Бүгін Үкімет жаныдағы Жер реформасы жөніндегі комиссия Көкшетау қаласында бас қосты. Жиынға жергілікті белсенділер, агроөнеркәсіптік кешен өкілдері де қатысты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Бір қуантарлығы облыс орталығында өткен жиын да Астанадағы отырыстардан бір кем болмады. Қайта жергілікті белсенділер мен шаруалар батыл пікір білдіріп, жер реформасына қатысты өзекті проблемаларды алға тартты.
Көшедегі шаруалардың көбі жерді шетелдіктерге жалға беру, ел азаматтарына жеке меншікке сату ұлттық қауіпсіздікке зор қатер төндіретінін айтып қана қоймай, ауыл мен аграрлық саладағы өзекті мәселелерді де көтерді. Мәселен, «Еңбек» шаруа қожалығының басшысы Қуаныш Рақышев жер кодексіне жалға алынған жер мемлекеттің мұқтаждықтарына қайтарылған жағдайда шығынды өтеу туралы норма енгізу керектігін ұсынды. Шаруаның айтуынша, кейбір шалағай басшылардың кертартпа шешімдері кесірінен жерді жалға алып, ұзақ мерзімді жоспарлар құрып отырған диқандар зардап шегетін көрінеді.
Бұрынғы Жер кодексінде шығынды өтеу мәселесі қарастырылған болатын. Жаңа кодексте мемлекеттің мұқтаждықтары үшін жалға алынған жерді қайтарып алу кезінде шығынды өтеу жайы қамтылмаған. Егер ол сатып алынса, шығын өтеледі, сатып алынбаса, өтелмейді. Мәселен біз мал шаруашылығымен айналысамыз. Біздің шаруашылық «Щучье – Астана» автобаны базасында орналасқан. Астананың айналасындағы 600 метр аумақта жасыл желек бар, біздің жерді алып қойды, қарсылық білдірген жоқпыз. Шығын өтелді, кей жерлерде өтелмеді. Алайда қазір біздің аудан бойынша 15 га жерді қайтару жобасы жасалып жатыр, оның 8 гектары біздің шаруашылыққа тиесілі. Жерді біз жалға алып отырмыз, демек шығын өтелмейді деген сөз. Ал біз лизингтік компаниялардан, банктерден ұзақ мерзімге қаржы алғанбыз. Бұдан кейінгі күніміз не болады?», - дейді ол.
Шаруаның жанайқайына комиссия жұмысына қатысып отырған әділет вице-министрі З. Баймолдина құлақ асып жауап берді. Оның айтуынша, өңірлерде суармалы жерлерді жалға алып отырған азаматтардан жайдан-жай қайтарып алуға болмайды. Қайтарып алынған күнде де өтемақы төленуі тиіс көрінеді.
«Суармалы ауыл шаруашылығы жерлері кей жағдайларда ғана қайтарылуы мүмкін. Егер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, кеңейту қажет болса, сонымен қатар аталған мәселені шешу жолы табылмаса, жалға берілген жер мемлекетке қайтарылуы мүмкін», - дейді өз жауабында әділет министрінің орынбасары З. Баймолдина.
Көкшедегі бас қосуда басқа да нақты ұсыныстар көптеп айтылды. Ғалым Қасымхан Құсайынов бұрынғы кооперативтік шаруашылық жүйесін жандандыруды ұсынса, қоғамдық белсенді Сансызбай Мұқитанов жергілікті жерлердегі субсидия бөлу, жерді субарендаға берудегі біраз былықтарды алға тартты.

Комиссия құрамында бұрынғы отырыстарда да батыл пікірімен көзге түскен саясаткер Жанұзақ Әкім бұл жолы «Жерді шетелге жалға беріп, мол инвестициямен қатар озық технологияларды әкелеміз» дейтін қасаң қағиданы нақты дәлелдермен жоққа шығарды.
«Қытайдың 52 компаниясын әкелiп, кәсiпорын ашамыз дейдi. Олар Африка елдерiнде соңғы 20-25 жылда жұмыс жасады. Ол жерде ешқандай жаңалық жоқ. Көршi халық қой, олармен жақсы жұмыс жасауымыз керек. Бiрақ Қытайда медицинада үлкен проблема бар. Үш түрлi онкология - асқазан, бауыр, көкбауыр дертi бойынша әлемде ең алдыңғы орында тұр, бұл әрi қарай өсе бередi. Көк шайды бүкiл Еуропалық одақ алты жыл бұрын тоқтатты. Қытайдан ойыншықтарды алуды да тоқтатты. Келетiн технологиялардың түрлi талаптарға сәйкестiгiн бақылауымыз керек», - деді Жанұзақ Әкім.

