Алматыда арнасынан асқан өзен 150 үйдің ауласын шайып кетті. №2 жылу электр станциясының маңында орналасқан үш құбырдың екеуі қоқысқа толып, су үлкен қысыммен өтіпті. Салдарынан төменірек орналасқан саяжайдағы жұрттың ауласы суға толып, көпірлер қираған, - деп хабарлайды Qamshy.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Қазір мұнда арнайы техниканың өзі әзер өтеді. Тұрғындардың айтуынша, жағдайдың ушығуы өзен аңғарын жөндеуден кейін басталған. Жағалауды нығайтамыз деген шенділер, істі шала атқарып, арнаны тарылтып тастапты.
Кеше түс қайта Қарғалы өзені қаланың төменгі бөлігіндегі қос саяжай тұрғындарының тыныштығын бұзды. Арнасына сыймаған су сыртқа төгіліп, жан-жаққа жайылған. Бұған №2 жылу электр станциясының маңындағы диаметрі 1 метрлік үш құбырдың екеуі қоқысқа толып қалуы себеп болыпты. Жалғыз құбырдан өткен лай судың жылдамдығы артып, жұрттың баспанасына дейін кірген.
Абат Ибраимов, саяжай тұрғыны:
– 10 минутқа жеткен жоқ үйдің ішіне су кіріп кетті.Техника, жиһаздың барлығыжарамсыз болып қалды. 2 сағат бойы өз күшімізбен арпалысып көрдік, еш нәтиже шығара алмадық. Неге десеңіз су қатты келді!
«Теплоэнергетик» пен «Энергостроитель» саяжай бірлестіктеріндегі 150 үйдің бау-бақшасы су астында қалды. Кішігірім көпірлер де қирап, жолдар ми батпаққа айналған.
Өзен арнасын абаттандыру кезінде бетондау жұмыстары мен темір торларға толтырылған тастар пайдаланылған болатын. Жоғарғы жақта жағдай қалыпты, бірақ ағынды су екпінмен келген кезде мына темір торлардың тас-талқанын шығарып, су аулаларға жайылған. Арнаға сыймаған су саяжай бірлестігінің төменгі бөлігінде орналасқан мына сайға жиналуда. Сағат санап бұл жердегі жағдай қиындай түскен. Себебі, сайдан шығар жол таппаған су осы жерде тұрақтап, оның деңгейі көтерілуде.
Бұл саяжайлар 2012 жылы ғана Алатау ауданының құрамына кіріп, әкімдік бірінші кезекте өзен мен арықтарды жөндеуге кіріскен екен. Бірақ атқарылған жұмыс сапасы жергілікті тұрғындардың көңілінен шықпай тұр.
Ольга Панковская, саяжай тұрғыны:
-Бұрын өзен секундына 11 текше мерт су өткізсе, қазір небәрі 5 текше метр өтеді. Бұл құрылыс кезінде техникалық талаптардың сақталмауынан болды. Әкімдік жұмыстарды гидротехникадан хабары жоқ адам жүргізгенін мойындап отыр. Қайта жөндейміз деп жүргендерінде бізді осымен 8-рет су басты.
Қазіргі таңда апатты ауданда төтенше жағдай департаментінің мамандары жұмыс жүргізуде. Бірақ жұмылдырылған техника мен құтқарушылары санына қарағанда бұл ұзаққа созылатын секілді.
Тимур Тілеубердиев, Алматы қалалық құтқару қызметінің бөлім бастығы:
–8 мотопомпа, 2 экскаватор, 2 самосвал Камаз, 3 экипаж құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. 8 помпаны 8 үйге қойдық, үйлеріне су кіруі мүмкін жерлерге. Ал қалған аулалар кезекпен алынады.
Мотопомпапен сорылған судың орнын нөсер жауын бұрыңғы деңгейге қайта көтеруде. Ал құм толтырылған қаптар мен уақытша бөгеттер ойдағыдай нәтиже бермей отыр. Жақын маңда туыстары бар жұрт сол жаққа көшсе, кейбіреулер тілсіз жаумен күресу үшін баспанасында қалған. Ал ауа-райын болжаушылар жақын күндері жауынның жалғасатынын хабарлады. Сондықтан Алматы мен оның маңайы қайтадан су астында қалу қаупі сақталуда.