Қайырханның қолында қайран бар ма, Қарашоқы жүргенде қара мұртты

/uploads/thumbnail/20170709035540224_small.jpg

Астана күніне орай Елордада өткен "Бағаналы ордам-Басты ордам" атты айтыста Болатбек Оразбаевтың Айбек Қалиевпен айтысында айтқан бір қайырымы еді. Үзіндісін ұсынамыз.

Қараша үйде шаншыған қара уықты,

Данышпандар тудырған дала құтты.

Алаш-Алаш, Алаша-Хан болғалы,

Тарихтан талай тармақ таралыпты.

Соның бірі бір кезде Отырарда,

Ел ішін дау, ел шетін жау алыпты.

Шыңғыс хан әскерімен шабуылдап,

Халыққа төндіріпті қара бұлтты.

Екі жүз мың әскермен алты ай бойы,

Ала алмай жан берісіп, жан алыпты.

Қаптаған қалың қолға қарсы тұрып,

Қайырхан көрсетіпті даналықты.

Ел ішінен бір сатқын есікті ашып,

Жау әскері жебедей қадалыпты.

Шегірткедей қаптаған қалың қолға,

Қараша ел қырғауылдай таланыпты.

Қаншама кітапхана отқа оранып,

Қазынасы халқымның тоналыпты.

Осындай сатқындардың кесірінен,

Отырар жер бетінен жоғалыпты.

Содан бері сан ғасыр сырғып өтіп,

Зымырған замана жаңарыпты.

Шапқыннан есен қалып ес жиғанда,

Естідік жер туралы жаңалықты.

Сатқындар әлі де бар ел ішінде,

Қазақпын деп былғанған аралықты.

Сондықтан сауысқандай сақ болмасақ ,

Сан соқтырып кетпекші тәмам ұлтты

Қайырханның қолында қайран бар ма?

Қарашоқы жүргенде қара мұртты.

Болатбек Оразбаев

Қатысты Мақалалар