Биылғы жылдан бастап Тұрғысын ауылдық округінде балық шаруашылығы қолға алынып, бөгетке 2 мыңға жуық сазан мен ақ амур шабақтары жіберілді. Келер жылы бөгеттің маңына жаңа демалыс базасы салынып, келуші туристер демалып қана қоймай, спорттық балық аулаумен айналыса алады.
Спорттық балық аулау мен туризмді үйлестіруді жоспарлап отырған шаруашылық қожайыны Онежа Бурмышеваның айтуынша, Күршім ауданынан сатып алынған шабақтар бөгеттің суына бірден бейімделген.
– Келер жылы осы жерге туристерге арналған үйлер салып, маңайды абаттандыруды жоспарлап отырмын. Келуші туристер таза ауада сергіп қана қоймай, ақылы түрде балық аулап, уақыттарын қызықты өзкізе алады, – деді шаруашылық қожайыны Онежа Бурмышева.
Қазірдің өзінде Зырян ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып, тағы үш бөгетте балықтар өсірілуде. Тек одан шыққан балықтар балық өңдеуші цехке жіберіліп отырады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде мәлім еткендей, алдағы уақытта тағы бірнеше бөгетке балық жіберіліп, өнім көлемі ұлғайтылып, Зырян ауданы өзін-өзі балық өнімдерімен қамтамасыз етпек.