САЛАФИТТЕРДІ СЕРГЕЛДЕҢНЕН КІМ ҚҰТҚАРАДЫ?

/uploads/thumbnail/20170709045249721_small.jpg

Ақтөбеде теракт жасағандардың тергеуі жалғасуда. Осыған дейін қолға түскендерді қамауда ұстау мерзімі ұзартылды. Демек, тергеу әзір аяқтала қоюы екіталай.

Кез-келген қанды қылмыс терең зерттеліп, күдіктілерге қатысты дәлел, дәйектер молынан жиналуы керек. Ол – тергеудің, жедел-іздестіру қызметін жүргізудің басты қағидасы. Ақтөбелік лаңкестер ісінің бізге беймәлім бұдан басқа да себептері болуы мүмкін. Мәселен, қанды оқиғадан соң құзырлы органдар лаңкестердің Сирияда соғысып жатқан ДАИШ (ҚР аумағында қызметіне заңмен тыйым салынған ұйым – ред.) көсемдерінің бірі Әднәнидің ғаламтор арқылы жолдаған үндеуін тыңдап, содан кейін теракт жасау туралы шешімге келгендерін айтып қалды. Тіпті, ол үндеуді кімдер, қай уақытта, қай жерде тыңдағанына дейін түгел хабарланды. Тергеу тобы сол үндеуді жолдаған сириялық шейхтың өзін тұтқындауға оқталмаса да, ортада «делдалдық» көрсеткен, шетелдік содырлармен байланысы бар басқа да азаматтар болуы мүмкін деп күдіктенетін сияқты. Әйтпесе, әлгі терроршылардың арабша тұрыпты, қазақ, орыс тілдерін жетік білетініне күмән көп. Шынымен де, Шамнан жеткен үндеуді ақтөбелік салафиттерге «тәпсірлеп» берген біреу болуы мүмкін ғой.

18 шілде күні Алматыда қанды қырғын ұйымдастырған Р. Күлікбаевтің салафиттермен байланысы бары анықталып, оның әрекетін Президенттен бастап, ҰҚК басшысына дейін «теракт» деп бағалағанымен, әзір бұл оқиғаға нақты бір баға беруге ерте сияқты. Дұрысы, тергеу органдары ондай қадамға асықпайтындай көрінеді. Полицейлер әзірге «Р. Күлікбаевтің бізде кеткен кегі бар екен. Өш алу үшін шабуыл жасапты» деуден танбай отыр. Кімнің полицияда кеткен кегі барын сол полицейлердің өзінен артық кім білуі мүмкін...

Бірақ, бұл арнайы органдар бұған дейін жасаған мәлімдемелерінен айниды, райынан қайтады дегенді білдірмесе керек. «Батыстағы теракті - салафиттердің ісі» деген сөзді Елбасы бекер айтпады. Құқыққорғау органдары, сарапшы мамандардың зерттеу қорытындыларына сүйеніп айтты. Сондықтан да, бірқатар ұйымдарға тиісті тапсырмалар берді. Мәдениет және спорт министрлігінің құрамындағы Дін істері комитеті осы салаға қатысты заңдарға лаңкестіктің алдын алу, теріс ағымдардың жолын кесуге бағытталған өзгерістер әзірлеуде. Терроризмге қарсы іс-шараларға жалпы басшылық жасау ҰҚК-ге жүктелді. Ежелден үнсіз орган қазір де сөзге сараң. Балқаш қаласы мен оның іргесінде терактіге дайындалғандарды тұтқындағаны туралы бес күн өткізіп бір-ақ хабарлағаны соған дәлел.

2006-2011 жылдар аралығында елде біраз лаңкестік әрекет жоспарлағандар тұтқындалып, түрмеге қамалды. Арнайы органдар ауыр қылмыстың алдын алып, жедел шара қолданғандықтан ба ол кезде қылмыскерлер туралы қоғамда бәлендей шу болмады. Діни ағымдарға қатысты өткен сот-тергеу шаралары туралы әңгіме қозғалғанда тіл ұшына «зікіршілер» деп аталған топқа қатысты іс оралады. Бұл жолғы салафиттерге қатысты тергеу де солай аяқталуы мүмкін. Өйткені, алдыңғы Степногорск, Астана, Ақтөбе, Атырау сынды қалаларда ұсталған экстремист, терроршылар негізінен жасаған нақты қылмыстары үшін емес, «терактіге дайындық» сатысында құрықталған еді. Ал, «зікіршілер» көсемі, топ құрамында болғандар болса, «адамды күштеп ұстау», «дінаралық араздықты қоздыру» сынды баптар бойынша нақты бір заңға қайшы әрекеттер жасады деп айыпталды. Әскери бөлімге шабуыл, тонау, кісі өлтіру сынды бірнеше бап бұл жолы да елдегі біраздан бері күрделеніп кеткен діни ахуалды оңалтып, ел ішін жат ағымдар мен теріс пиғылды идеологтардан «аластауға» жетіп артылады. Содан болар ақпарат кеңістігінде қоғамдық пікір туғызу мақсатында болса керек, салафизм-уаххабизм идеясына, олардың негізгі ұстанымдары мен көсемдеріне үздіксіз шабуыл жүруде. Бұл өз кезегінде аталған ағым ұстанушылары мен терроршыларға қатысты ақырғы шешімді қоғамның қалыпты қабылдауына ықпал етуі тиіс.

«Зікіршілермен» паралель жүргізгенде елдегі салафия ағымы өкілдерінің оларға ұқсамайтын тұстары да байқалады. Мәселен, Қазақстанда мынау салафилік ұйым деп қолмен көрсететін бағыт-бағдары айқын ешқандай бірлестік жоқ. Ал, салафит екенін жасырмай ашық айтатын, діни басқарманың ресми ұстанымын сынап жүрген жекелеген азаматтар құрыққа ілініп, қуғын көрсе, олардың жағдайы да жоғарыда аталған «зікіршілердікіне» ұқсамауы мүмкін. Олай дейтініміз "зікіршілер ісінде" сот шешімі шыққанға дейін, тіпті, үкімнен кейін де темір торға қамалғандарға араша түскендер болды. Мекемтас Мырзахметов, Асқар Жұмаділдаев сынды академиктер, Шерхан Мұртаза, Дидахмет Әшімхан сынды жазушылар, Светқали Нұржан, Әселхан Қалыбекова сынды ақындар қуғындалған «зікіршілер» ісіне араласуды сұрап Елбасыға дейін хат жазды. Осындай қолдау мен қорғауға заңмен тыйым салынғалы жатқан салафизм ағымының елдегі жетекшілері мен ұстанушылары ие бола ала ма? Біреулер бұл ағымды қолдайтын интеллигенция, спорт, өнер адамдары баршылық екенін айтады. Алайда, биік мінберлерден салафизмге қатысты қатаң айыптаулар айтылып жатқанда олардың үнсіздік танытып отырғаны қалай? Ең болмаса, осы уақытқа дейін ел «салт-дәстүрімізге қарсы, теріс ағым жетегінде кетті» деген айып тағып жүрген кейбір айтыс ақындарының «Әу» дейтін жөні бар еді ғой. Әлде олар сөздерін құр шығындағылары келмей, ұрымтал сәтті күтіп отыр ма? Ол жағы әзірге уақыт еншісінде және соңғы терактілерге қатысты құзырлы органдар шығаратын қорытындыға ғана байланысты сияқты.

Жомарт Абдоллаұлы   

Қатысты Мақалалар