Бейбіт Ыстыбаев Астанада өткен ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» VІ республикалық турнирінде жеңімпаз атанып, алтын белбеуге ие болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz Bnews.kz -ке сілтеме жасап.
Ақтық айқаста «Тараз арланы» лақап атымен белгілі Бейбіт Ыстыбаев оңтүстік палуаны Жұманазар Ерсұлтановпен белдескен еді. Нәтижесінде Бейбіт қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.
Осылайша Жамбыл облысынан шыққан Бейбіт Ыстыбаев 3-ші рет «Қазақстан Барысы» атанды.
Бейбіт осыған дейін 2012,2015 жылдары «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алған болатын. Балуан 25 млн теңгені қанжығасына байлап, Астана қаласындағы бір бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. Ал оның бапкеріне 3,5 млн теңге табысталды.
Ал «Қазақстан Барысы-2016» турнирінің күміс жүлдесі оңтүстік балуаны Жұманазар Ерсұлтановқа бұйырды. Балуанға 5,5 млн теңге беріледі. Ал оның жаттықтырушысы 1,8 млн теңге көлеміндегі қаржылай жүлдеге ие болды.+
Жарыстың қола жүлдегері Айбол Айтбек 1,8 млн теңгені алды. Ал бапкері 900 мың теңгені қанжығасына байлады.
Сонымен қатар, «Көрермен көзайымы» атағын алматылық палуан Виктор Демьяненко жеңіп алды. Оған 1 млн теңге ақшалай жүлде табысталды.
Ал турнирдің қорытындысы бойынша Алматы облысынан келген Александар Касачев «үздік балуан» атанды. Осылайша, ол жеңіл автокөлікке ие болды.
Айтулы доданы Қазақстанның ұлттық арнасы мен «Kazsport», сондай-ақ Түркияның «ТРТ» арнасы және Ресейдің «Боец» арнасы да тікелей эфирден көрсетті.