Алматы әкімдігінің бастамасымен қалада ақылы автотұрақтар қайта жасақталуда. Электронды ақы төлеу құрылғылары орнатылды. Сөйтіп, жол жиегіне көлік қою үшін алынатын төлемдер бұрынғы «қара нарықтан жарыққа шығарылмақ». Бүгін ақылы паркомат жүйесі толық күшіне енді. Оған ақы төлемегендерге 3 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, тіпті, көліктері де эвакуаторға "жүк" болуы мүмкін.
Қала әкімі жанындағы Қоғамдық кеңес мақұлдаған паркомат жүйесі шенеуніктерге жаққанымен қарапайым тұрғындарға қолайлы ма деген сұрақ туады. Әзірге белгіленген тұрақтарға көлік қойғандар әр сағат үшін 100 теңге төлеуі керек. Алда, көлік кептелісі жиі болатын орындарда бұл бағам 300 теңгеге көтеріледі деген де әңгіме бар. Енді осы жерде бұрын жол жиегіне көлік қойғандардан ақша жинайтын бұрынғы «жасыл желеттілер» мен бүгінгі паркоматтардың парқына үңілсек.
Бұрын көлік тұрақтарына жүргізушілер уақыт ұзақтығына қарамай 50-100 теңге көлемінде ақы төлейтін. Енді әр сағат үшін 100 теңге төленеді. Бұрынғы 100 теңгені көп көріп, «жасыл желеттілермен» жағаласып жүрген алматылықтарды бұл өзгеріс қуанта қоймайды. Неге? Өйткені, көліктерін жол бойына қалдыратындардың барлығының жұмысы бір сағат ішінде бітеді дей алмайсыз. Біреу, базар аралауға
келеді, біреу шаштаразға барады. Базар аралауға кемі екі сағат уақыт қажет болса, шаштаразда да сонша уақыт отырып қалуыңыз мүмкін. Сонда бұрын 50-100 теңге ғана төленетін тұраққа енді 400-500 теңге ақшаңызды қиюға тура келеді. Көлігін жұмыс орнының айналасындағы тұрақтарға жарты күнге қалдыратындар қайтеді? Әділдік қайда? Бұрынғы «жасыл желеттілер» заңсыз ақша жинап келген дедік. Ал, мына «заңды» ақша жинаушылардың ісін не деуге болады? «Заңдының» бәрі «қымбат» болуы керек пе? Ақылы автотұрақтардың автоматты жүйесін енгізгенде осы жәйттер неге ескерілмеген?
Қала өміріне енетін жаңалықтың барлығын қала тұрғындарының қалтасынан қаржыландыруға әкімдік пен оның айналасындағы кәсіпорындар дәндеп алғандай. Жыл басында қолданысқа енген «Оңай» электронды билеттендіру жүйесі де көптің наразылығына ұшырады. Тиімсіздігі үшін емес, тағы да ұйымдастырушылардың шалағайлығы үшін. Әкімдік насихаттаған жүйені қолданысқа енгізу үшін жолаушылар өз қалтасынан 320 теңге беру керек болды. Жүйе қолданысқа енген алғашқы айларда-ақ «Оңай» карталарының миллионға жуық данасы сатылғанын ескерсек, халықтың қалтасынан қанша қаражат жиналғанын есептеп шығу қиын емес...


Маусым айының соңын ала орнатылып, іске қосылып жатқан мына паркоматтар да әкімдіктің «оңай» олжаға, бюджетті толықтырудың бұқара халықтан басқаның қалтасына салмақ салмайтын осындай «қарапайым» әдістерінен басқаны байқамайтынының бір белгісі. Тек, қала билігінің бұл бастамаларына құқықтық, заңдық негізде наразылық білдіріп, елдің мүддесін қорғаған автокөлік жүргізушілерінің одағы, тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарының болмағаны қынжылтады. Ал, ол «жаңалықтарды» енгізуден түсетін қыруар қаржыға кімдер кенеліп жатыр деген сұрақ өз алдына бөлек мәселе.
Жомарт Абдоллаұлы