Менің көрші апам жетпіске келген шағында әсіре діншілдердің ортасына түсіп кетті. Араб тілінің курсына барып жүрген, содан діни топтардың отырыстарына қатысуы жиіледі. 1990 жылдар еді ғой. Ол кезде араб елдерінен келген, сол жақта оқыған арапшыл исламистерді қоғам жақсы қабылдап, «Кеңес кезінде қыспақ көріп едік. Енді нағыз мұсылман болатын болдық» деп қолдағаны белгілі. Балаларын медреселерге беріп, арап тілінің курстарына қызметкерлер тұрмақ үй шаруасындағы әйелдерге дейін көптеп қатысты. Менің әлгі апам да балаларының «Жетпістен астам адамға діншіл жастардың ортасында жүріп не керегі бар? Үйде намызыңызды оқып, немерелеріңіздің ортасында отырмайсыз ба?» деген сөзіне қарамастан уақытының көбін уағыз айтушылардың ортасында өткізуді әдетке айналдырды.
Апамның арабиялық насихатшылардың уағызынан басы айналғаны сонша, «Біздің арғы тегіміз араб екен. Арғын да, қожа да, бәрі содан тараған екен» дегендей әңгімелерді айта бастады. Бір күні «Ұлттық дәстүрдің керегі жоқ. Ислам парыздарын ғана орындасақ болды. Той, мереке дегендер қажет емес» деген апамыз ағайын-туыстың шақырған тойларына да бармайтын болды. Өмір бойы ЖОО-да профессор боп, кеңес Одағы кезінде Одақ елдерін кеңінен аралап, талай ғылыми жиындарда баяндама жасаған абыройлы ғалым енді қартайғанда «Бұған дейінгі сүрген өмірім бекер екен» дегенді шығарды. Балаларының қуанышына да селт етпейді, немерелерінің жетістігіне де мән бермейді. Бұл дүниеден баз кешіп, мұңлы күйге түсті.
Араб тілінің барлық деңгейлерін тоғыз жылда оқып бітірсе де басы айналғаны сонша, бастапқы деңгейінен қайта бастап, Алматыдағы діни университеттің арап тілі курсына жаңадан жазылды. Бұл кісінің үлкен балалары бөлек тұрады, әрқайсының өз отбасы бар. Апамыз кіші ұлымен тұратын. Ұлы келінімен ажырасып кеткен соң ішуді бастады. Жұмыстан үйге келгенде апамыз көбінесе болмайды. Араб тілінің курсына барып, одан кейін түнге дейін уағызшылардың (олар пәтер жалдайды екен) жиынына қатысады.
Айналасына мейіріммен қарайтын, жұртқа сыйлы адам еді, әсіре ислами көзқарасты бұл кісіден туыстары да алшақтай бастады. Араб тілінің мұғалімі діни кітаптарды көп берген екен. Оқи-оқи 45 жыл ғылыммен айналысса да ауырмаған көзі ауруға ұшырап, көруі нашарлап кетті. Апамыз арабшыл исламистердің ортасынан сонда да шықпады. «Курстағы жас балалардан қалып қалғаным ұят болады» деп, оқи берді, оқи берді. Бұл дүниеден безінген соң апамыздың ауру-сырқауы да көбейіп, аяғынан жүруге жарамай қалған кезде діни топтарға баруын бірақ тоқтатты.
Осы кезде баласы екінші әйел алған. Келін мұсылман, бірақ әсіре діншілдіктен ауылы алыс, шет ел фирмасында істейді. Бұл үйге жаңа тәртіп ала келді. Яғни, зайырлы қоғамға тән дәстүрлі отбасы орнады. Апамыз енді келін жақтырмай ма деп, бұрынғыдай арап идеологиясына негізделген діни кітаптарды оқымайтын болды. Бүгінде бұрынғыдай ағайын-туғанмен жақсы араласатын, немерелеріне көңіл бөлетін, мейірбан әжей қалпына қайта оралды.
Дана Қамшыбек