Нұрсұлтан Назарбаев: әлем біздің ізгілігімізді сыйлайды

/uploads/thumbnail/20170708151725742_small.jpg

Қазақстан ядролық қауіпсіздікті сақтау бағытында дүниежүзілік қауымдастықтың алдында үлкен абыройға ие болып отыр. Өйткені, біз дер кезінде Семей ядролық сынақ полигонын жаптық. Қолымызда бар ядролық қару арсеналынан өз еркімізбен бас тарттық. Соның арқасында Қазақстанға деген сенім пайда болды. Әлем біздің осы ізгілігімізді сыйлайды, - деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Гаагадағы отандық журналистерге арналған брифингте. Елбасы Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті нығайтуда бірнеше жаһандық бастамалар көтергенін атап айтты. Ең бастысы, қазақстандық көшбасшының сол бастамалары әлемдік деңгейде қолдау табуда. Мәселен, жер жүзіндегі 200-ден астам мемлекетті біріктіретін БҰҰ 29 тамызды – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсылық күні деп жариялап, арнайы резолюция қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздануға шақырған өміршең бастамаларының бірі – 2006 жылы Семейде қол қойылған Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы келісім. Осы келісім-щартқа қосылған мемлекеттер Орталық Азияда ядролық қаруды және оның компоненттерін, басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды жасау, сатып алу және орналастыруға тыйым салатын міндеттемелерді мойнына алды. Осылайша, аймақ елдері саяси ерік-жігерін таныту арқылы ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайтуға, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге батыл қадам жасады. Ал БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун елімізге жасаған сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаевты әлемді қарусыздандыру үдерісіне басшылық етуге лайықты бірден-бір тұлға деп атаған еді. Мінеки, батыл да байсалды Елбасымыз Гаагадағы үшінші жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитінде де бірқатар бастамалар көтерді. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шарттың жиі-жиі бұзылатынын, оны бұзғандарға ешқандай санкция қолданылмайтынын ашық айтты. Бұл орайда мәжбүрлегеннен басқа амал жоқ. Себебі, халықаралық құқықты бұзған мемлекеттер ол үшін жауапқа тартылуы тиіс. «Дегенмен, осыдан 100 жыл бұрын болған оқиғалар (бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы – Т.Т.) қайталанады деп ойламаймын. Ол уақытта жаппай қырып-жоятын қару-жарақ болған жоқ. Егер тағы бір дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанатын болса, онда адамзаттық өркениеттің толықтай жойылып кетуіне қауіп төнері сөзсіз. Сондықтан, бұл мәселені барлық әлемдегі мемлекеттер жақсылап бағамдағаны абзал. Осыған орай, біздің тарапымыздан айтылған БҰҰ-ның шеңберінде жалпыға ортақ ядролық қарусыздану туралы Пактіні қабылдау – өзекті болып табылады және өте орынды деп бағалануда», - деді Қазақстан Президенті. Президенттің пайымдауынша, бүгінгі таңда әлемнің барлық мемлекеттері дау-жанжалдарды тайталассыз және жаһандық сілкініссіз шешудің тиімді екенін түсініп отыр. Алайда, кез-келген жағдайда қандай да бір жекелеген мемлекеттің мүддесі басқалардан асып тұрмауы шарт. Саммиттердің болашағы жөніндегі бейресми пленарлық сессияда сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев жоғары деңгейдегі кездесулерді араға 4-5 жыл салып өткізуді ұсынды. Сөйтіп, мұндай тәжірибені жалғастыру қажеттігінің бірнеше себептеріне тоқталды. Ол қазір әлемде атом энергетикасының «қайта өрлеу» дәуірі байқалып отырғанын тілге тиек етті. Бұл үдеріс сезімтал технологиялар мен материалдарға, ядролық лаңкестіктің қауіп-қатерінің артуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, Елбасы ядролық лаңкестікке қарсы, оның түп-тамырын жоюға бірлесіп күресуге шақырды. – Сонымен қатар, лаңкестікке қарсы жүргізілген науқан мемлекеттердің бейбіт ядролық бағдарламаларын, технология мен жабдықтар, тәжірибе мен білімін алмасу құқын шектемеуі керек. Мысалы, Қазақстан АЭС-ларына арналған ядролық отынның толық циклін өндіруді және атом станцияларын салуды жоспарлап отыр,- деді мемлекет басшысы. Қазіргі таңда халықаралық қауіпсіздікке төнетін ең үлкен қатердің бірі – ядролық лаңкестік екендігі белгілі. Үшінші жаһандық қауіпсіздік саммитіне қатысқан 60-қа жуық әлемдік көшбасшылар да осы мәселеге зор алаңдаушылық білдірді. Атап айтарлығы, жаһандық қауіпсіздік саммитерінде бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Өйткен себебі, барлық мемлекеттер өз аумағындағы ядролық материалдар мен олардың қалдықтарына қатаң бақылау жасап отырған жоқ. Гаагадағы саммитте бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп, талқыға түсті. Әрине, атом медицинада, әскери және т.б. салаларда қолданылады. Сондықтан, бақылау өте қатаң және сапалы болуы керек. Бұл орайда, Қазақстан Президенті МАГАТЭ сияқты халықаралық ұйымның рөлі мен беделін арттыруға күш салу керектігін мәлімдеді. Бұл жерде бақылау МАГАТЭ сияқты халықаралық ұйым арқылы жүргізілгені дұрыс, сонда оның ашықтығына кепілдік беріледі,- деді Елбасы. Ядролық қалдықтарды қатаң бақылаудың Қазақстанға тікелей қатысы бар. Себебі, бұрын Ақтау қаласында атом электр станциясы болғаны мәлім. Сол станцияда қолданылған заттардың кейбірі сақталған. Екіншіден, Қазақстан уран өндіруден әлем бойынша алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Яғни, уран рудасының бақылаусыз тарамауын қадағалап отырғанымыз абзал. Ең бастысы, саммит соңынан оған қатысушы елдер атом материалдарының кейбір арам пиғылды топтардың қолына түспеу қажеттігі туралы үндеу жасады. Нұрсұлтан Назарбаев Гаагадағы жиында Қазақстанның Таяу Шығыста ядролық қарудан азат жаңа аймақтардың құрылуына қолдау білдіретінін жеткізді. – Біз «ядролық бестік» мемлекеттерінің Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы келісім-шартқа қосылған елдердің қауіпсіздігіне жағымсыз кепілдік беру туралы хаттамаға тезірек қол қойылады деп сенеміз,- деді ол. Елбасының айтуынша, ядролық материалдар қауіпсіздігінің жаһандық индексінде Қазақстан 15-ші орында тұр. Біздің мұндай биікке көтерілуімізге саяси және экономикалық тұрақтылық, тиімді заңнамамыз және сыбайлас жемқорлықпен жемісті күресіміз ықпал етті. Семейдегі ядролық полигонды жауып, әлемдегі қуаты жөнінен төртінші орында тұрған ядролық арсеналымыздан бас тартқаннан кейін, Қазақстан АҚШ және Ресеймен бірлесіп полигонның инфрақұрылымын толықтай жойды, - деді Н. Назарбаев. Осылайша, бүгінгі таңда барлық мемлекеттерді ядролық қарусыз әлемге шақырудың жаңа бір парағы жазылды. Ал бейбітшіліксүйгіш Қазақстан ғаламшардағы татулық пен тыныштықты сақтау біздің әрқайсымызға байланысты екендігін тағы дәлелдеп берді. Таңатар ТАБЫНҰЛЫ

Қатысты Мақалалар