Ауылшаруашылық мақсаттағы жерлермен қатар, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлерді бөлу мәселесі де бүгінде көпті толғандырып отыр. Осы орайда, саясаттанушы Айдос Сарым 10 сотық жер беру мәселесінің де құқықтық тұрғыдан нақтыланбағанын көтерді.
«10 сотық деген мәселеге келейікші, бұл енді таза заңдағы популистік бап секілді. Себебі, ол жер кімге берілуі тиіс, қалай берілуі тиіс екені белгісіз. Әр адамға 10 сотық береміз дейтін болсақ, үкіметтің қорындағы жер жетпейді және онша көлемде инфрақұрылым тартылған жер жоқ. Шынын айту керек қой, Алматыда, Астанада, мына Көкшетауда жұртқа беретін жер жоқ. Яғни, бұл мәселенің анық-қанығына жетіп, дұрыстап қолға алу керек секілді, мораторий енгізіп, тоқтата тұру керек пе... Себебі азаматтар арасында жұрт 100 мыңдап алып жатқанда, неге 10 сотық ала алмаймын деген әңгіме болады. Қоғамтанушы, әлеуметтанушы ретінде айтарым, бұл енді таза дау-жанжалдың ошағы. Қазір әкімдіктердің халықпен тілдесуге, түсіндіруге мүмкіндігі бар. Ал ертең 5-10 мың адам жетіп келсе, оларға әкімдік басу айта ала ма, жоқ па, белгісіз. Сондықтан үкімет тарапынан осы мәселеге тоқтау болатын шешім қабылдану керек»,- дейді Айдос Сарым.
Комиссия отырысында Бақыт Смағұл, Төлеген Әбдин, Алмас Сейітқазинов бастаған өңір азаматтары бірауыздан жердің шетелдіктерге жалға берілмеуін, ел азаматтарының да жеке меншікке сатып алмауын шектеу қажеттігін айтып отыр.

Әрине, бүгінгі отырыста белгілі-бір себептермен келсін-келмесін жер саудасын ашық қолдап, реформаға наразылық танытқандарды айыптағандар да болды. ел сенген К. Сағадиев, Б. Тілеухан сынды азаматтардың өзі бұл мәселеде дүбара күй кешіп, бірді айтып, бірге кетіп отырғанда аймақтарда да ондай «кезекші шешендер мен көсемдердің» табылуы заңдылық. Дегенмен, қолына кетпен ұстаған шаруа да, қалам ұстаған журналист те, жер тағдырына алаңдаулы басқа да қарапайым азаматтар Астанадан келген комиссияға елдің тілегін, ұстанымын анық жеткізді. Комиссияның Айдос Сарым, Жанұзақ Әкім, Ақылбек Күрішбаев, Мұхтар Тайжан, Дос Көшім сынды мүшелері де батыл мәлімдемелер жасап, нақты да дәйекті ұсыныстарымен елдің еңсесін көтеріп тастады.

Мұхтар Тайжанның ақпарат құралдарында бірнеше рет дау туғызған С. Кулагинге «Иелігіңде қанша жерің бар?» деген сұрақты төтесінен қоюы, Жанұзақ Әкімнің қытайлық қауіпті технологиялардан сақтандырып, салыстыру жасауы, Дос Көшімнің жер үшін шыр-пыр болған, сонысы үшін биліктің қудалауына ұшыраған азаматтарды ақтап сөйлегені комиссия жұмысының жетістігі деп бағалауға тұрарлық. Шілде айына дейін комиссия түрлі құрамда басқа да өңірлерде жиналатын болады. Сол басқосуларда жергілікті белсенділер батылдық танытып, нақты проблемаларды көтере білсе, Үкіметтің де илігері, амалсыздан болса да аты шулы «Жер кодексіне» өзгерістер әзірлейтіні сөзсіз. Қысқа қайырар болсақ, Жер комиссиясының Көкшедегі бас қосуы көңілдегі біраз күдікті сейілтіп, үміт отын қайта жаққандай болды.
Жомарт Абдоллаұлы