төсіне қадайтын белгілерді ғана тапсырды. Қолбасылары кеткен соң марқұмның үйірмедегі саптас солдаттары самала жұлдыздай тізіліп келіп, Ерекеңді құттықтап қошаметтеп ала жөнелді. Ерекеңнің концерт барысындағы сахнаға киіп шыққан, біздің көзімізге қораштау көрінген формасы, марқұмның сол кездегі әскери шені кіші литенанттың киетін киімі екенін біз байқұс осыдан кейін барып білдік. Солдаттар сахнада өнер көрсеткенде сөзсіз өзінің шеніне лайықты әскери формасымен ғана шығатын, ешкім де оны өзгерте алмайтын үйірменің өз заңы барын қайдан білейік, бекерге бір елдің мизамын жазғырып жүріптік. Оның үстіне минстр бұл жолы біздің Ермұратты арадағы әскери екі шеннен аттатып, төте «капитандыққа» көтеріп отырыпты. Бұл да солдаттар өмірінде сирек кездесетін бақыт екен. Сонымен сахна сыртындағы бұл дыр-думан кішкене сабасына түскендей болып, ортамызда Ермұрат бар үшеуіміз бір бұрышқа ұйыса қалғанда:
- Беке, Ерекеңнің қалың жолдас-жобалары бар, қарап тұрамыз ба?! Ертеңгі пойыз билетіне жететіндей теңге сақтап қалсаңыз болғаны, қалғанын бүгінгі қуаныштың шашуы ретінде өз қолыңызға ұстаттым,-деп, әмиянымдағы бар тиын-тебенді уыстап Бекеңнің алақанына салдым. Қайыр тілеуге шақ қалып жүрген менің қалтамда, қайдағы шалқып шашатындай көп ақша болсын. Әйтеуір Ерекеңнің жатағына еріп барып, Бекең әкелген бірдемелерімізді «татқан да бірдей, тойған да бірдей» дегізіп, марқұмның қалың жолдастарымен бірге сол күнгі қуанышқа ырым жасағанымыз бар. Сондағы үйірме мүшелерінің көңілденіп отырып айтқан әңгімесінің қысқаша мазмұнына құлақ түрсек: концертті тамашалап отырған президент Нұрсұлтан Назарбаев, қасындағы қорғаныс министріне: !?.
- сахнадағы жүргізуші жігіттің формасын дұрыстап шығарсаңдар болмай ма?,-деп қалыпты. Мұндайда патшаның «болмай ма?» деген сөзінің өзі қол астындағыларға қамшыдан қатты тиетіні бар. Министр атына мініп, осы кезекті мерекелік ойынның жауаптысын шақыртып жауап алса, біздің Ерекең бүгінгі осы сахнадағы ең төмен шенді «кіші литенант» болып шығыпты. Сонымен барлық жағдайға қаныққан министр мырза, өнерімен ел басының өзін елең еткізіп отырған Ермұратқа екі дәреже аттатып «капитан» шенін беру шешімін сол майданда шығарыпты. ?
Кейінгі кездері марқұм маңдайы қасқаланып «майор» атағын да алды. Тірі болған да дәрежесі мұнымен тоқтап қалмайтын еді, талай-талай күн салып Қарайтын көп құрметтың төрі асыл азаматымызға ығысып орын беретіні мұнда тұр. Ерекең осы бір алған әскери шенімен-ақ, тұңғыш шыққан «майор» оралман атанып, Алла қаласа күндердің күнінде Қазақстан елінің әскери тарихының беттерінен табылары қах! Бұл жағынан қарасаңыз да Ермұрат - «болашақтың адамы» ...
Білісбек Әбдіразақ
Төте жазудан аударып дайындаған: Қуанәлі Алмасбекұлы
Мақаланың басы: http://qamshy.kz/?p=8021
http://qamshy.kz/?p=8133
“Қамшы” сілтейді