«Евразия» арнасының көрерменді ғана емес, Қазақстанды мазақ еткен кезекті қойылымы тағы да арна эфирінде жалғасты.
«Евразия» арнасының басшылығы бұл жолы эфир арқылы қазақ тілін мазақ қылғысы келді ме, әлде арнада қазақ тілін білетін бірде-бір маманның жоқтығы ма, әйтеуір эфирде «шала қазақтың» жазуы жазылды.
Күні кеше Астана күніне орай жаңалықтар қызметі ұсынған бейнематериалда екі сөзден екі қате жіберіп, қала күніне «тосын сый» жасап жіберді.
Ел еңсесі – Елорда емес, «Елрда» екенін айтқысы келген арна басшылығы «салатанаты» жарасқан Астананы мерейтойымен осылай ерекше құттықтағысы келген сияқты.
Өздерін №1 арна санайтын “Евразия” арнасы бас тақырыптың өзінен өрескел қате жіберіп, Елорда деген бір сөзді дұрыс жаза алмай, «ЕЛРДА ЕҢСЕСІ – ЕЛ ЕҢСЕСІ» деу арқылы елдің еңсесін түсіре алмасы анық. Сәулет-салтанаты келіскен қаланың САЛАТАНАТЫН келістірген тілшілер мен редакторлар қай арнада қызмет етсе де, өз тілін құрметтемейтін біреу болса керек-ті.
Әйтпесе, жаңалық эфирге шығардың алдында тілші жазған материал қаншама адамның (шығарушы редактор, редактор, продюссер) алдына барып, сүзгіден өтері қарапайым жұртқа айтпаса да түсінікті нәрсе. Ендеше өрескел қателерді «байқамай» қалған арна ұжымы қазақ тілін таптағанымен қоймай, өздерінің тым сауатты екендіктерін көрсетті.
Сауаты жетіспеген арна ұжымынан кәсіби біліктілікті талап етудің өзі күлкілі. Осы орайда, күллі қазақтың намысына тиген арнаның әлгі қылығы... Жер мәселесі кезінде де ортаға бүлік тастап, артынан өз істерін жуып-шайған да осы арна болатын. Жерді сату мен жалға беруге қарсы митинг қатысушыларына әлдебір сыртқы күштердің 150 АҚШ долларынан таратып жатқанын сеніммен хабарлаған еді. Ал сосын бұл қоғамда үлкен дау тудырып, артынан өз әрекеттерін «жуып-шайған» «Евразия» арнасы енді келіп тілімізге «түкіріп» қалыпты.
Қазақ тілін керек етпейтін арна қазаққа да керек емес. Көршілес Ресей Федерациясының арнасы қазақ тілді тілшілерін оқытып алсын, әйтпесе мемлекеттік тілде қате жазып эфирге жіберген әрекеттерін ешнәрсе ақтай алмайды.
Ел арасында қадыр-қасиеті қалмай бара жатқанын түсінетін басшылығы болса, арнаның ішкі жағдайын тағы бір реттеп алғаны жөн.
Индира Қуат