Ататүрік атындағы Ыстамбұл әуежайында 28 маусым күні кешке 2 бірдей жарылыс болды. Оқиға салдарынан түрлі деректерге сәйкес 31-32 адам қаза тауып, соңғы мәлімет бойынша 150-ге жуық адам зардап шеккен, - деп хабарлайды Qamshy.kz Би-Би-Си- ге сілтеме жасап.
Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған мұны теракт деп атап, қасиетті Рамазан айында бейкүнә адамдарды өлтірген қаскөйлердің іс-әрекетін сынға алды. Ердоған халықаралық қоғамдастықты терроризммен күресуді күшейтуге шақырды.
Сейсенбі күні кешке Ыстамбұлда Ататүрік атындағы халықаралық әуежайда жарылыстар мен атыстар болды.
Түркияның әділет минстрі Бекир Боздагтың сөзіне қарағанда, мұны үш жанкешті жасаған.
Шабуылшылардың бірі Калашников автоматымен күзетшілерге оқ жаудырды, деді Боздаг.
Өзге мәліметтерге қарағанда, шабуылшылар автоматтармен оқ жаудырып, кейін өз өзін жарған.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, қаскөйлердің бірі әуежайдың кіреберісінде орналасқан металл іздейтін жабдықтың қасында шоғырланған адамдардың арасында тұрып жарылғыш затын іске қосқан.
Жарылыстан кейін Ыстамбұл халықаралық әуежайынан ұшырылады деп жоспарланған барлық рейстер кейінге шегерілді. Жолаушыларды қонақ үйлерге жайғастырды.
Әзірге бұл қылмысты ешкім мойнына алмады.