АҚМОЛАДАҒЫ АТЫС – ӘЛЕУМЕТТІК ШИЕЛЕНІСТІҢ КЕЗЕКТІ КӨРІНІСІ (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709025832456_small.jpg

Кеше әлеуметтік желілерде Ақмола облысындағы Бестөбе кентінде «Қазақалтын» АҚ-ға қарасты кеніштердің бірінде болған атыс видеосы тарады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Атқан кім, атқызған кім? Ол жағы әзірге белгісіз. Жазбада оқ тиіп жараланғандар көрінбегенімен, бірнеше рет атылған мылтық даусы анық естіледі. ІІМ баспасөз қызметі басқармасының бастығы Олег Иващенко кикілжіңнің компания жұмысшылары мен кәсіпорынды күзететін «Мыс орда» күзет агенттігі қызметкерлері арасында болғанын, қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын айтыпты.

«Жұмысшыларға атып жатыр (видеода – ред.), аспанға атып жатыр ма, жерге атып жатыр ма, белгісіз. Мылтық травматикалық қару болуы да мүмкін. Барлығы анықталуда. Жұмысшылар мен күзетшілер арасында қақтығыс болды. қазір анықтау үстіндеміз. Мүмкін, күзетшілер аспанға атқан болар. Мүмкін жұмысшыларды, мүмкін торғайларды атқан шығар. Мұның барлығы тергеу барысында анықталады»,- депті ол.

О. Иващенко сондай-ақ, желіде тараған видеоның да тексерілетінін, қақтығыстың түпкі себептері де анықталатынын айтып отыр.

Облыстық ІІД бұған дейін атыцстың 16 маусым күні болғанын, жұмысшылар күзетшілердің жеке заттарын тексеру туралы талаптарына қарсылық танытып, арты қақтығысқа ұласқанын хабарлаған еді. Оқиға орнына Степногорск қаласының прокуроры, ІІБ бастығы мен жедел-тергеу тобы жетіп, анықтау жұмыстарын жүргізуде. Әзірше «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалған. Екі тараптан да жарақат алғандар бар.

«Қазақалтын» кен-металлургиялық комбинаты» АҚ-ы еліміздегі көне кәсіпорындардың бірі болып саналады. Тарихы 1932 жылдан басталатын алтын өндіру кәсіпорыны 1999 жылы «Қазақалтын» ЖШС болып құрылған. Содан бері компания ұйымдық-құқықтық формасын бірнеше рет өзгерткен. «Бестөбе», «Ақсу», «Жолымбет» кеніштері мен екі фабрикаға иелік етеді.

Қақтығыста аты аталатын екінші компания «Мыс орда» ЖШС туралы ашық көздерде мәлімет аз. Тек күзет агенттігінің еліміздің бірқатар облыстарындағы өндіріс нысандарын күзететіні белгілі болып отыр.

Ал, күзетшілердің қарусыз жұмысшыларға оқ атуға құқығы бар ма, жұмысшылардың жеке заттарын тексеру, оларға күш қолдану тәртібі қандай құжаттармен белгіленген, алтын өндіруші компания басшылығы бұл оқиғаға қандай баға береді деген сұрақтар жақын күндері жауабын табады деген сенімдеміз. Бір анығы жеке меншік күзет құрылымы жұмысшыларға қарата оқ атқаны. Сондықтан да мұны ішкі, қызметтік сипаттағы кикілжің деп жылы жауып қоюға болмайды. Еңбек инспекциясы, прокуратура мамандары да әлеуметтік шиеленіске лайықты бағасын беруі тиіс.

«Қамшы» сілтейді    

Қатысты Мақалалар