Инновациялық технология құмыра жасаудан басталған

/uploads/thumbnail/20170709032518566_small.jpg

Қыштан жасалған ыдыстарды тек мұражай экспонаты деуге болмас, қарпайым кесенің инновациялық технологияға қандай қатысы болуы мүмкін? Инновациялық технология дегеніміз жаңа дүние емес пе? Ал, жапондар инновациялық жобаларға ежелгі дәуірде-ақ кіріссе керек.

Отыз мың жылдық тарихы бар сонау Дзйомон дәуірінен бері келе жатқан қыш құю деген өнер түрін қазіргі заманауи өндірісте мейлінше кеңінен пайдаланады. Қыштан көлемі шағын әмбебап дауыс күшейткіш, кеңістікті жаман иістен залалсыздандыратын жұмыртқа, қарындаш, қаламдардың жаңа түрі жасалады. Ұсақ-түйек зат деп мән бермей қоюға болар еді, бірақ киотолық шеберлер жасаған автокөліктің турбореактивті двигателі бар емес пе? Жапон автокөліктерінің моторы мен басқа да бөлшектерінің құрылымынан қыш құюшының қолтаңбасы табылар еді. «Ниссан» зауыты энергия тиімділігін 20 пайыздан 40 пайызға арттыру мақсатында автобөлшек өндірісіне Киото қыш құюшыларын жұмысқа тартып отыр.

Қыш құмыра жасаушылардың медицинаны дамытуға да үлкен үлес қосып отырғаны байқалады. Мысалы, эхографикалық диагностика аппаратын жасауға ұлт шеберлері қатысқан. Бұл компьютерлік аппараттың ерекшелігі сонда, адамның еш жерін ауыртпай, ішкі құрылысын толығымен айнадағыдай етіп түсіреді екен. Құрсақтағы сәбидің өсуін де аталмыш құрал дәл көрсетеді деседі. Дүниежүзіндегі ең жіңішке медициналық инъекциялық ине де Жапонияда жасалған. Ұшының диаметрі 0,2 мм, жоғары жағы 0,35 мм. «НАНОПАСС-33» инесін дәстүрлі шеберлердің бірі ойлап тауыпты. Бұл ине әлемнің медицина мекемелерінде үлкен сұранысқа ие.

Шиншю шеберлерінің көмегімен жасаған антибактериялық мата мен қыш кафель ауруханалардағы операция бөлмелерінде пайдаланылады. Антибактериялық лас иісті дезинфекциялайтын, құрамында қыш бар шатырлар да медицина мекемелеріне арналса керек. Қыштан тот баспайтын һәм сынбайтын пышақ пен жарылмайтын ыдыс-аяқты былай қойғанда жан-жануарлардың сүйектерінің көшірмелері жасалады.

Жапонияда қышты IT технологияға кеңінен пайдалану ісі 1980 жылдары қолға алынған. Автокөлік зауыттары, ғарышты зерттеу орталықтары, ғылыми институттар ауыл-ауылдағы құмыра жасауды кәсіп еткен мамандарды жұмысқа тарта бастады. Қыш құю Күншығыс елінде атадан балаға берілетін өнер ретінде бағаланады. Тарихы 1300 жылдан асатын әйгілі алты қыш құятын қазан Сэто, Токонамэ, Йочидзэн, Шигараки, Танба, Бидзэн жерлерінде сақтаулы. Дәстүрлі шеберлердің қолынан шыққан көптеген құмыралар ХІХ ғасырда Еуропаға әкетіледі. Еуропа шаһарларындағы мұражайлардан Жапонияның Имари, Сацума, Кутани сияқты өнер мектептерінің туындыларын көруге болады. Жапонның қыш құятын пештері де ежелгі дәуірден тиімділігімен ерекшеленсе керек. Шичирин деген пеш түрі жай қондырғы екі апта бойы құятын құмыраны 1-2 сағатта әзір ететін жылдамдығымен белгілі.

Шарафат Жылқыбаева

жапонтанушы

Қатысты Мақалалар