Таразда 158/4 түзету мекемесінде үйлену тойы өтті. Бостандықта бастары қосылмаған жас жұбайлар түрмеде заңды түрде некелерін қиды. Ынтық жандар бұл күнді жеті жыл күтіпті, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Түрмедегі тойға бас құда ретінде түрме басшылығы түгел қатысты. Келін түсіруге түзету мекемесі барынша дайындалған. Астанадан келген қалыңдық той үшін Таразға күні кеше табан тіреген. Көптен бері сүйіктісін көрмеген келіншек толқынысын жасыра алмады. Ал күйеу жігіт Оралбек Ахановта тіптен маза жоқ. Бүгін қос жүрек кездесуге ынтық болып, ұйқысыз өткізген түндердің өтеуі ретінде қуана қауышты. Көпшілік той төріне жас жұбайларды бар сән салтанатымен шығарды.
Қолына құсын қондырған Оралбектің жасы 38 болса, Ботакөз одан екі жас үлкен. Түрмеге дейін көңілдері жарасқан жұп азаматтық некеде болған екен. Сүйгенімен енді қосылайын деп жүргенде Оралбек "есірткі сатты" деген айыппен 12 жылға сотталып кетіпті. Бірақ қос ғашыққа бұл кедергі болмапты. Жеті жыл байланыс үзбеген жұп бүгін неке жүзігін тақты.
БОТАКӨЗ АЙБЕКОВА, Қалыңдық:
- Осы уақытқа дейін бір-бірімізбен байланыста болдық. Сырласып, сырымызды айтып жүрдік. Енді аллаға шүкір осы күнге жеткенімізге. Бақыттымын, әр қашанда бақытты болатынымзға сенемін.
Алайда жас шаңырақты толыққанды отбасы деуге әлі ерте. Оралбек тағы бес жыл жазасын өтеуі тиіс. Бостандықтағы Ботакөз бұл күнді де күтуге бар. Екі жасқа түрме басшылығы ерекше тарту дайындапты. Тойға тарту болсын деп бал айы ретінде жолдама бермесе де, ынтық екі жасқа екі күн, екі түн бірге болуға мүмкіндік жасапты.