Жер бетіндегі әр мемлекеттің астанасының өзіндік тарихы мен ерекшеліктері бар. Бүгінде тұрғындарының саны 15 миллионнан асқан Токио шаһары Жапонияның тарихы тереңнен бастау алатын астанасы ретінде белгілі. Бұл қаланың ерекшеліктері көп. Енді соның біразына тоқталайық.
Бүгiнде дүниежүзiндегi ең биiк мұнара Токиода орналасқан. Биiктiгi 634 метр болатын әлемдегi ең биiк телемұнараны жасауда жапон архитекторлары мыңдаған жылдық тарихы бар тәжiрибенi пайдаланған. «Ұзын ағаш» жапон жерiндегi сан-алуан биiктiгi 200 метрден жоғары болатын мұнаралардан да асады. Бүкiл әлемнiң архитекторларының аузын аштырған, таңдай қақтырған мұнараға сандық теле-радио тарату жүйесiнiң антенналары орнатылған.
Эдоның шоқ жұлдызы болған Асакуса ауданына Токугава шйогун Йошивара ойын-сауық орталығын жасап кеткен. Сэнсоуджи ғибадатханасының алдынан басталатын Асакуса ауданы ежелден шеберлер мен шаруалар шаһары болған. Кагаваның укйоэ гравюрасында Асакусаның алғашқы кезеңiндегi көрiнiсi бейнеленген. Қанша ғасыр өтсе де ағаштары да орнында, дүкендерi де көз алдыда тұр.
Жапонияның символы Фудзияма тауы Токионың оңтүстік батысына қарай 90 шақырымдық жерде. Тауды Токио қаласынан да көруге болады.
Алтын жауған аймақ Акихабара (Күзгi жапырақ жазығы) әлемге электр тауарларымен танымал. Эдодзубойубу деп аталатын Эдо картасын көркем бейнелеген алтын шымылдықта Акихабара айшықтары айрықша әдемi. Күмiс кенi Гиндза Эдо дәуiрiнде күмiс ақша сарайы болса, бүгiнде қаржы нарығындағы Токионың маңызды аймағы ретiнде әлемге танымал.
Жапон астанасының көзiнiң қарасы Мэгурогава өзені Токионың Оңтүстiгiнен ағып жатыр. Жағасында зәулiм ғимараттар бой түзеген Мэгурогаваның көпiрi көне заманда Тайкохаши деп аталған. Доғал көпiрдiң пiшiнi тайко ұрмалы аспабына өте ұқсас болған. Эдо дәуiрiндегi өзен көрiнiсi укйоэ гравюраларында ғана сақталған.

Жапондар Токиода туғандарды эдокко деп атайды. Бұл Эдо ұлы деген сөз. Эдо (Токионың көне атауы) ХҮIII ғасырда-ақ дүниежүзi бойынша сауаттылық деңгейi ең жоғары қала болған. Ол кезде Эдода 1 миллион 30 мың адам тұрған. Ал әлемдегi iрi қалалардың бiрi Лондонда халық саны 700 мың болса, Париждi ол кезде жарты миллион кiсi мекен етiптi.
Шарафат Жылқыбаева
жапонтанушы