Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі 26 маусымда Қарағанды облысының Балқаш қаласында және Гүлшат елді мекенінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны қолдану арқылы террорлық актіні жоспарлаған радикалды топтың іс-қимылының жолы кесілгенін хабарлады. Террорлық актіні дайындады деген күдікпен аталған топтың 5 мүшесі қамауға алынды. Гүлшат кентінде қылмыскерлерді ұстау барысында терроршылардың біреуі өз-өзін жарып жіберіп, алған жарақаттардан көз жұмды. Абырой болғанда басқа құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Қарағанды облысындағы терроршылар ісі» бойынша жауапқа тартылғандардың барлығы – еліміз үшін дәстүрлі емес «салафизм» діни ағымына шынайы берілгендер. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне хабар берген ақпарат көздерінің айтуынша, терроршылардың ең кішісінің жасы – 30-да, ең үлкенінің жасы 39-да екен. Оқиғаға куә болғандар 26 маусым күні терроршыларды құрықтау операциясы кезінде Гүлшат кентіндегі Школьная көшесіндегі үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілгенін хабарлады. Қылмыскерлерді құрықтау кезінде осы үйдің шатырында жарылыс болып, соның нәтижесінде 36 жасар терроршының бірі көз жұмды.
Сонымен қатар, сол күні кешкі сағат 19.15-те Балқаш қаласындағы тұрғын үйлердің бірінен діни әдебиеттер, флэш-карталар, ұялы телефондар тәркіленді. Бөкейхан көшесіндегі пәтерлердің бірінен нитроглицериннің химиялық рецепті, қышқыл, сұйық еріткіш, стартердің релесі, электр сымдары табылды. Бұл факті сотқа дейінгі тергеу істерінің ортақ тізімінде 287-ші баптың, 2 тармағы бойынша (оқ ататын қару мен оқ дәріні заңсыз жолмен алу, тарату, сақтау) тіркелді. Сотқа дейінгі тергеуден анықталғанындай, террорлық топ рамазан айында теракті жасамақ болған. Олардың түсінігінше, «ораза айында жасалған мұндай әрекетті бүкіл әлемдегі терроршылар мен діни экстремистер жоғары бағалайды».
Қазіргі кезде қылмыстық топтың ДАИШ халықаралық террорлық ұйымымен байланысының болуы тексерілуде. Бастысы, олардың терроршылардың идеологиялық ықпалында болғаны (ДАИШ ұйымының иделогиясымен уланғаны) нақты анықталып отыр. ИГИЛ, ИГ, ДАИШ деген әртүрлі атаумен аталатын бұл ұйым 2015 жылғы 15 қазандағы Есіл аудандық сотының шешімімен террорлық және экстремистік деп танылып, Қазақстан аумағында қызметіне қатаң тыйым салынғаны мәлім. Жоғарыда аталған террорлық топтың жетекшісі («әмірі») болып У. Е.Д. сайланған. Сондай-ақ, топтың әрбір мүшесінің атқаратын рөлі, атап айтқанда, жарылғыш заттарды іздеп-табу, қолдан жарылғыш заттарды дайындау, қылмыс жасауға қажетті автокөлік пен ақша іздеу бөлініп берілген.
Балқаштағы терроршылардың арам ниетін жүзеге асыра алмауына арнайы қызметтердің біліктілігі мен кәсібилігі себеп болғаны рас. Сонымен қатар, бұл жерде қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығына көзжұмбайлықпен қарай алмайтын қарапайым азаматтардың сақтығы ерекше рөл атқарды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қадап айтқандай, террористік актілер қоғамның көңіл-күйін өзгертті, халық оларды әділ айыптап, батыл әрекет күтетін күнге жетті. Ең бастысы, Балқаш оқиғасы соңғы кездері қоғамда белең алған дәстүрлі емес дін идеологияны ұстанушылардың күдік туғызатын барлық іс-қимылдарына халықтың дер кезінде назар аударуы қажеттілігін көрсетіп берді. Бірлігі мықты, қырағылығы күшті қоғамды ешқандай да қауіп-қатер қорқытып-үркіте алмайтынын дәлелдеп берді.
Қазіргі кезде елімізде салафизм идеясын жақтаушылардың саны 15 мыңға жетті. Дін істері жөніндегі комитет таратқан ақпарат бойынша, 80 мыңға жуық қазақстандықтар салафиттік идеологияны насихаттайтын ғаламтордағы сайттарға кіреді. Өткен жылдан бүгінге дейін діни мазмұндағы заңға томпақ келетін 22 мың материалға тыйым салынған. Соңғы кездері отандық дінтанушылар заңсыз насихат жасаушыларды жазаға тарту үшін заңнама түзету енгізуді ұсынуда. Себебі көп жағдайда діни радикалдар үгіт-насихатын пәтерлерде, жабық жиындарда өткізетіні рас. Алайда терроризм деген тажалмен шындап күресеміз десек, бәлкім тұтас салафизм идеологиясына қатаң тыйым салу керек. Себебі елімізде сотталған террористердің 400-ден астамы осы салафиттік ағымды ұстанушылар болып табылады. Олардың ішінде шетелдердегі әскери қимылдарға аттанып жатқаны да бар. Жуырда Бас Прокуратура мынадай ресми мәлімет келтірді: 2016 жылдың 5 айында Қазақстанда терроризм мен экстремизм бабы бойынша 38 адам сотталған. Солардың кейбірі Украина мен Сириядағы әскери қимылдарға қатысыпты.
Әмірлан Әлімжан