Сырқат балаларға сыйлық жасалды

/uploads/thumbnail/20170709030104989_small.jpg

«Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры» қатерлі науқастарға, оның ішінде балалар емханаларына қайырымдылық жасауды дағдыға айналдырған болатын. Осы жолы қайырымдылық қоры Алматы қаласындағы «Онкология және Радиология Қазақ Ғылыми Зерттеу Институты» орталығының балалар бөліміне барды. Барғанда да балғын балалық шағында батпандай ауруға жолыққан балалардың көңілін аулап, өмірге деген үмітін оятып, ауыр сырқатпен күресуге жігер беретін жылы көңілімен барды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

«Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры» балалар бөлімінің меңгерушісі Быковская Анна Николаевнаның өтінішімен, балалар бөліміне отызға жуық сапалы жиналмалы төсек және көрпе жастық жиынтығын сыйлап, оның үстіне екі жүз шаршы метр ойын алаңына соңғы үлгідігі төсеніш жатқызып берді. Шара барысында қор өкілдердеріне дәрігерлер де, ата-аналар да шексіз ризалықтарын білдірді.

Жалпы құны екі жарым миллион теңгеге бағаланған сыйлықтарды табыстау рәсіміне ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлы, қор директоры Гүлнар Сейдолла, сондай-ақ қордың қамқоршылар кеңесінің мүшелерімен бірге Асқардың қызы Айдана Жакулина да қатысып, балаларға жігер қайрат бере сөйлеп, қордың мақсаттарымен таныстырды.

Алмас Ахметбекұлы осы жылдың ақпанында дүниеден озған  Асқар Жакулин туралы сыр шерте келе, бүгінде қор қызметкерлері қамқорлыққа ең мұқтаж емдеу мекемелері мен көмекке зәру балаларды өздері іздеп тауып,  қолдау көрсетіп жатқанын айтса, Асқардың қызы Айдана жаздық демалыс кезінде қор жұмысына араласып жүргенін, бұндай сырқатпен күресу сырқат адамға да, оның жанашырларына да қандай рухани салмақ түсетінін әкесінің сырқатынан білгенін жеткізіп, сырқат балаларға жігер бере сөйледі. 

Балалар бөлімі меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы жоғарғы санатты дәрігер Тохмолдаева Қарлығаш Алтынбековна ханым аурухана мен науқас балалардың жайына тоқталып: Балалардың сауығу көрсеткіші жақсарып келе жатқанын осы қордың бірінші маусым "Балалар қорғау мейрамы" күніне ұйымдастырған көңіл көтеру шаралары және бүгінгі іс-шарасы сырқат балалар мен олардың ата-аналарына үлкен қолдау екенін айтып,  Асқар Жакулиннің отбасына амандық тілеп зор рахметін жеткізді. Ал сол ауруханада жатқан  Айсултанның әжесі Ахметова Бану апа қорға деген алғысын білдіре келіп, Асқар Жакулиннің отбасына көңіл айтты.

Қор жетекшісі Гүлнар Сейдолла ханым сөзінде, - «Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қорының» басты мақсаты -  ауруға шалдыққан адамдар ішіндегі ең қорғансыз бөлігі – балаларға  көмек көрсету болып табылады. Қор мүмкіндігінше ең қатерлі аурулармен ауыратын балаларға ем алуға не сондай аурулардың алдын алу шараларына қолдау көрсетеді,- деді.

 «Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры» осы жылдың наурызында Асқардың жары Жайна Жакулина ханымның бастамасымен құрылып мемлекеттік тіркеуден өткен болатын.

Қатысты Мақалалар