Қытай қазақтарының арасында аты танылып қалған қолөнер серіктестігінің бірі - «Мұрағат» серіктестігі. Мұнда қазақтың ұлттық киімінен бастап, өзге де бұйымдары ұлттық нақышпен көмкеріліп, көпке жол тартады. Серіктестіктің өнімдері де сұранысқа ие. Арғы бетте қазақ қолөнерін насихаттап жүрген сол серіктестіктің бас меңгерушісі Гүлмира Тұрғынқызын аз-маз әңгімеге тартқан едік.
- Сізді елдің бәрі "Он саусағынан өнер тамған" деп жатады, ою-өрнекке, ұлттық нақыштағы тігіншілікке қалай келдіңіз?
- Мен осы өнерді бала кезімнен анамның тыным таппай біздің тұрмысымыздың қажеті үшін еңбек еткенінен көріп өстім, сол кісіден көп нәрсе үйрендім. Сол кезде ойлаушы ем, "анамның осы кәсібін дамытып жұртқа танытамын, жетілдіремін" деп. 2012 жылдан бастап шынайы қолға алдым, жай ғана кәсіп үшін емес, ақшасы үшін емес, өзіме шарт қойып, "қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен оюы мен өрнегін нарық арқылы келешекке аманаттауға үлес қосамын" дедім.
Қолға алған кәсібімнен халықтың көңілі мен қажетінен шығатын, қазақи ұлттық ою-өрнектегі киім-кешектер, қолөнер бұйымдары, кестеленген бұйымдар, тоқылған бұйымдар сияқты күнделікті тұрмыста, мейлі ойын-сауықта болсын, қолданылымы жоғары өнімдерді өндіруді мақсат тұттым. Өнімдерім тұтас елге таралса, қажетіне жараса дедім.
- Қазақы нақыштағы қандай бұйымдарды өндіресіз?
Серіктестіктің негізгі өндіретін өнімдері - ұлттық киім-кешектер, қолөнер бұйымдары, кестелік бұйымдар, маржаннан жасалған бұйымдар және тоқымашылық бұйымдар. Сонымен бірге өнімдерді интернетте жарнамалап және интернетте сату жұмыстарын қолға алып жатырмыз.
- Серіктестік қашан, қалай құрылды? Сол туралы да айта отырсаңыз.
- "Мұрағат" қолөнер бұйымдар шектеулі серіктестігінің іргесі 2014 жылы наурыздың 23-і күні қаланды. Менің жоғары мектепте оқып жатқан інім Нұрдын Тұрғынұлы қысқы демалысқа келіп отбасымызбен ақылдасып, анамның тіккен киімдерінің атына марка алуды айтты. Бұл бастама отбасындағы жандардың бірден қолдауына ие болып, Нұрдын киім-кешек маркасын өтініш етіп алды. Осылайша Алланың қолдауымен, отбасындағы ата-анамның зейнетақысын алып жұмыс бастадық. Мен және анам заттың өндірісіне жауапты болды, әкем қазынаны басқарды. Нұрдын Қытайдағы барлық қазақ ұлты жиі баратын орындарды аралап жүріп, заттарды сатты. 2013 жылы Нұрдын жоғары мектептегі оқуын аяқтап қайтып келді. Сол уақытта мен Нұрдынға өзімнің үлкен жұмыс істегім келетінін айттым, ол келісіп, менімен бірігіп, серіктестік құрып жұмыс істеуге қосылды. Жұмысымыз алға басып, мақсаттарымыз орындалып жатыр.
- Серіктестігіңіздің атауын неге "Мұрағат" деп қойдыңыз?
Серіктестіктің аты бұлай тектен тек қойылған жоқ. Анам кішкене кезінен ұлттық киім-кешек пен кесте тігумен бой жеткен, кейін 1997 жылдан бастап отбасында отырып жұмыс бастап істеген, анамның ерекшелігі қазақтың ою-өрнегін ойдан шығарып жасампаздық істеуге талпынған, бірақ үлкейтіп істеуге отбасылық жағдайымен шарасы болмады. Анамның осы жұмысын бала кезімнен армандадым, анамнан мұра боп қалған осы кәсіпті кейінгі ұрпақтарға мәңгі жалғаса берсін деген ниетпен "Мұрағат" деп ат қойып, "Мұрағат" қолөнер бұйымдар шектеулі серіктестігін құрдым.
Негізгі мамандығыңыз қандай? Тігіншілікті арнайы оқыған ба едіңіз?
Мен 2006 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін музыканы оқыдым, 2008 жылы Қазақстанға келіп, Құрманғазы атындағы ұлттық Консерваторияда білім алдым. Бірақ, сол кезде сырттай тұрмыс-тіршілік үшін ажарландыру, шаш жасау жұмыстарын қосымша істеп жүрген кезім де болды. 2012 жылы кәсіп ашып жұмыс жасау ойыма келді. Ауылға қайтып келіп шаш сәндеу орталығын аштым, бірақ ажарландырудан гөрі үйленген қыз-жігіттерге өзге қажеттіліктер керек болған соң, шаштаразды киім-кешек орталығына өзгерттім.
- Бұл өнімдеріңізге Қазақстаннан тапсырыс берушілер бар ма?
- Әрине, ашық нарық болған соң, сауда-саттық болған соң түрлі тапсырыстар түсіп жатады. Өнімдерімізге сұраныс жоғары. Елге танымал, өнер, мәдениет қайраткерлері үшін де киім тіксек пе деген де жоспарымыз бар. Жақында ғана 65 жасын дүркіретіп атап өткен ақын, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман ағамыздың үйінде арнайы қонақ болып, өзіміз тіккен шапанды сыйға тарту үлкен мәртебе болды біз үшін. Ұлттың сөзін ұстаған ағаларымыз ұлттық нақышта тігілген өнімдерімізге өз бағасын беріп жатса, қалай қуанбаймыз?

Көрмелерге қатысып тұрасыз ба?
Қазақстанда көрмелер жиі болып тұрады. Шамамыз келгенше қатысып тұрамыз. Қытайда өткізілетін халықаралық Азия-Еуропа көрмелеріне де қатыстық. Алға қойған мақсат, жоспарларымыз – өндірісті кеңейту, ұлттық брендті насихаттау. Ұлттық өнерді арқау еткеннен кейін ұлттың руханиятына, сол салада еңбек етіп жүрген азаматтарға да қол ұшын созсақ, демеу болсақ деген де үмітіміз бар.
Сұхбаттасқаныңызға рақмет.
Сұхбаттасқан: Ерлан Төлеубай